МҮМКІНДІГІ ШЕКТЕУЛІ ЖАНДАРДЫҢ МӘСЕЛЕСІ НАЗАРДАН ТЫС ҚАЛМАЙДЫ
Мүмкіндігі шектеулі жандардың игілігі үшін жасалған жағдайлар қоғамның даму деңгейін анықтайтын басты тетік. Осы бағытта еліміздегі жетекші саяси ұйым «Nur Otan» партиясы «Кедергісіз келешек» жобасын қолға алған. Аталған жоба аясында «Nur Otan» партиясы мүмкіндігі шектеулі азаматтардың негізгі мәселелерін сараптап, оларға жан-жақты қолдау көрсетуді жүзеге асырады.
«Кедергісіз келешек» жобасы аясында «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалында қоғамдық қабылдау болды. Онда келіп түскен өтініштер негізінде алдын ала шақыртылған тиісті сала мамандары да қатысты. «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалы төрағасының орынбасары Бауыржан Қуанышбековтың төрағалық етуімен өткен қабылдауға денсаулығына байланысты ерекше күтімді қажет ететін 20-ға жуық тұрғынның проблемасын шешу жолдары қарастырылды. Солардың бірі алпыс жасты алқымдаған А. Мұратбаева. Ол ағзасына жасалған отадан соң денсаулығы сыр беріп, ІІ-топтағы мүгедек болған. Сырқатына байланысты бірнеше рет химиялық ем алған. Алайда дәрігерлер оған мүмкіндігі шектеулі екенін растайтын құжатты мерзімсіз етіп шығарып беруге құлық танытпайтынын қынжылыспен жеткізген ол ақ халаттылардың өзін бұлайша сабылтуының сыры сыйақы дәмету деп түсінетінін де жасырмады.
Өз кезегінде Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің өкілі мұндай құжатты алу үшін ешқандай қаржы қажет еместігін, бұл тегін жүзеге асырылатынын, тек тиісті тексерулерден өту қажеттігін қадап айтты.
Қоғамдық қабылдау кезінде партия өкілі мен сала мамандары азаматтарға әлеуметтік, денсаулық салалары бойынша қабылданған бағдарламалар мен қолға алынған жобалардың мүмкіндіктері жөнінде мәлімет берді.
М. ӘБДІРАЙЫМ.