Сыбайлас жемқорлық жайлаған мекемелер анықталды

Елімізде сыбайлас жемқорлық белең алып тұрған мекемелер тізімі түзілді. Алғашқы бестікке мемлекет меншігіндегі ауруханалар, емханалар, балабақшалар, оқу орындары, полиция мекемесі мен жер қатынастары басқармасы жайғасқан.
Бұл Transparency Kazakhstan сарапшылары жүргізген арнайы мониторингте анықталды. Сауалнамада азаматтардан пара берудің себептері де сұралған. Нәтижесінде респонденттердің 13,3 % пара беруге ықпал еткен жағдайды емделу үшін білікті маманның қабылдауында болу деп көрсетсе, 8,6%-жұмысқа орналасу, 7,2-% жер телімін алу, 6,5%-баланы балабақшаға орналастыру үшін электронды кезекке ендіру, 5,3%-жол жүру ережесін бұзғаны үшін жауапкершіліктен сытылу және т.б 70-тен астам себептерді атап көрсеткен.
Сауалнаманы жүргізген мамандар азаматтардың мәселелерді формальды емес жолмен шешуі республикамыздың Жамбыл, Атырау, Алматы, Маңғыстау, Қарағанды, Қызылорда облыстары мен Алматы қаласында жиі кездесетініне көз жеткізген. Сондай-ақ олар, сауалнамаға қатысқан әрбір оныншы азаматтың өз ісін пара беру арқылы шешкені де анықтаған. Өз кезегінде азаматтар пара беруге келісуінің 50-ден астам себебін атап өткен. Олардың ішінде «жұмыс процесін жеңілдету үшін», «өзге амал қалмағандықтан», «осылай ыңғайлы әрі арзан», «артық проблема жоқ», «дәрігердің қабылдауында болып ем алу үшін» және «сапалы қызмет түріне қол жеткізу үшін» деген жауаптар көп кездескен.
Сарапшылар кәсіпкерлердің де пікірі бойынша тиісті мониторинг жасаған. Бизнес өкілдері еліміздегі Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларын жемқорлық жайлаған өңірлер деп есептейді екен. Ондағы мәліметке сүйенсек, кәсіпкерлер салық органы, жер қатынастары басқармалары, аудандық әкімдіктерде, полицияда, өртке қарсы қызмет пен кеден бақылау мекемесінде сыбайлас жемқорлық жағдайларымен бетпе бет келетін көрінеді.
Transparency Kazakhstan сарапшылары «Қазақстандағы сыбайлас жемқорлық жай-күйінің мониторингі» атты зерттеу жұмыстарын БҰҰ Даму бағдарламасының қаржылық қолдауының арқасында іске асырған.
Бұл сауалнамаға барлығы 9000 респондент қатысқан.

Ә. АЙТЖАРИ.