Білім министрі сталин сынды оқулықтарды өзі тексеруі керек

Осы аптада Қырғыз Республикасының жаңадан тағайындалған Білім және ғылым министрі Қаныбек Исаевқа сол елдің Парламент депутаты Ақылбек Жапаров осындай пікір білдірді.
Депутат Ақылбек Жапаров су жаңа министр Қаныбек Исаевтың алдағы қызметіне сәйкес нақты ұсыныстарын ашық айтты. Өз кезегінде ол:
– Кезінде Сталин әрбір мектеп оқулығымен алғаш өзі танысып алатын. Қазіргі Білім министрі осыны үлгі етуі керек. Ел басқарған азамат осы мәселеге мән берген. Бұл министрдің де кітап оқуға уақыты жеткілікті екенін аңғартады. Финляндия елінде оқу жүктемесінің көлемі бастауыш сыныптарда барлығы 644 сағатты құрайды. Ал бізде әлдеқайда көп. 850 сағат. Одан білім сапасының артып жатқаны байқалмайды. Артта қалып келеміз. Осы мәселеге назар аудару қажет,-деді.
Сонымен қатар ол, педагог біліктілігінің мәртебесін көтеруді университет қабырғасынан бастау қажеттігін айта келе, «Мұғалімдердің жалақысын көтеріп қана қоймай, студенттердің де шәкіртақысын көбейту қажет» деген ойды ортаға салды.

С. НҰРАЙ.