МЕКТЕПТЕРДЕГІ МЕДИАЦИЯ КАБИНЕТІ – КЕЛЕШЕК ҰРПАҚТЫ КЕЛЕҢСІЗДІККЕ ҰРЫНДЫРМАЙДЫ

Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының Төрағасы Жақып Асанов 2018 жылдың қарашасында республикалық басылымның біріне берген сұхбаты кезінде «Дауды шешудің ең тиімді əдісі – татуласу. Бірақ, соттарда істер саны еселеп өсуде. 2016 жылы судьялар 1,7 млн., 2017 жылы – 2,7 млн. іс пен материал қараса, 2018 жылы 3,8 млн. іс пен материал қаралады деген болжам бар.
Адам басына шаққанда əрбір бесінші азаматтың дау шеңберіне тартылып отырғанын аңғаруға болады. Бұл жөнінде Елбасымыз өзінің Жолдауында нақты атап көрсетті. Жалпы, дамыған елдерде даудың 80-90 пайызы бітіммен аяқталады. Ұлыбритания, Канада, т.б. елдерде дау көбінесе медиация тəртібімен шешіледі. Тек бітіммен шешуге келмейтін, күрделі даулар ғана сотта қаралады. Сотқа жүгіну өте қымбат. Сол себепті тараптардың көбі алдымен сотқа емес, медиаторға жүгінеді. Бізде жағдай өзгеше. Дауды сотсыз шешу əдісінің артықшылығы бола тұра, ол тəсіл аз қолданылады, тіпті сот тəжірибесінде 2-3%-ға да жетпейді» деген болатын.
Тараптардың бітімге келуі қоғам дамуы үшін зор серпін беретіні әлі күнге дейін айтылып келеді. Осы мақсатта Шымкентте талай тың тірліктер қолға алынуда. Мәселен, Қазақстан халқы Ассамблеясының «Мектеп медиациясы» жобасы аясында Шымкенттегі үш мектепте медиация кабинеттері ашылған. Алдағы оқу жылынан бастап дәл мұндай кабинеттер қаладағы барлық білім ұяларында құрылатын болады. Мақсат – өскелең ұрпақ арасындағы өзара келіспеушілік, әлімжеттілік сынды келеңсіздіктерді алдын алу арқылы, жасөспірімдердің қатысуымен орын алатын қылмыстарды болдырмау болып табылады.
Бұл туралы Қазақстан халқы Ассамблеясының Шымкент қаласындағы филиалының ұйымдастыруымен «Медиация – қоғамдық келісімнің озық үлгісі» атты дөңгелек үстел мәжілісінде айтылды.
Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Мұратәлі Қалмұратов жүргізген бұл жиынға судялар, заңгерлер, кәсіподақтар орталығының жетекшілері, аудан әкімдіктерінің медиация саласына жауапты мамандары, кәсіби және қоғамдық медиаторлар қатысты.
Жиында Қазақстан халқы Ассамблеясының Шымкент қаласындағы филиалының медиаторлар желісін дамыту аясында атқарып жатқан жұмыстарына шолу жасалып, алдағы күнге жоспарлар түзілді.
Жалпы жыл басынан бері Қазақстан халқы Ассамблеясының Шымкент қаласындағы филиалы бітімгершілікті дамыту мақсатында өңірдегі бірқатар құрылымдармен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған. «Мектеп медиациясы» жобасы қолға алынып, 157 педагог-психолог маман медиация курсынан өткен. Кәсіби емес 51 медиатордың біліктілігін арттыру үшін бірнеше рет оқу-семинарлары ұйымдастырылған. Медиация кабинеттері мен қаладағы медиаторлардың ықпалымен жыл басынан бері 150-ге жуық дау дамайсыз аяқталып, тараптардың ортақ келісімге келуіне қол жеткізілген.
Осы және өзге де жетістіктер сараланған дөңгелек үстелде Мұратәлі Қалмұратов алдағы уақытта «Жас медиаторлар клубы» мен «Бизнес-медиатор» жобаларын іске асыру қажеттігін атап өтті.
М. ӘБДІРАЙЫМ.