ТҰРҒЫНДАР «АСТАНА БАЛЕТ» ТЕАТРЫН БІР ДЕММЕН ТАМАШАЛАДЫ

Биыл Шымкент өзінің қала күні мерекесін 19-маусымда атап өтті.
Себебі былтыр күнтізбедегі дәл осы датада сол кездегі мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Шымкентке еліміздегі үшінші мегаполис мәртебесін беріп, оны республикалық дәрежедегі дербес қала ету туралы Жарлыққа қол қойғаны белгілі. Содан кейін қыркүйек айында Елбасы Шымкентке келген сапары кезінде оған қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов Шымкенттің мегаполис мәртебесін алған 19-маусым күнін қала күні ретінде белгілеу туралы ұсыныс айтқан болатын. Сол кезде ұсыныс қолдау тауып, көп ұзамай тиісті шешімдер қабылданған еді.
Жалпы қала күні мерекесінің осы датаға ауыстырылғанын жергілікті халық та жылы қабылдады.
Осы аптада Шымкентте қала күніне орай түрлі шаралар мен мерекелік жиындар өтті. Соның бірі «Астана Балет» театрының Шымкент төрінде өнер көрсетуі болды.
Қойылымдары тек өз елімізде ғана емес, шет елдерде де көрермен қауымның ерекше ықыласына бөленіп келе жатқан «Астана Балет» театрының тарландары Шымкент тұрғындарына шетел туындыларын, заманауи және ұлттық хореографияның үздік үлгілерінен өрілген билерін ұсынды. Өнер ұжымының репертуарындағы «Махаббат» тақырыбындағы қойылымдарын көрермен селт етпей бір деммен тамашалады.
Тұрғындарды ерекше әсерге, керемет көңіл-күйге бөлеген «Астана Балет» театрының Шымкент сахнасында қойылған «Love Fear Loss», «A fuego lento» атты бір актілі балеттер мен концерттік бағдарламасы Қытай, АҚШ, Ресей, Еуропа елдерінің айтулы сахналарында көрерменнің зор құрметіне бөленгенін айта кетейік.