ҚОҒАМДЫҚ САНАНЫҢ ЖАҢҒЫРУЫ – РУХАНИ ЖАҢҒЫРУДЫҢ ЖЕМІСІ

Шымкенттегі М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің мәжіліс залында «Түркістан облысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасын тиімді жүзеге асыру» тақырыбында қоғамдық тыңдау өткізілгені белгілі. Іргелі оқу орнында өткен осы жиында «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің басшысы Бақытжан Әшірбеков осы жылда атқарылған жұмыстар жөнінде баяндама жасады. Ол баянды бағдарлама бойынша облыста орындалған оң істердің нақты санын мәлімдеді.

Оның сөзінше Түркістан облысында Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының бәсекелік қабілет, прагматизм, ұлттық бірігейлікті сақтау, білімнің салтанат құруы, Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы және сананың ашықтығы сынды 6 басымдығы бойынша алты арнайы жоба әзірленген екен. Олар: «Туған жер», «Қазақстаның киелі жерлері», «Қазіргі заманғы қазақстандық мәдениет жаһандық әлемде», «Қазақстанның 100 жаңа есімі», «Мемлекеттік тілдің латын қарпіне көшуі» және «100 жаңа оқулық» арнайы жобалары болып табылады. «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің басшысы Бақытжан Әшірбеков осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар бойынша былай деп тарқатып берді.
– «Туған жер» арнайы жобасы бойынша 46 жоба дайындалып, 168 іс-шара жүзеге асырылуда. Бұл жобаларды жүзеге асыруға 2022 жылға дейін бюджеттен 16,2 млрд. теңге қаржы бөлу көзделіп отыр.
Сонымен қатар, бүгінгі күнге кәсіпкерлер, демеушілер тарапынан жалпы 31 млрд. 179 млн. теңгені құрайтын 544 өңірлік жобаны жүзеге асыру мақсат етілген. Бүгінгі таңда соның 482-сі іске асқан. Тарихи-мәдени мұраларымызды насихаттап, жастарға патриоттық тәрбие беру мақсатында «Көне жетігеннің сыры» атты 10 сериялы телехикая, «Киелі Қазығұрт», «Отырарды қорғау», «Күш атасы – Қажымұқан» атты анимациялық және «Ұлы Жібек Жолындағы ескерткіштер» деректі фильмдері түсірілігені Сіздерге жақсы мәлім. Жалпы аталған туындылардың барлығы да көрерменнің көңілінен шығып, ыстық ықыласына бөленген. Бұлай деуімізге негіз де жоқ емес. Ғаламтордағы ютуб каналындағы оларды тамашалаған көрермендердің санына қарау арқылы осыған көз жеткізуге болады.
Арнайы жобалар бойынша атқарылған өзге де жұмыстар бойынша Бақытжан Әшірбеков:
– «Қазақстанның киелі жерлері» арнайы жобасы бойынша Түркістан облысындағы 24 нысан «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» тізіміне енді. Бұдан бөлек аймақтағы 60 тарихи-мәдени ескерткіштер жергілікті маңызы бар қасиетті, киелі жерлердің тізіміне енгізілді.
ЮНЕСКО-ның «Ұлы Жібек жолы ескерткіштері» аталымы бойынша әлемдік мәдени мұралар тізіміне енген ортағасырлық 8 ескерткіш атап айтқанда, Сауран қалашығы, Түркістан, Сидақ, Қараспан, Жуантөбе, Күлтөбе, Отырар оазисінің ескерткіштері, Бөржар қорғаны туралы тұңғыш рет деректі фильмдер түсірілді.
Сайрам ауданындағы «Ханқорған» археологиялық қалашығына археологиялық қазба, реставрация және консервация жұмыстары жүргізілді. Алдағы уақытта ол жерде ашық аспан астындағы музей ашылатын болады.
«Ордабасы тауы» қорық мұражайына ел бірлігін дәріптеген, татулықты тегеурін еткен қазақ халқының Төле, Қазыбек, Әйтеке билеріне монумент орнатылуда.
Қазығұрт тауындағы кеме кешені жобасы жүзеге асырылмақ, – деп бір қайырды.
Естеріңізге сала кетсек, дәл осыдан бір жыл бұрын аймақ басшысы Жансейіт Түймебаев Қазығұрт тауының басына келетін туристердің күн сайын көбейе түсуін ескере отырып, ол жерде отандық туризмнің тынысын ашу бағытында кеме бейнесінде ғимарат салу туралы бастама көтерген болатын. Сонда ол бірнеше қабаттан тұратын бұл нысанда келушілер үшін барлық тиісті жағдайлар жасалатынын алға тартқан еді. Қасиетті таудың маңызын артқыза түсетін бұл бастаманың жүзеге асар күнінің ауылы да алыс емес екені белгілі.
«Қазіргі заманғы қазақстандық мәдениет жаһандық әлемде» арнайы жобасына сәйкес атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен таныстырған Б. Әшірбеков «Қазақстанның 100 жаңа есімі» арнайы жобасы аясында іске асқан тірліктерді шолып өтті. Бұл туралы ол:
– Өздеріңізге белгілі былтыр «Қазақстанның 100 жаңа есімі»
бойынша жеңімпаздарды таңдау дауыс беру негізінде анықталған болатын. Соған сәйкес, «Қазақстанның 100 жаңа есіміне» Түркістан облысынан 6 азамат енгізілді. Олар, Қайрат Молдасейітов, Сырым Ертаев, Бекарыс Шойбеков, Әсел Далиева, Құралбек Орынбасар және Эдуард Велк. Онлайн дауыс беру негізінде көпшіліктің зор сенімі мен ықыласына бөленіп, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының бірінші кезеңінің жеңімпазы болған облыс мақтаныштарының қатысуымен бірқатар іс-шаралар жүргізілді. Айталық, облысымыздың жас спортшылары жоба жеңімпазы болған Әсел Далиева, Құралбек Орынбасар, Эдуарда Велк сынды сайыпқырандармен бетпе бет жүздесу арқылы өздерін толғандырған, көп ойландырған сұрақтарға жауап алды. Мұнымен қатар түрлі тартысты турнирлер, дүбірлі жарыстар кезінде кез келген спортшыға бойтұмар болар түрлі ақыл кеңестер алып, серпіліп қалды. Ал елімізге белгілі айтыскер ақын Бекарыс Шойбековпен онлайн режим арқылы мыңдаған оқушылар тағылым алды. Белді кәсіпкер Сырым Ертаев болса Отырар төрінде жастармен кездесіп, оларға табысқа жетудің кілті тұрғысында келелі сұхбат берді. Қазіргі таңда «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының екінші кезеңі басталып кеткенін баса айтқым келеді,-деді.
«Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің басшысы Бақытжан Әшірбеков «Мемлекеттік тілдің латын қарпіне көшуі» арнайы жобасын жүзеге асыру мақсатында облыста бүгінге дейін 1100-ден аса іс-шара өткізілгенін мәлімдеді. Сондай-ақ ол, «100 жаңа оқулық жобасы» бойынша қолға алынған қарқынды тірліктерді де баяндады. Бұл туралы ойын ол:
– «100 жаңа оқулық» жобасы бойынша мемлекеттік тілге аударылған әлемнің ең озық деген 18 оқулығын оқырманға таныстыру іс-шаралары ойдағыдай өтті. Жыл аяғына дейін дәл осы бағытта тағы 30 кітап жарыққа шығатын болады. Қазіргі таңда баспа бетін көріп, еліміздегі оқу орындарына таратылған 18 оқулыққа жастардың назарын аудару, сол арқылы олардың ой-өрісін кеңейту, ақпарат алмасу тәсілдерін үйрету және тағы басқа насихаттау жұмыстарын өткізу қарқынды жүргізілуде. Сонымен қатар, ай сайын аймақ аумағында «Оңтүстіктің дара тұлғалары» тақырыбында елге танымал зиялы қауым, ғалым, қоғам, мемлекет қайраткерлерінің жастарға арналған дәрістері ұйымдастырылуда. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Оңтүстік Қазақстанның көне қалалары, тарихи тұлғалары, табиғаты, киелі орындары, әдет-ғұрыптары туралы 17 кітап шығару қолға алынуда, – деп тұжырды.
Ол осы атқарылып жатқан істердің нәтижесінде қоғамдық сананың жаңғыруы жарқын жолға түскенін, бұл «Рухани жаңғырудың» жемісі екенін ерекше атап өтті.