ХАЛЫҚТЫҢ ЦИФРЛЫҚ САУАТЫ АРТЫП КЕЛЕДІ

«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасындағы нақты бағыттарды жүзеге асыруда халықтың цифрлық сауаттылығын арттырудың маңызы зор. Осы ретте «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ-ның атқарар рөлі зор. Бұл тұрғыда «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы (КЕАҚ) Шымкент қаласы бойынша филиалының директоры Бахыт Басымбек төмендегідей мәлімет ұсынады.
– «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының құрылғанына биыл 3 жыл толды. Осы уақытта халыққа көрсетілетін қаншама қызмет оңтайландырылып, электронды форматқа өтті, бір жүйеге келтірілді. Нәтижесінде адамдар бұрынғыдай бір анықтама үшін кем дегенде бір күнін сарп етіп, аяқтан тозып, артық сабылудан біржола арылды. Құжаттар саны мен қызмет көрсету мерзімі айтарлықтай қысқарды. Қазіргі таңда азаматтардың зейнеткерлікке шығуды бір ғана өтінішпен рәсімдей алуы соның жарқын мысалы. Бұл аз десеңіз проактивті қызмет түрі іске қосылды. Яғни қандай да бір құжаттарды үйден шықпай-ақ қолыңыздағы смартфон арқылы смс-ке жауап беріп, онлайн әдіспен рәсімдеу мүмкіндігі туды. Мысалы, жас босанған әйелдер баланың туу куәлігін рәсімдеуді, сәбидің күтіміне байланысты жәрдемақыны рәсімдеуді, балаларын балабақша кезегіне қою сияқты қызметтерді үйден шықпай-ақ ұялы телефондағы қосымша көмегімен өтініш беріп, қол жеткізу мүмкіндігіне ие болды.
Қазақстан 2020 жылға қарай мемлекеттік қызметтердің 90 пайызын онлайн түрде қолжетімді етуді көздеп отыр. Бұл «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасындағы ең басты мақсаттың бірі. Бұл үшін қаламыздағы Цифрлық халыққа қызмет көрсету орталықтарында азаматтарымыздың цифрлық сауат ашу сабақтарына қатысып, egov.kz электронды үкімет порталы, mgov қосымшасы, телеграмдағы egovkzBot-пен жұмыс істеуді үйрену мүмкіндігі қарастырылғанын айта кетейік.
Цифрлық сауаттылықты арттыруда бұдан бөлек тағы да телеграм мэссенджерінде арнайы ЕgovkzBot қосымшасы құрылды. Аталған қосымша арқылы 24 түрлі қызметті адамдар смартфон арқылы қол жеткізу мүмкіндігіне ие болуда. Бұл ретте электронды цифрлық қолтаңбасы жоқ азаматтарға бір реттік құпиясөз арқылы қызметтерге қол жеткізу тетіктері қарастырылған.
Өткен жылы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ Шымкент қаласы бойынша филиалында халыққа 4 милионнан аса мемлекеттік қызмет көрсетілген. Ал халыққа қызмет көрсету орталығындағы Сonnection point аймағы арқылы азаматтарымыз өз бетінше 3 миллионнан астам қызмет алған. Мұны Шымкент қаласында Цифрлық сауаттылық бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың жемісті жүргізіліп келе жатқанының нақты айғағы деп түсінген абзал.

М. ӘБДІРАЙЫМ.