ОТАНДЫҚ ӨНІМНІҢ САПАСЫ ОҢ БАҒАЛАНДЫ

Шымкентке мәжіліс депутаты, ауған соғысының ардагері «Мен көрген соғыс», «Қан кешкен күндер», «Намыстың құлы — Алаштың ұлы», «Қаһарман» сынды жастарымыздың жігерін жандырып, оларды ерлікке баулитын бірнеше патриоттық кітаптардың авторы Бақытбек Смағұл келді.
Жұмыс сапарымен жүрген депутат «Тассай» индустриалды аймағында орналасқан энергетикалық сусындар мен шырындар шығаратын «Болашақ 7» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысымен танысты. Өз кезегінде жаңа өндіріс орны «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде ағымдағы жылдың ақпан айында іске қосылған. Өзіндік құны 1 млрд. теңгені құрайтын кәсіпорын заманауи қондырғылармен жабдықталған.
Стратегиялық маңызы зор нысанның директоры Ерлан Омаров зауытта шығарылатын өнімдер шикізатының 80 пайызы өз елімізден екенін айта келе, «Өнімдерімізге сұраныс бар. Серіктестікте 80-нен астам адам отбасылық ырыздығын табады. Олардың ай сайынғы алатын еңбекақысы 140-160 мың теңге аралығында. Бұдан бөлек өнімді жан-жаққа тарату үшін қосымша 50 жұмысшыны да жұмыспен қамтып отырған жағдайымыз бар»,- деді.
Сусындардың түрлі ассортиментінен дәм татып көрген мәжіліс депутаты зауыт өнімінің сапасына жоғары баға берді. Тауар белгісінің де көңілінен шыққанын атап өтті. Сондай-ақ ол:
– Темір құтыдағы сусындарды шығаратын еліміздегі бірден-бір өндіріс орнының зор қарқынмен жұмыс істеп жатқаны мені қуантады. Зауыт өнімдері тек ішкі емес, шетелдік нарықта да сұранысқа ие. Мұндай нәтиже тек табан ет, маңдай термен келетіні анық,-деп, серіктестік жұмысына сәттілік тіледі.
Халық қалаулысы кәсіпорынның жетістігін ғана емес, жетпей жатқан тұстарымен де танысты. Қазіргі таңда өндіріс орнының өнімдері шетелге, көршілес Өзбекстан еліне экспортталады. Ол жерде отандық өнімімізге қойылатын салық мөлшері қымбат. Ал, біздің елге кіріп жатқан импорт тауарлардың салығы әлдеқайда аз.
Мұны қаперіне алған Бақытбек Смағұл өздерінің іс-қабілеті бар, еліміздің дамуына сүбелі үлес қосып отырған кәсіпорындардың, мекемелердың бизнес адмының ашылуына ықпал жасау депутаттардың басты міндеті екенін, сондықтан да алдағы уақытта Парламентте «Nur Otan» партияcымен бірге салық мәселесін шешуге ықпал ететінін мәлімдеді.

М. ӘБДІРАЙЫМ.