ЖЕТІСАЙДА10 МЫҢНАН АСТАМ МАҚТА АЛҚАБЫ СУАРЫЛДЫ
Түркістан облысы, Жетісай ауданында мақта алқаптарын суару науқаны қыза түсті. Қазіргі таңда аудан бойынша 10 мың гектар ақ алтын алқабы суарылған.
Шаруалар ағын судан тапшылық көріп жатқан жоқ. Бүгінде «Достық» және «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы» атындағы каналдарынан секундына 52 текше метр ағын су келуде. Бұл көлем шаруалардың сұранысын толық қанағаттандырып отыр дейді Жетісай аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Марат Әбуов. Оның айтуынша, 52 текше метр судың 20 текше метрін «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы» каналы берсе, қалған көлем «Достық» каналының еншісінде.
Мәселен, Қазыбек би ауыл округінің шаруалары тәулігіне 98 гектар мақта алқабын суарып үлгеруде. Ал жалпы суарылған алқап 665 гектарды құрайды. «МАК» шаруа қожалығының төрағасы Мұхтар Ботабековтің 17 гектар мақта алқабына су жібергеніне бүгін 3 күн болыпты.
«Ағын судан тапшылық жоқ. Каналда су жеткілікті. Қазір біз жаппай суаруды бастап жібердік. Алдағы аптада мақтаның бірінші суын беріп бітеміз» дейді Мұхтар Ботабеков.
Биыл бұл қожалық мақтадан бөлек, 3,5 гектар жерге «Жиенбай» қауынын егіпті. Ашық грунтта егілген қауын алдағы аптада толығымен пісіп жетілмек.
Мақта алқаптарын суаруда Жаңаауыл ауыл округінің шаруалары да алда келеді. Бүгінге дейін мұнда 842 гектар ақ алтын алқабы суарылған. Айта кетейік, биыл Жетісай ауданында 45 мың 100 гектарға мақта егілген.
Жетісай ауданы әкімдігінің
баспасөз қызметі.
Суреттерді түсірген:
Қуаныш ӘУЕЛБЕКОВ.