ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАР ҚАНДАЙ МЕМЛЕКЕТТЕН ЖЫЛЖЫМАЙТЫН МҮЛІКТІ ЖИІ АЛАДЫ?
Қазақстандықтардың қандай шет мемлекетте тұрғын үй сатып алу келісім шартын көп түзетіні белгілі болды. Мамандар жіпке тізіп жеткізіп берген қалалардың алғашқы үштігінде Түркия, Солтүстік Кипр, Испания елдері тұр. Сонымен қатар, қазақстандықтардың Болгария, Германия, АҚШ, Чехия сынды мемлекеттерде де жылжымайтын мүлік алуы жиі тіркелетіні мәлім болды. Біріккен Араб Әмірліктері, Италия, Канада, Тайланд сынды елдерде де қазақстандықтардың пәтер алуы көп байқалатыны да анықталды.
Бұл туралы Шетелдік жылжымайтын мүлікке арналған инвестициялар жөніндегі конференцияда айтылды. Жиында журналистерге Риэлторлар Қауымдастығының президенті Лариса Степаненко қазақстандықтардың өзге елден үй алуының себебін олардың өмір сүру сапасын жақсартуға ұмтылуымен, ұл-қыздарының еш кедергісіз білім алуына жағдай туғызумен, өзге елдің нарығына инвестиция жасаумен байланыстырды.
Бұдан бөлек ол, шетелден үй алуды жоспарлаған қазақстандықтар үшін жергілікті жердегі риэлтор мамандардың заманауи талаптарға сай қызмет көрсетуін жолға қою күн тәртібіне шығып тұрған мәселе екенін айтып, бұл бағытта бірқатар жұмыстардың қолға алынғанын хабарлады. Оның сөзінше біздің елде риэлтор мамандарды халықаралық стандарттарға сай дайындау үшін техникалық комитет құрылған. Қазіргі таңда ұлттық стандарттар жасалып жатыр. Ондағы ережелер тәжірибеге енгізілсе, нарықтағы мамандарға оларды меңгеру міндеттеледі. Осыған орай, сала мамандары азаматтарға шетелден пәтер сатып алып қою ісіне араласып қана қоймай, оларға риэлторлардың да қызметін ұсынуға бел буып отыр.
С. НҰРАЙ.