ЕРЛАН АЙТАХАНОВ – ШЫМКЕНТТІҢ МЕГАПОЛИС БОЛЫП ТАНЫЛҒАННАН БЕРГІ ҮШІНШІ ӘКІМІ

Президент Ерлан Айтахановқа қала тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту туралы пәрмен берді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Түркістан облысы, Отырар ауданын 3 жыл 6 ай басқарған Ерлан Айтаханов Шымкент қаласының әкімі қызметінен босатылған Ғабидолла Әбдірахымовтың орнын алмастырды. Ерлан Қуанышұлы облыстан бөлініп, дербес қала атанған Шымкенттің мегаполис болып танылғаннан бергі 3-ші әкімі болды.

Ерлан Айтаханов 1971 жылы дүниеге келген. Түркістан облысының тумасы. Экономист, заңгер мамандықтары бойынша жоғары білім алған. Экономика ғылымдарының кандидаты атағы берілген. Еңбек жолын 1994 жылы «Alem Bank Kazakstan» кредит беру департаментінің экономисі болып бастаған. Бірнеше қаржы ұйымдарында абыройлы жұмыс істеген ол біраз уақыт «Қазақстан темір жолы» РМК-да түрлі лауазымдар бойынша қызмет еткен. Әр жылдары Қазақстан Республикасы көлік және коммуникация министрлігі қаржылық реттеу департаменті директорының орынбасары, Қазақстан Республикасы табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау агенттігі төрағасының кеңесшісі, Алматы қаласы тарифтер жөніндегі басқармасының бастығы, табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау департаментінің директоры, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Ақмола облысы бойынша қаржы бақылау инспекциясының бастығы, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары, Қазақстан Республикасы Президенті әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы қызметтерін атқарған.
2014 жылдан бастап сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары, одан соң Отырар ауданының әкімі болып еңбек еткен.
Қаржы саласының «жілігін шағып, майын ішкен» маман Отырарға әкім болған үш жарым жыл ішінде ауданның әлеуметтік экономикалық дамуына оң серпін бере алған. Яғни, соңғы үш жылда аудандағы бюджеттің бүйірі ұлғайған, тартылған инвестиция көлемі де көбейген. Индустриялық аймақ ашылып, онда кәсіпорындардың жұмыс істеуі жолға қойылған. Ерлан Қуанышұлының бас-көз болуымен білім саласында да оң өзгеріс байқалған. Инфрақұрылымды дамыту бойынша да жақсы нәтиже көрсеткен. Жалпы ол Отырар ауданын басқарған жылдарында барлық салаларға оң өзгеріс енгізе алып, оңай шағылатын маман емес екенін дәлелдеген.
Ал әзірге Ерлан Айтахановтың Шымкентке қандай серпін беретінін айту әлі ерте. Бірақ қызметіне кіріскен алғашқы күннен бастап ол орталықтан шалғай жатқан шағын аудандардағы инфрақұрылым мәселелерін шешуге назар аударып, бюджеттегі қаржы нақты осы бағытқа жұмсалатынын баса айтуда.
Күні кеше ол мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болды. Өз кезегінде президент Ерлан Қуанышұлының Түркістан облысынан қалаға қосылған елді мекендерге жол салу, газ тарту, жарық және ауыз сумен қамту бойынша жоспарымен танысты. Сондай-ақ ол, қала әкіміне тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру бойынша нақты тапсырма берді.
Ерлан Айтахановтың бұл талаптың үдесінен қалай шығатыны келер күннің еншісінде.

М. Әбдірайым.