ПОЛКОВНИК, ЖУРНАЛИСТ, ЛИРИК АҚЫН

Бүгінгі әңгімеміздің арқауы Отырардың төл перзенті, Алматы
қаласының тұрғыны көңілі ашық, көкірегі ояу, зиялы құрдас
Құрманхан Әбілқасымұлы НҰРЫМБЕТОВ.

Сонау, 1978 жылы КазГУ-дың табалдырығын бірге аттағанда журналистика факультетіне қарасты №5-ші жатақханасының 213-ші бөлмесінен бір табылдық. Арамыздағы ересегіміз Құрманхан. Одан өзге аты оқырмандарға етене таныс сатирик ақын Мұратбек Дүйсенбеков, жазушы — суретші Сейсенхан Маханбетов, журналист Талғар Сейталиев және мен Орманов Талғат бес жыл бірге өмір сүрдік. Мұратбек пен Талғардың өмірден бақи озғаны болмаса, қалғаны баз-баяғыша…
Бүгін асқаралы алпыстың асқарына шыққан Құрекеңнен көп нарсе үйрендік. Ол өмірдің бітіспес майдан екенін бізге ертерек сездіріп, тезірек ес жиғызды. Оның басты принципі: Ешуақытта біреуге өз кінәңді артпа, біреуге сенбе, алға қойған мақсатыңа өзің талпын да ұмтыл, бар қажыр-қайрат жігеріңді соған сал да арманыңа жет!
Ол жалынды журналист те, қырағы милиция, бүгінгі сергек полиция да бола білді. Оның жеткен лауазымдары кейіңгі толқын армандайтын, өз өмірлеріне үлгі-өнеге алатын, тәлім-тәрбие көретін үлкен мектеп.
Күні кеше, журналист-жазушы, «Қазақстанның Құрметті журналисі» Қайырғали Медеттің зейнеткерлікке шыққан тойын тойладық. Алматыдан Алтынбай мен Катя, Құрманхан мен Үрзада бастап, Нұр-Сұлтаннан Қанапия мен Фарида, Қарағандыдан Рымбек пен Руслан қостап, Оңтүстік өңірдегі Базаркүл Қалбырова, Серікқали Жексенбай, Нұрлан Кенжеғұлов сынды марқасқа журналистер-курстастар ортаның шырайын кіргізді. Енді міне, кезек алпыстың асқарына шыққан Құрекеңде. Өйткені, бәріміз Алматыдағы мерей тойына шақырту алдық…
Журналистика сынды нәзік кәсіпті де, полиция сынды қаталдау мамандықтың үдебарасынан соны соқпақ тауып, мемлекеттік наградалар мен марапатқа ие болған полиция полковнигінің құдай қосқан қосағына, сыныптас-курстас қыздарға, сондай-ақ алып ұшқан өз көңілі жайлы жазған өлеңдерін оқырмандардың назарына ұсына отырып, Құрекеңнің бітім-болмысы тұнып тұрған лирика екенін тағы да бір паш етсек, артық болмас, ағайын!

Талғат ОРМАНОВ,
ақын-сазгер, «Бас редакторлар Клубы» ҚБ-нің төрағасы,
Бәйдібек ауданының
Құрметті азаматы.

Іңкәр көңіл Үркентайыма арнадым

Кірпігіңнің әр талы,
Жүрекке жүк артады.
Мойыл қара көздерің,
Тұңғиыққа тартады.

Қиғаш қара қасың да,
Найзағай ма, жасын ба?
Аппақ әсем тістерің.
Маржан тас па, асыл ма?
Күлімдеген күндейсің,
Үлбіреген гүлдейсің.
Менің ғашық жанымды,
Білмейсің-ау, білмейсің.

Айдын шалқар көлдейсің,
От-сезімді тербейсің.
Менің іңкәр көңіліме,
Неге ғана сенбейсің?!

Өзім туралы

Ақ қағазға сырымды айтып сиямен,
Қиыстырып қиялымды қиямен.
Ой түбінде күні-түні тұншығам
Жынды болып кетпес пе екем сірә мен.

Қиял шіркін көкке мені сүйрейді,
Іңкәр көңіл сезімімді билейді,
Айта алмаған мұңдарым кеп кей-кейде
Жүрегімді аямастан түйрейді.

Өң мен түстің ортасында жүргенім,
Кімге керек мұнайғаным, күлгенім?
Толғанысым, тербелісім, келбетім
Ирек салым ақ қағазда жүр менің…

Сыныптастар мен курстас қыздарға наз

Сыры кетіп, сыны кетпей қалғандар,
Махаббатты аялаңдар, қорғаңдар.
Қыз қылығы қалып қойған бойында,
«Әжелер-ау» сендерде не арман бар?!.

«Әже» десе, кемпірмін деп қалмаңдар,
Немереңді «анаңмын» деп алдаңдар.
Жас күніңді ұмыта алмай қайғырып,
Ғашық болып, жүрген әлі шалдар бар.
Қас пен көзге бояу жағып қойғандар,
Әжім түссе опалаңдар, майлаңдар.
Тек сендерге жарасады сұлулық,
Сұлу етіп жаратқан ғой Пайғамбар…

Махаббатын таппай мұңлы болғандар,
Ғашық жүрек от боп лаулап жанғандар.
Аяқ асты Бекежанға тап болып,
Ойда жоқта, келін болып қалған бар.

Шаңырақта шуақ шашып, таң күліп,
Махаббатты шырқаңдаршы ән қылып,
Жүрекке әжім түспейді екен ешқашан,
Әдемі боп қалыңдаршы мәңгілік…

Құрманхан НҰРЫМБЕТОВ.