ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІКТЕРДІҢ ҚАТАРЫ КӨБЕЙДІ

Облыс орталығы болып танылғанына жылдан аса уақыт өтсе де Түркістан қаласында әлі де шешімін күтіп отырған мәселелер жеткілікті. Соның бірі жолаушылар тасымалы яғни, қоғамдық көлік мәселесі. Естеріңізде болса ағымдағы жылдың қыркүйек айында лық толған жолаушылармен жүріп бара жатқан қаладағы №6 бағыттағы шағын автобустың суреті желіге тез таралған болатын. Бұл суретте көзге түскен жәйт салонына адамдар әрең сыйысып тұрған газель терезесіне баланың беті жабысып тұрғаны еді. Осыған байланысты желіде түрлі пікірлер жазылды. Бірі мұны сапасыз қызмет көрсету деп таныса, енді бірі қоғамдық көліктердің жетіпеушілі деп түйді. Сәл күннен соң Түркістан қаласының әкімі Рашид Аюпов қоғамдық көліктердің жетіспеушілігімен байланыстырды. Және алдағы уақытта осындай олқылықтар орын алмас үшін қалаға жаңа автобустар легін жеткізу қолға алынатынын мәлімдеді.
Осыған байланысты таяуда Түркістан қаласындағы қоғамдық көліктердің қатары 5 су жаңа автобуспен толықты. «Ютонг» маркалы автобустарда кондиционер, электрондық табло, жарнамалық монитор және камералардың болуы жолға қойылған. Техникаларды қалада жолаушылар тасымалымен айналысатын бірден бір компания «Жолаушы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі сатып алды. аталған серіктестік ағымдағы жылдың 9 айындағы дәл осы «Ютонг» маркалы 21 жаңа автобус алынған болатын. Жалпы бұл серіктестік қалада 21 көлік бағыттары бойынша халыққа қызмет көрсетеді. Қалада жолаушыларды тасымалдау үшін күнделікті 270 қоғамдық көлік пен шағын автобустар жолға шығады. Техникалардың 15 пайызы серіктестікке тиесілі болса, қалған 85 пайызы келісім шарт негізінде қызмет көрсетуші жеке азаматтардың автокөліктері болып табылады.
Жергілікті билік халыққа сапалы қызмет көрсету үшін қоғамдқ көліктерді жаңарту жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын табатынын мәлімдеуде. Бұл үшін жыл аяғына дейін «Жолаушы» ЖШС «Түркістан» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясымен бірге Қазақстанда жасалған «Сарыарқа АвтоПром» автозауыт базасынан су жаңа 36 автобусты сатып алуды жоспарлауда.

С. НҰРАЙ.