Үндістанда біржолғы ыдыстарды тұтынуға тыйым салынды

Үндістанда ағымдағы жылдың қазан айынан бастап пластикалық ыдыстарды қолдануға жалпыхалықтық тыйым салынды. Бір реттік қолданылатын ыдыстардан мүлдем бас тартуды бір тарап қолдап жатса, бірқатар азаматтар биліктің бұл бастамасын құп көрмей отыр. Яғни, пластикалық ыдыстар мен полиэтилен пакеттерді өндірушілер үшін мұндай шешімнің қабылдануы қуанарлық жағдай болып отырған жоқ. Себебі, қоршаған ортаны қорғау мақсатындағы бұл шара олардың негізгі табыс көзі болып саналатын бизнестерінің тоқтауына әкеп соқтырары анық.
Елдің Премьер-Министрі Нарендра Моди халыққа қарата айтылған кезекті бір сөзінде қоршаған ортаны осындай керексіз қалдықтардан біржола арылту үшін жүйелі түрде сенбілікке шығуға шақыруда.

Бірақ, Үндістан қалаларындағы көшелерді көзге қораш көрінетін біржолғы пластикалық стақандар, түтікшелер мен пакеттерден тазарту жуық арада түгесілетін жұмыс емес. Және ондай мақсатқа жету жолында Үндістанды оңай жол күтіп тұрған жоқ. Өйткені, елде қалдықтарды сұрыптау мен қайта өңдеу өнеркәсібі жүйесі жоқтың қасы. Дей тұрғанмен Үндістан билігі 2022 жылға дейін пластикалық ыдыстардан біржола құтылуды жоспарлап отыр.
Үндістан халқының саны жағынан әлемде екінші орында. Осы деректен-ақ онда тұтынылған пластикалық ыдыстарда есеп жоқ екенін болжау қиын емес.

С. НҰРАЙ.