ТЕХНИКАНЫҢ ТАЛАПҚА САЙ БОЛУЫ – ҚАУІПСІЗДІКТІҢ БАСТЫ КІЛТІ

Өрт тілсіз жау. Айналаны тез шарпып, әп-сәтте аласапыран тударатын қызыл жалынды ауыздықтау оңай шаруа емес. Бұл ретте өрт сөндірушілердің ептілігі көп мәнге ие екені анық. Бірақ өртке қарсы күрес мекемелерінің де материалдық- техникалық жабдықтарының заман ағымына сай жарақталуы зор рөл ойнайды.
Ағымдағы жылдың 7-маусымында Шымкенттегі Жібек жолы даңғылының бойында орналасқан газ қоймасындағы газ цистернасының жарылуы сол сөзімізге дәлел. Сол кезде өрт сөндіру қызметкерлері өртті бір жарым сағатта сөндіріп үлгерген. Төтенше жағдайға барлығы 21 арнайы техника мен жеке құрамның 90 қызметкері жұмылдырылған еді.
Өмір болған соң мұндай өкінішті жағдайлардың орын алатыны белгілі. Десе де солай болады екен деп қарап отыруға тағы болмайды. Онымен тиісті күрес жүргізіп, қандай да бір қауіпті алдын алу үшін барлық әрекетті қарастырған артықтық етпейді. Бұл ретте өрт сөндіру техникаларының талапқа сай болмағы ләзім.
Дәл осындай мақсатта Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов Беларусь Республикасының бетке ұстар компаниясы «Пожснаб» жауапкершілігі шектеулі қоғамының өкілдерін қабылдады. Өз кезегінде беларустық мамандар қала әкімінің назарына заманауи өрт сөндіру техникаларын, олардың арнайы жабдықтарын ұсынды. Олардың атқарар қызметі мен техникалық сипаттамасын түсіндірді.
Қала әкімі Ерлан Қуанышұлы:
– Шымкент халқы күн санап көбеюде. Қаланың да ажары ашылып жатыр. Зәулім ғимараттар, аспанмен таласқан биік үйлер бой көтеруде. Апат айтып келмейді. «Жаман айтпай – жақсы болмайды». Ал егер осындай көпқабатты үйлерде өрт орын алса, онда қауіпсіздікті сақтап, тілсіз жауды ауыздықтау оңай шаруа болмайды. Сондықтан да өрт сөндірушілер заман талабына сай құрастырылған техникалармен қамтылуы керек. От осалдықты көтермейді. Қандай да бір мезгілді немесе уақытты таңдап жатпайды. Кез келген сәтте лап беруі мүмкін, — деп, сапалы техника қауіпсіздіктің басты кілті екенін баса атап өтті.
Қазіргі таңда Шымкенттегі қалалық төтенше жағдайлар департаментіне қарасты өрт сөндіру бөлімшелерінде 75 бірлік техника болса, оның 13 бірлігі 20 жылдан астам уақыттан бері пайдаланылып келеді.

С. НҰРАЙ.