ЖЕҢІСПЕН КЕЛГЕНДЕРГЕ ЖӨНІ БӨЛЕК ҚҰРМЕТ КӨРСЕТТІ
Былтыр Елбасы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты өзінің халыққа арнаған Жолдауында «Келесі жылды Жастар жылы деп жариялауды ұсынамын» деген болатын.
Осыған орай биыл жастардың жігерін асырып, қайратын тасыту үшін қолдан келер мүмкіндіктердің барлығы жасалуда. Жуырда төл өнеріміздің жанашыры, белгілі меценат, «Қаржантау» ЖШС-нің директоры Алихан Амалбаев бірқатар спортшыларға қаржылай сертификат табыс етті. «Болар баланың бетін қақпай, белін буып» жатқан Алихан Батырханұлының жастарға жасаған мұндай құрметі олардың таяуда Түркия елінде түркі әлеміне ортақ көне ойын тоғызқұмалақтан өткен Әлем чемпионаты кезінде өрнекті ойын өрнегін көрсетіп, жеңіс тұғырынан көрінуі негіз болып отыр.
Естеріңізге сала кетсек, осыдан біраз бұрын Түркия елінің Анталия қаласында өткен әлем чемпионатында шымкенттік спортшы Ғалымжан Темірбаев екі бірдей алтын медальды жеңіп алып, қарсыластарын шаң қаптырған болатын. Тағы бір жерлесіміз Салтанат Сапарбекова болса күміс медаль иеленген.
Осы сайыста Ғалымжан Темірбаевтың бапкері Айгерім Қуанышбаева түріктердің осы ойынға ұқсас Мангала деп аталатын сайысына түсіп, намысты қолдан бермей, үшінші орынға қол жеткізген.
Жеңімпаз атанған спортшылар Нұрлан Жабаев басқаратын Шымкент қаласының ұлттық және ат спорты түрлері бойынша кешенді спорт клубының саңлақтары болып табылады. Меценат Алихан Амалбаев шымкенттік спортшылардың осы жеңістеріне дән ризалығын жеткізіп, құрмет көрсетіп, әрдайым биіктерден көрінуіне тілектестігін білдірді.
С. НҰРАЙ.