«Рухани жаңғыруды» қалың халық қалай қабылдап жүр?
Қазіргі таңда елімізде дамыған отыз елдің қатарына қосылудың ауылын жақындата түсетін реформалар мен түрлі бағыттағы бағдарламалар жүзеге асып жатқаны белгілі. Солардың қатарында Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында қолға алынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бар. Жарияланғанына жылдан астам уақыт болған бұл бағдарлама әрбір адамның бәсекеге қабілеттілігін арттырып, ілгері оздыратыны анық. Ең бастысы жұрт оны терең түсіне білуі қажет. Осы бағытта еліміздің барлық аумағында аталған бағдарламаны түсіндіру бойынша үгіт-насихат жұмыстары қарқынды жүруде. Сондай жұмыстардың басы-қасында жүрген қоғам белсенділеріне біз өз тарапымыздан төмендегідей сұрақтар бойынша сауалнама жүргізген едік. Оқып көрелік.
1. Елбасының бастамасымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы жарияланғаннан бастап оны түсіндіру жұмыстары жан-жақты жүргізілуде. Осы бағыттағы жұмыстар нәтижелі жемісін берді деп ойлайсыз ба? Яғни, қоғам рухани жаңғырудың мән-мазмұнын, мақсат-мүддесін дұрыс түсініп, терең сезіне алды ма?
2. «Рухани жаңғыру» қоғамға қаншалықты жаңару алып келді?
3. Бүгінде Түркістан облысында қоғамдық сананы жаңғырту бағытында түрлі шаралар өткізіліп жатыр. Соның ішінде ауыз толтырып айтар жемісін беретін шараларды атап көрсете аласыз ба? Оның жұртшылыққа берері не? Нәтижесі қандай?
4. Түркістан облысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша аймақтың туристік әлеуетін арттыратын шаралар өткізілуде. Атап айтқанда, «Агро фест», «Сафари Шардара» және т.б. Сол жиындардың қатарында қай жоба Түркістан облысының туризміне тың серпін береді деп ойлайсыз?
5. Сіз үшін «Рухани жаңғыру» неден бастау алады?
Әсет ӘССАНДИ,
«Алтын алқа» баспасының директоры:
«Шетелдіктерді қызықтырамыз деп шетел сөздеріне әуес болып жүрміз»
1. Расында да, теледидарды қосып қалсаң – «Рухани жаңғыру», радионы тосып қалсаң – «Рухани жаңғыру», газетті ашып қалсаң – «Рухани жаңғыру», Facebook-ты басып қалсаң – «Рухани жаңғыру». Елбасы бізге ұсынған әдемі ойды біз науқангершілікке айналдырып алғандаймыз. Қазір қандай шара өткізілсе де, маңдайында «Рухани жаңғыру аясында» деген жазу тұрады. Ал, «Рухани жаңғырудың» аясы кең екендігінде ешкімнің шаруасы жоқ сияқты. Менің
пайымдауымша, рухани жаңғыру алдымен санамызға сіңу керек. Оның негізгі шарты – жасандылықтан өзімізді аулақ ұстап, әр ісімізді ұлттық салт-дәстүрімізге негіздеп, бабалар салып кеткен дара жолға оралу. Яғни, ұлттық болмысымызды жаңғыртып, ғасырлардан бері келе жатқан әдет-ғұрпымызды тірілтіп, көпжылғы бодандықтан тәтті ұйқыға кеткен санамызды оятып, нағыз қазақи бойымызды түзеп алуымыз қажет. Ал, «түсіндіру жұмыстары» деген – жоғары жақтарға есеп беру үшін ғана қажет нәрсе.
2. Бұрынғылар: «Қазақтың жаманы орыс болады» деп айтушы еді. Қалай ойлайсыз, мемлекеттік тіліміз әлі кенжелеп келе жатса, кей мемлекеттік қызметшілер мемлекеттік тілімізді менсінбей, өз жұмысын Ресей тілінде атқарып жатса, қарамағындағы қызметкерлеріне: «Неге орыс тілінде жауап бермейсің?» деп ұрсып жүрсе, қандай жаңару туралы әңгіме қозғауға болады? Бұл – қазақтың қаймағы кеңес заманында да бұзыла қоймаған Шымкентте орын алып жатқан келеңсіздіктер. Ал, Солтүстік облыстарда не боп жатқанын елестетудің өзі қорқынышты. Көптеген басшы орындардағы шенеуніктеріміз: әкімдер, департамент басшылары, министрлер, Парламент депутаттары: «Мен – қазақпын, қазақ болып дүниеге келдім, қазақ болып өлемін!» – демейінше, қоғамымызда жаңару болып жатыр деп иегіміз қышымай-ақ қойсын!..
3.Түркістан облысы – түлеп, түрленіп келе жатқан еліміздің жаңа өңірі. Облыс биыл құрылды, оның тұңғыш әкімі болып ғалым-филолог Жансейіт Түймебаев тағайындалды. Жалпы ғылым қуалап жүрген адамнан жамандық шықпайды. Жансейіт Қансейітұлы – ауыл баласы. Яғни, ана сүтімен бірге бойына қазақы ауылдың жұпар иісі мен ыстық таба нанның тәтті дәмі сіңген абзал азамат. Оны біз ол кісінің күнделікті жұмысынан, күнделікті іс-әрекетінен байқаудамыз. Ол – ұлттың нағыз ұланы!.. Жаңа облыс құрылғалы бері өңірімізде өткізіліп жатқан көптеген шаралар – менің сөздерімнің дәлелі. «Шардара Safari»-ді есімізге алайық. Ондағы түйе жарыс мерекеге қатысқан азаматтарға қандай әсер қалдырды! Асанбай Асқаровтан кейін бұндай игі шараны ешкім ұйымдастырған емес. Облысымызда түйе және бие сүтінен құрғақ сүт өнімдерін шығаратын «Golden Сamel group LTD» ЖШС-нің іске қосылуы да көп нәрсені айғақтайды. Бұл өнім шетелдік туристерге де ұсынылмақ.
Күні кеше Түркістанда өткен Ауыл шаруашылығы фестивалі де дихандар мен малшылардың еңсесін бір көтеріп тастады. Мал бағу, егін егу – ұлтымыздың ата кәсібі екенін бүкіл дүние жүзі біледі. Мал болмаса, қазақ жоқ! Өкінішке орай, бодандық жылдары малымызды тартып алып, өзімізді қырып тастап, атылғаны – атылып, атылмағаны – аштық нәубеттен бақиға аттанған қазақпыз. Тәуелсіздік алып, етек-жеңімізді енді жинайық
дедік. Бүкіл елімізде, аграрлық өңірлерде мал басын жеделдетіп көбейту саясатын жүргізу керек. Мал бағу – ежелден келе жатқан біздің дәстүрлі кәсібіміз. Үкіметіміздің осыған бағытталған «Сыбаға», «Серпін» сияқты бағдарламаларын түрлендіріп, көбейту қажет. Малшылар мен жермен жұмыс істейтін азаматтарға қайтарымсыз субсидияны көбейту қажет. Сонда ғана Алаш ұранды қазақ баласын ел етіп, туын тіктейміз. Осы орайда, облысымыздағы қам-қарекеттер, Жансейіт ағаның ауылға деген жанашырлығы іштегі үміттерімізді оятып келеді.
4.Түркістан деген қасиетті атаудың өзі туристерді тартатынына сенімім мол. Десек те, жол қатынасын, қызмет көрсету саласын ретке келтіріп, туристік базалар мен жайлы қонақүйлерімізді даярлап отыру шарт. «Жылы-жылы сөйлесе, жылан інінен шығады», — дейді атам қазақ. Мәдениетімізді барынша көтеріп, туризм саласында жүрген азаматтарды сабырлылыққа үйретіп, тұла бойлары сыпайыгершілікке толу керек. Бұл орайда, Отырар, Төлеби, Түлкібас, Сайрам, Қазығұрт, Ордабасы, Бәйдібек аудандарындағы қасиетті жерлер, көне кесенелер, «Алаш» тәрізді ауылдар өз септігін тигізеді. Бірақ, әттеген-айы сол, кейде шетелдіктерді қызықтырамыз деп шетелдік сөздерге әуес болып жүрміз. Неше түрлі «Fest»-терді олар бізсіз-ақ көріп жүр. Біз неге қарапайым «Қауын мерекесі», «Ауыл мерекесі», «Сайрам-серуен», «Жетісай-жол», «Түркістан-тұлпар» тәрізді ұғымдарды енгізбейміз? Мәселен, биыл Бәйдібек ауданында өткен үлкен бір тойымызды «Қымыз-фест» демей-ақ, қазақша «Қымызмұрындық» деп атадық қой! Бұдан ешкімнің есесі кетіп қалмағанын жақсы білеміз. Осы жағын естен шығармауымыз керек.
5. Әрине, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасынан басталды. Орыс тіліндегі балабақшадан соң, орыс мектебін тәмамдай салысымен, Ресей астанасы Мәскеуде жоғары білім алып шыққан мен үшін әу-баста желтоқсаншылар – нағыз бұзақы, нашақор, «бүйректен сирақ» шығарған жастар болып көрінді. Өзім – комсомолдың мүшесімін, қазақша сөйлемек түгілі, қазақша ойлаудан аулақ адам едім. Жазықсыздан жазықсыз қудаланып, сотталып, оқуларынан қуылып, атылып, белгісіз жерге көмілген жастардың (басым көпшілігі құрдастарым болатын) қаны қоя ма – «Әсет, сен қанша орысша сауатты болғаныңмен, ешуақытта орыс болмайсың, айнаға өзіңе қарап көр!» деп тұрғандай болды. Ой елегінен өткізсем, расында да, кіндік қаным қасиетті Қараспанда тамса, ата-бабаларымның сүйегі Қаратаудың етегі, Боралдайдың бойында жатса, қазақтың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары жаныма жақын болып, жүрегімді жылытып жүрсе, бұлай адасқаным жараспас деп, санам 100 пайыз ұлтыма қарай ойысты. Содан бері оқып шыққан қазақ әдебиеті, араласқан ұлтымыздың әдеби ортасы алдымен тілімді қазақшаға бұрды, кейіннен бүкіл жан-дүниемді қазақ етті. Одан соң қарапайым қазақ қызымен тағдыр қостым, алты перзентімнің бәрін де қазақ мектебіне бердім, тегімдегі «-ов»-тан ертерек құтылдым. Саяси алаңда да, шамам келгенше, қазақтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтап келемін.
Ғалымжан ЗИЯБЕК,
«Ордабасы оттары» газетінің бас редакторы:
«Қоғамдық сананың жаңғыруы күрделі әрі қиын үдеріс»
1. Елбасымыз Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы жарияланғалы бері түсіндіру, насихаттау бойынша мейлінше ауқымды жұмыстар, мақсатты іс-шаралар жүзеге асырылды. Қолдағы деректер бойынша Елбасымыздың бағдарламалық мақаласынын туындайтын міндеттерді ойдағыдай жүзеге асыру үшін облысымызда 46 жоба түзіліп, 168 іс-шара ұйымдастыру белгіленген. Олардың барлығының халқымыздың рухани жаңғыруы тұрғысында айтарлықтай рөл атқарғаны күмәнсіз. Атап айтқанда, бұрынғы Кеңес Одағы кезін былай қойғанда еліміз тәуелсіздік алғаннан бергі уақыттың өзінде табиғаттың топырағы мен құмы ғана емес, ой-сананың тұманы басып жатқан сандаған киелі орындардың қадір-қасиетін жаңа заман тұрғысынан қайта бағалап, қазіргілер ғана емес, болашақ ұрпақтың да рухани кәдесіне, қажеттілігіне жарату бағытында өлшеусіз жұмыстар істелуде. Мәселен, облыс көлеміндегі қасиетті, киелі орындар мен туристік маңызы бар ескерткіштер бойынша 21 бағытта туристік маршруттардың ашылғаны бұған айқын мысал. Мұның үстіне, туризм саласының әлеуетін арттыру мақсатында киелі жерлер туралы ақпарат алудың қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін 35 туристік нысанға арнайы тақтайшалар орнатылды. Бұл аз десеңіз, тиісті код арқылы нысандар бойынша үш тілде толыққанды мәлімет алу мүмкіндігінің жасалғаны да жоғарыда айтып өткен сан-салалы шаруалардың бір парасы екеніне күмән жоқ.
Нәтижесінде халқымыз Елбасымыздың бағдарламалық мақаласында айтылған тұжырымдарды ақыл-ойымен қабылдап қана қоймай, өне
бойына, жадына сіңіріп үлгерді десек, оншалықты қателесе қоймасымыз шындық.
2. Рухани жаңғыру идеясы мен бастамасы қоғамның даму барысына мүлде жаңаша сипат беріп, Президентіміздің көрегендік саясатының болжампаздық қасиеттерін барған сайын айғақтай түсуде. Өйткені, онда айтылған даналық сөздер мен пайымдамалар жекелеген адамның ғана емес, тұтастай алғанда қоғамның жаңаша
сын-сипатының берік әрі сенімді негізі болып қалануда екеніне әрі мызғымас іргетасы боларына титтей де күмән жоқ. Жаңару, жаңғыру үдерісі толықтай аяқталды деуге әлі ерте. Өйткені, қоғамдық сананың жаңғыруы біршама дәрежеде күрделі әрі қиын үдеріс. Сондықтан, бұл бағыттағы жұмыстар мен жоспарлы іс-шаралар жалғасын табуы сөзсіз.
3. Бұл сұраққа мына тұрғыда жауап бергенді жөн санап отырмыз. Ауыз толтырып айтуға да, самаладай жемісі әбден көзге ұрып тұрғаны да «Туған жер» жобасы десек, дұрыс секілді. Мәселен, осы жоба аясында облысымызда кәсіпкерлердің қатысуымен құны 28 млрд. теңгеден асатын 428 нысан салыну межеленген болса, бүгінде оның 23-і іске қосылды. Сондай-ақ, өскелең ұрпақтың өлкенің тарихын кеңінен тану мақсатында оқушыларға арналған «Өлкетану» оқулығы дайындалғаны да айтарлықтай елеулі оқиға деуге болады. Қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде облыстағы айрықша маңызы бар тарихи-мәдени, сәулеттік және археологиялық ескерткіштердің фотоальбомы жасалғанын мақтаныш етуге тұрарлық құбылыс десек орынды.
4. Аймақтың туристік әлеуетін арттыру мақсатындағы шаралардың барлығының маңызы зор деп санауға болады. Мейлі ол «Агро фест» болсын, мейлі «Сафари Шардара» болсын, бұлардың барлығы мән-маңызы да, халыққа тигізер мағлұматтық-танымдық әсері де үлкен шаралар болып табылады. Ал, біздің ойымызша, осындай танымдық, қызықты да ауқымды шаралар барынша сан түрлі болып жатса, бәсекелестік тұрғыдан өркендей түспек әрі халқымыздың рухани тұрғыдан түлей беруіне ықпалы да ересен бола бермек.
5. «Рухани жаңғыру» ең әуелі біздің өзімізден бастау алу керек. Қоғамды жаңғырту үшін мен не істей аламын деп ойлану керек. Әрине бүгінгі ұрпағымызға келер күннің аманатын, ата-баба салтын сақтаудың қажеттілігін үйрету бізге артылған міндет. Бала айтқаныңды емес көргенін істейді демекші оларға үлкен тәлім-тәрбиенің үлгісін өз шаңырағымызда үйретуіміз қажет. Ескіліктің есті тұстары мен жаңашылдың жақсы жақтарын олардың бойына сіңіре білуіміз қажет. Елбасымыздың келер жылды «Жастар жылы» деп белгілеуінің де үлкен себебі бар. Өйткені біздің ертеңіміздің, болашағымыздың кілті рухани құндылыққа бай, білімді жастардың қолында. Сонымен қатар ана тіліміз үстем болса руханиятымыз да бай болатыны сөзсіз. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы арқылы Елбасымыз бізге зор сенім білдіріп, жауапкершілік жүктеп отыр. Сондықтан да сол жауапкершілікке атсалысу біздің әрбіріміздің басты міндетіміз.
Мұхтар ТӨЛЕПОВ,
Арыс қаласы ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі:
«Жаһанданудың жақсы тұстарын меңгеру ләзім»
1. Мемлекет басшысы Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында сананы жаңғыртудың мазмұнын құрайтын бәсекеге қабілеттілік, прагматизм, ұлттық бірегейлік, дамудың ұлттық моделі сынды бағыттарды белгілеп берді. Елбасы бастамасы бүкіл қоғамның қолдауына ие болып, мақалада айтылған стратегиялық міндеттерді орындау мақсатында түрлі жобалар жүзеге асырылып жатыр. Бұл жобалар бойынша жасалып жатқан жұмыстар нәтижелі және де өз жемісін беруде. Қоғам «Рухани жаңғырудың» мән-мазмұнын, мақсат-мүддесін толық білді, түсінді деп айтуға әлі ертерек. Біз сол үшін өз күшімізді салып, алдағы уақытта жақсы нәтижеге қол жеткізу үшін аянбай еңбек етуіміз керек.
2. «Рухани жаңғыру» қоғамның дамуына тың серпін беріп, барша Қазақстандықтардың жаппай қолдауына ие болар тарихи бастама. Қазақстандық патриотизм арқылы Отан, Туған жер туралы түсініктер оқу-тәрбие үрдісінде, сабақтан тыс іс-шараларда елжандылық сезімді дамытуға ұлттық салт-дәстүрді сақтау сияқты сезімдерді оқушылар бойына қалыптастырып өсуде. Осының өзі жаңарудың бастамасы деп ойлаймын.
3. Қоғамдық сананы жаңғырту жобасы барысында елімізде қаншама тың жобалар жолға қойылып, жаһандық дамудың даңғыл жолына аяқ басып келеміз. Осы тұрғыда еліміздің әрбір аймақ пен әрбір өңірлерінде тыңғылықты істер атқарылуда. Соның ішінде Түркістан облысының алар орны ерекше.
Елбасының бағдарламалық мақаласы аясында «Рухани жаңғыру» облыстық жобалық кеңсесінің ұйымдастыруымен мектеп кітапханаларында «Лидер Reader ON» кешенді іс-шарасы өткізілді. Оқушылар сабақты ашық аспан астында оқыды. Бұл іс-шараның жұртшылыққа берері көп. Білімділікке, тәрбиелілікке, көзі ашық, көкірегі ояу азамат, азаматша болуына жетелейді. Киелі, қасиетті орындарға мектеп оқушылары барып, танып білді.
4. Аталған іс-шараның қай-қайсысы болмасын жаман емес. Жақсы бастама. Облысымызда туристердің таң қалдырып, таңдайын қақтырар жерлер жетерлік. Тек жарнамалау жағы әлі де әлсіз екенін мойындағанымыз дұрыс болар. Қаншама ақпараттық заман болғанымен көптеген нысандарымызды шетелдік туристерден бұрын ел тұрғындары білмейтіндері қаншама. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмысты одан да жақсарта түсу үлкен еңбекті талап етеді. Шағалалы Шардарада өткізілген «Сафари Шардара» шарасы жақсы өтті. Қызыл құмы да, суы да ерекше. Қазан айында өткізілсе де тамызды еске салып тұрды.
5. Рухани жаңғыруды әлі де түсінбей келе жатқандар бар. Әр қазақ «Рухани жаңғыруды» өзінен бастауы керек. «Рухани жаңғыру» отбасынан, ананың әлдиінен, ана тілімізден, бай тарихымызды білуден, ғажап әдеп-ғұрпымызды сақтаудан, атадан келе жатқан салт-дәстүрімізді тірілтуден және жаһанданудың жақсы тұстарын меңгеруден басталады.
Сауалнаманы жүргізген:
Б. СӘДУАҚАСҰЛЫ.