Өндірістегі жазатайым жағдайлардан 100-ге жуық адам жан тәсілім болған
Еліміздегі кәсіпорындарда жұмысшылардың жазатайым жағдайға тап болуына көбіне көп жұмыс өндірісін тиісті деңгейде ұйымдастырмау, еңбек тәсілдерін меңгермеу, қауіпсіздік пен еңбекті қорғау ережелерін сақтамау басты себеп болып тұр.
Ағымдағы жылдың қаңтар-тамыз айларында республикамыздағы кәсіпорындарда жоғарыдағыдай факторлардың салдарынан 757 жазатайым оқиға тіркелген. Нәтижесінде 848 адам зардап шегіп, 95 адам қаза тапқан. Өлім-жітім жағдайларының саны жағынан Павлодар облысы алдыңғы шепте екен.
Бұл туралы еліміздің Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі таратқан ресми мәліметте мәлімделген.
Ведомства таратқан деректе биылғы 1-қыркүйектегі жағдай бойынша кәсіпорындардағы жазатайым оқиғалар саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13 пайызға төмендегені көрсетілген.
Бірақ есепті кезеңде өндірістегі өкінішті жағдайлар Жамбыл, Ақтөбе, Ақмола облыстарында өскен. Арнайы жүргізілген мониторинг кезінде келеңсіз жағдайлардың көрініс табуы тау-кен металлургия мен құрылыс саласында көп байқалатыны анықталған. Жазатайым оқиғалар жиі кездесетін кәсіпорындар тізімі де көрсетілген. Олардың қатарында Қарағанды облысындағы «АрселорМиттал Теміртау» АҚ, «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС, Шығыс Қазақстан облысындағы «Казцинк», «Шығыстүстімет» ЖШС-тері, Павлодар облысындағы «Екібастұз ГРЭС-1» ЖШС мен «Алюминий Казахстана» АҚ және т.б. болып табылады.
Ә. АЙТЖАРИ.