Ғабидолла ӘБДІРАХЫМОВ: «БИЗНЕСКЕ БЕТ БҰРСАМ FORBES ТІЗІМІНЕ ЕНЕР МЕ ЕДІМ?!»


Астанадағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте үшінші мегаполис басшысы Ғабидолла Әбдірахымовтың келтірген мәліметтеріне сенсек, айналасы бір-екі жылдың ішінде Шымкентте үш ұйықтасаңыз түсіңізге кірмеген оң өзгерістер болмақ.
Аталған жиында үшінші мегаполис басшысы БАҚ өкілдеріне қаланың әлеуметтік экономикалық көрсеткіштері мен алдағы жоспарларын мәлімдегені белгілі. Әдетте мінберде айтқан сөздерінің дені жұрт жүрегіне тез жол табатын әкімнің бұл жолғы жоба-жоспарларының бірқатары тыңнан түрен салды.
Қала әкімінің айтуынша 2019 жылдың 1-қаңтарынан бастап Шымкентте «Су ресурстары маркетинг» ЖШС, «Қуатжылуорталық-3» ҚКК, «ОңтүстікЖарықТранзит» ЖШС пен «КазТрансГазАймақ» компанияларының ішкі резерві есебінен коммуналдық төлемақы біршама төмендейді. Соның негізінде қала тұрғындары үшін бір текшеметр су 10 пайызға, кәріз жүйесі қызметі де 10 пайызға, жылу 4 пайызға, электр қуаты 3,5
пайызға, көгілдір отын 3,3 пайызға арзандайтын болады.
Келер жылдың 1-қаңтары иек астындағы уақыт екенін ескерсек, бұл жеңілдіктің игілігін көретін күннің де алыс емес екені белгілі.
Алдағы уақытта «Шымкент-сити» жобасы бойынша құрылыс жұмыстары қарқын алады.
Бұл осыған дейін де бірнеше рет бірталай орталарда айтылып жүрген ақпарат. Бірақ кешегі брифингте Ғ. Әбдірахымов «Шымкент-сити» жобасының құрғақ сөз емес екенін, көп кешікпей қызған жұмыс орын алатынын, аумағы 400 гектар ауқымды жобаны іске асыру үшін құрышқолды құрылысшылары бар Highwell, BAZIS-A, BI Group секілді ірі компаниялар қаладан бөлімшелерін ашып үлгергенін соған дәлел ретінде келтірді. Өз сөзінде ол «Шымкент-ситиді» «шымкенттік Манхэттен» болады деп сендірді. Сондай-ақ ол:
– Үш төрт ай қатарынан су айдынында жүзу Шымкентте ғана мүмкін нәрсе. Неге енді осы мүмкіндікті пайдаланбасқа? Осыған орай қаладан 17 шақырым қашықта орналасқан Бадам су қоймасы жағалауынан Диснейленд салынатын болады,- деді. Өз кезегінде оның «Happilon» компаниясымен бірлесе іске асатынын мәлімдегенін ескерсек, жоспардың пісіп жетілген идея екенін сезіну қиын емес. Сонымен қатар, Қошқар ата өзенінің бойынан Лондондағы үлгіге сүйеніп Гайд-саябақтары бой көтермек. Ескі қалашық аумағындағы ашық аспан астындағы мұражай 2020 жылы ашылмақ.
Осы деректерді алға тартқан Шымкент әкімі бұдан бөлек халықпен біте қайнасқан байланыс орнататынын да шегеледі. Енді тұрғындар әкімнің жеке қабылдауына түсу үшін сан емен есікті қағып сандалмайтын болады. Қабылдауға жазылу 1-желтоқсаннан бастап қала әкімінің сайтында электронды түрде жүзеге аспақ. Соның негізінде Ғ. Әбдірахымов бір жұманың өзінде жиырмаға жуық тұрғынды жеке мәселесі бойынша қабылдамақ. Ол осы мақсатта төрт құралын сайлап қойғанын, яғни бұл үшін қалалық әкімдіктің бірінші қабатынан арнайы кабинетті
дайындап үлгергенін сүйіншілей жеткізді. Қабылдау бұрынғыдай айына бір рет емес, аптасына бір рет сағат 16:00-ден 18:00-ге дейін жүргізілмек.
– 29-желтоқсаннан бастап қаламызда Шымкент-Дубай тікелей әуе рейсі ашылмақ. Бұл рейспен Fly dubai компаниясының әуе кемелері аптасына екі рет қатынайтын болады. Сондай ақ, жуық арада Шымкент-Казан бағыты бойынша әуе рейстерін ашу қолға алынбақ. Бұдан бөлек, Шымкентте SCAT компаниясының есебінен 2019 жылы құны 50 млн. АҚШ долларына тең жаңа әуежай терминалының құрылысы жүргізілмек. Келер жылы темір жол вокзалын қайта қалпына келтіру жұмыстары да басталмақ.
Брифингте осылай деген қала әкімі алдағы жылы қоғамдық көлік қызметін сапаландыру үшін мың жаңа автобус алынатынын жеткізді. Қоғамдық көлік демекші, енді бұл жүйеге ID-карта енгізілмекші. Яғни, тұрғындар қоғамдық көлік қызметке төлемақыны электронды жүйеде жүргізбек. Мұның тиімділігін Ғ. Рахметоллаұлы былай деп түсіндірді.
– Қоғамдық көліктегі жол ақысы, автотұрақ қызметі, кітапханаға кіру ақысы, театр және тағы басқа қызметтерге жүгіну ID-карта иегерлері үшін әдеттегі бағадан әлдеқайда арзандау болмақ. Яғни, қала тұрғыны автобус билетіне 70 теңге төлесе, өзге аумақтан келгендер 100 теңге беретін болады. Бұл табылған тәсіл деп ойлаймын.
Словакия компаниясымен бірігіп Қажымұқан стадионын 44 млн еуроға УЕФА талаптарына сай қайта қалпына келтіруден өтетінін айтып өткен қала басшысы көктем келіп, жер қарайғаннан бастап велосипед айдайтынын шегелеп айтты. Сонымен қатар ол келешекте шымкенттіктердің негізгі транспорты велосипед болады деп ойлайтынын да жасырмады.
– Көлік тізгендегендер көп уақытын кептелісте тұрып жоғалтады. Ал велосипедте ондай емес. Онымен жүрудің өзі керемет. Әрі спорт, әрі жанар-жағармай жемейді. Тұрақ іздеп әбігерге түспейсің. Осы сынды оның артықшылақтары бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, барлығын транспорттың осы түрін пайдалануға шақырамын. Яғни, мен ешкімге талап қоймаймын. Дегенмен басқалары да осы велосипед тебуге көшетінен түсініп отырған боларсыздар, — деп басшы ретінде қарамағындағыларға сөзін өткізе алатынын жұқалап жеткізгендей болды.
Осы және өзге де жәйттерді мәлімдеген Шымкент әкімі Ғ. Әбдірахымов қорытынды сөзінде былай деді:
– Мен неге мемлекеттік қызметте жүрмін?! Егер білек сыбана кіріссем Forbes тізіміне кіретін іскер азамат болатын ба едім?! Бірақ менің басты мақсатым бай адамдардың қатарынан көріну емес – халыққа қызмет ету. Бір бірімізге дем беріп, Отанымыз үшін еңбек ету менің ғана емес, баршамыздың мүддеміз болсын.
Брифингте баяндама жасауға тастүйін дайындалып келген Ғабидолла Әбдірахымовтың осы айтқан сөздері бойынша қаншалықты «семіз шығатыны» алдағы уақыттың еншісінде.

С. НҰРАЙ.