МӘРТӨБЕ – ОРНЫ БӨЛЕК, ТАРИХИ МЕКЕН
Конституция күніне орай Шымкент қалалық сотында «Қазақ дала парламентінің түп қазығы – Мәртөбе» атты конференция болып өтті. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында ұйымдастырылған шарада қазақ дала парламентінің түп қазығы – Мәртөбе мекенінің тарихтағы орны тағы бір екшелді. Тау тұлғалы Тәуке ханның «Жеті жарғысына» мөр басылған мерейлі Мәртөбенің тарихына шолу жасалды.
Мазмұны зор шараға заңгерлер, қоғам қайраткерлері мен ғалымдар қатысты. Жиында мемлекет және қоғам қайраткері, Шалатай Мырзахметов баяндама жасады. Ол өз баяндамасында қазақ жеріндегі әділ билердің сарабдал саясатына тоқталды.
Қандай жағдай болмасын тек әділдікті алға шығаруды ұран етіп, қара қылды қақ жарар қазақ билері төңірегінде тағылымды әңгімелер айтылған басқосуда «Қасым ханның қасқа жолы», Есім ханның «Ескі жолы», Тәуке ханның «Жеті жарғысының» лайықты жалғасы, Атазаңымызды құрметтеу мәселесі де сөз етілді.
С. НҰРАЙ.