«ОҢТҮСТІК» АРНАЙЫ ЭКОНОМИКАЛЫҚ АЙМАҒЫ ОЗЫП ТҰР

Бүгінде Қазақстанда жұмыс істейтін 10 арнайы экономикалық аймақтардың ішінде ең тиімді жұмыс істеп, нәтижелі көрсеткішке қол жеткізіп жатқаны Шымкенттегі «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы (АЭА) болып табылады. Қазірге дейін ол жерге 75,5 млрд. теңге инвестиция тартылған. Онда бюджеттің 1 теңгесіне 15,5 теңге инвестиция тартылған. Арнайы экономикалық аймақтардың қаншалықты табысты жұмыс істеп жатқандығы сараланған көрсеткіште екінші орынға Маңғыстау облысындағы «Морпорт Ақтау» АЭА жайғасқан. Ол жерге тартылған инвестиция көлемі 120,4 млрд. теңгеге (бюджеттің 1 теңгесіне 15,4 теңге) жеткен. Үшінші орында «Павлодар» АЭА тұр. Теріскей өңіріндегі экономикалық аймақта бүгінге дейін 67,7 млрд. теңге инвестиция (бюджеттің 1 теңгесіне 12,3 теңге) құйылған.
Кешегі аптадағы Үкімет отырысында ҚР Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрі Роман Скляр осылай деп мәлімдеді. Ол еліміздегі 10 экономикалық аймақтағы орташа табыс көлемі қазынаның 1 теңгесіне 2,8 теңге инвестиция құрап отырғанын айтты.
Тиімділігі жағынан ең төменгі көрсеткішке Жымбыл облысындағы «Химпарк Тараз» АЭА ие болып отыр. Аталған аумаққа қазірге дейін 22,5 млрд теңге инвестиция тартылған. Ал онда бюджеттің 1 теңгесіне 0,6 теңге инвестиция тартылған.
С. НҰРАЙ.