«Төрт мыңнан астам жеке тұрғын үй пайдалануға қабылданды»
«Төрт мыңнан астам
жеке тұрғын үй пайдалануға қабылданды»
Қаншама жылдан бері Шымкент территориясына топографиялық түсірілім жасау мәселесі күн тәртібінен түспей келген.
Бүгінге дейін тиісті мамандардың қолдағы бар картасы 1986 жылдары жасалған құжат болған. Ол картаның өзінде қаланың 8500 га аумағы ғана қамтылған. Содан бері қанша жыл өтті. Қала жыл санап емес, күн санап құлашын кеңге жайды. Қазіргі таңда алдымызға қойған ең негізгі мақсат үшінші мегаполистегі 117 мың гектар аумақта 1:500 масштабтағы топографиялық зерттеуді қамтамасыз ету. Осы мақсатта 2017 жылы сметалық құжаттар әзірленген. Биыл оны жүзеге асыру үшін жергілікті бюджеттен 500 млн теңге бөлініп, нәтижесінде қаланың игерілген 49500 гектар территориясының топографиялық картасы дайындалған. Жұмыс алдағы уақытта да жалғасын табады.
Құрылыс саласы бойынша белгіленген тәртіппен бекітілген Шымкенттің бас жоспарын іске асыру жөніндегі қызметтерді үйлестіретін сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Жеңіс Байымбетов алты айда атқарған жұмыстарын қорытындылау мақсатында өткізілген баспасөз брифингінде осылай деді.
Сонымен қатар ол, есепті кезеңде басқарма тарапынан жеке және заңды тұлғаларға барлығы 19 мыңнан астам мемлекеттік қызмет түрі көрсетілгенін, олардың басым көпшілігі жылжымайтын мүлік нысандарының мекен жайын айқындау бойынша анықтама беру (18165) болғанын алға тартты.
Бұдан бөлек ол, басқарма мамандарының тікелей араласуымен Шымкенттегі төрт ауданда рұқсатсыз орналасқан 265 жарнамалық қалқанның орнынан алынғанын хабарлады. Және де заңсыз немесе заңның кейбір талаптары сақталмаған құрылыстар бойынша мониторинг жүргізіліп, анықталған 104 нысан бойынша материалдар құзырлы мекеме қарауына жолданғанын жеткізді.
Басқарма басшысы Жеңіс Байымбетов ағымдағы жылдың алты айында құрылысы аяқталған 4282 жеке тұрғын үй, 315 коммерциялық нысан, 21 мемлекеттік нысандар бойынша қабылдау актілері түзілгенін мәлімдеді. Қаланың ажарын ашып, сәулетін арттыру бойынша көптеген нысандардың эскиздік жобалары әзірленгенін жеткізді. Атап айтқанда, қаладағы көшелердің қасбеттерін абаттандыру, ескі аялдамаларды жаңарту, Қошқар-ата өзенінің аумағын (30м) ретке келтіру, Қабанбай батыр көшесі бойындағы көп қабатты тұрғын үйлердің қасбеттерін қалпына келтіру, ескі қалашық аумағын қайта құрылымдау және абаттандыру, ескі қала аумағындағы тозығы жеткен 29 га аз қабатты үйлердің орнын көп қабатты жаңа тұрғын үйге айналдыру, темір жол вокзалының алдындағы дүңгіршіктерді орнында қалдыру, әуежайды қайта құрылымдау мен «Шымкент-Сити» қалашығында 420 га аумаққа 9-12 қабатты тұрғын үйлер, әлеуметтік нысандар және 47 га аумақты алатын саябақ бойынша эскиздік жобалар ұсынылған.
Жиында басқарма басшысы «Электронды архитектура» жүйесі бойынша мекемедегі мемлекеттік қызмет түрлерін цифрландыру бағытында да оң көрсеткіштер бар екенін тілге тиек етті.