Шымкент Түркістаннан сырт айналмайды немесе «Ер шекіспей, бекіспейді»…
Өткен тамыз айы орта шенінен асқан шақта күнгейге еліміздің Премьер– министрі Бақытжан Сағынтаев іссапармен келген болатын. Облыс орталығы Түркістанға ат шалдырған соң, Бақытжан Сағынтаев беделі биіктеп, мегаполис мәртебесін алған Шымкентке бет алып, қаланың шен-шекпенділерімен де кездесіп қайтқан еді. Біз Премьер-Министрдің осы сапары туралы газетіміздің өткен санының бірінде «Премьер қатысқан «разборка» немесе елдің тыныштығын ойлауы тиіс әкімдер неге текетіресіп жүр?» атты мақалада жазған болатынбыз.
Аталған сапар кезінде Бақытжан Сағынтаевтың Шымкент мэріне қарата «…Бір жерде тұрған ағайындар екіге бөлінгеннен кейін айтысып жүрген ұят болады!» деп айтқан сөзін мақалаға өзек еткенбіз. Яғни, онда Премьердің бұл сөзі ел арасында желдей есіп жүрген «Әбдірахымовтың қалада іргесі құйылған бірде бір мекеме облыс меншігіне өтпейді деп бет қақтырмай жүр екен» деп жатқаны шындықтың шеңберіндегі сөз екенін айқын аңғартқандай болғаны тұрғысында ой өрбітілген еді. Сөйтіп, Премьердің күнгейге келуін әкеден қалған мұраға таласқан тентек ұлдардың керін киген жоғарыдағы қос әкімдердің қылығы Ақорда төріне жетіп, «олар беттің арын бес түйген» шенеуніктердің бұл «қарусыз майданына» нүкте қоюға кіріскендігінің көрінісімен тығыз байланыстырып болжам жасағанбыз.
Шыны керек бір үйде тел өскен балалардай болуы тиіс Шымкент пен жаңадан құрылған Түркістан облысы әкімдерінің арасында мұндай мазасыз ауанның жағымсыз жайы қалың қауымға да кереғар әсер беретінін осы мақала арқылы жеткізген едік. Біздегі мақсат биліктің бишігін ұстағандарды сын садағына алып, еңсесін езу емес, көптің алаң көңілін сол кісілердің назарына жеткізе отырып, оларды елге тиімді, жұртқа жағымды тірлік етуге шақыру ғана екені ашық ақиқат.
Осы аптада біздің сол үкілі үмітіміз ақталып, жоғарыда аттары аталып, түстері түстелген қос әкім бұдан былайғы ретте ынтымақты түрде жұмыс істеу туралы тоқтамға табан тіреді. Бұл тек біз үшін емес, аймақ халқының баршасына да ақжолтай ақпар болды. Оған әлем-жәлем болған әлеуметтік желі арқылы осы ақпар туралы жазбаларға пікір қалдырып жатқан жұрттың лебізі дәлел сияқты.
Елбасының Түркістан қаласын облыс орталығы ету туралы Жарлығын жүзеге асыру мақсатында 17-тамыз күні жаңадан құрылған Түркістан облысы әкімдігінің мемлекеттік қызметкерлері Шымкенттен Түркістан қаласына көшкен еді. Облыс басшысы Жансейіт Түймебаев бастаған сол керуен көштің киелі қалаға баруы Шымкентте салтанатты жағдайда өткізілген. Бірақ сол шараға қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың келмеуі кісілік болды ма, әлде, «шақырмаған жерге барма» дегеннің құрбанының кері болды ма белгісіз. Бірақ сол кезде оның осы шараға қатыспауы қоғамның зор түсініспеушілігін тудырған. Жұрт осы жағдайлардың барлығын ой елегінен өткізе отырып, «қос әкім бір-біріне ұрттарын бұртитып жүр» деген долбар жасағаны да жасырын емес. Қай жағынан алып қарасаңыз да әкімдердің мұндай тірліктің түзілуіне жол беруі жөн болмады.
Бірақ осындай текетірестің барлығынан кейін Жансейіт Түймебаев пен Ғабидолла Әбдірахымовтың арыға барып, артық кетпей, біріге, бірлесе жұмыс істеу туралы меморандум жасауы өте бір құптарлық жәйт болды. Тұран төрінде Түркістан облысы мен Шымкент қаласы әкімдіктерінің арасында жасалған бұл меморандумның негізінде облыс пен қала көптеген салалар бойынша бір-бірін қолдап, қатар дамитын болмақ. Осы бағытта тараптардың ынтымақты түрде жұмыс істеуіне негіз болар меморандумға қол қою рәсімі кезінде Шымкент басшысы Ғабидолла Рахматоллаұлы:
– Түркістанның Қазақстан үшін, жалпы Түркі əлемі үшін маңызы зор. Шымкент қаласы мен Түркістан облысы арасында əкімшілік шекара бар шығар, бірақ, біз əрқашан біргеміз. Енді бізді ешкім бөле алмайды. Қаланың Бас жоспары бекітілген соң Түркістан қаласындағы ең бірінші ғимаратты Шымкент қаласы əкімдігі салып беретін болады. Шымкент əрқашан Түркістанмен біргеміз. Елбасы тапсырғандай, Түркістан қаласы қарқынды дамып, əлемдік деңгейдегі шаһарлардың қатарына қосыла берсін, -дей келе, облыс әкімі Жансейіт Қансейітұлына:
– Өзіңізге жəне Сізбен бірге көшіп келген басшыларға, мемлекеттік қызметшілерге табыс тілеймін, – деп тілегін төгіп тастады.
Ал облыс басшысы Жансейіт Қансейітұлы:
– Шымкент – Түркістан облысына ең жақын қала. Сондықтан өңірдің дамуына ең бірінші кезекте Шымкент қаласының қосар үлесі зор. Біз бір-бірімізді қолдай отырып, облыс пен қаланы, сол арқылы республикамызды дамыта беруіміз керек,-деді.
Жуырда Елбасы Парламенттің қос палатасы мен Үкіметтің бірлескен отырысында Түркістан облысының орталығы Түркістанның дамуын Үкімет басты назарға алуы тиістігі туралы тапсырманы шегелеп атап өтті. Қырғызстанда өткен Түркі мемлекеттері басшыларының кеңесінде де Түркістанның маңыздылығына мән берді. Тіпті түркітілдес елдерді Түркістанды дамыту бағытындағы жұмыстарға атсалысуға шақырды. Одан бұрын мемлекет басшысы еліміздің әр аймағы Түркістан қаласында бір-бір нысан салып беретінін де алға тартқан.
Мемлекет осылай ел-ел, жер-жер болып, талай хан, батырлар жерленген көне қаланы дамытуға атсалып жатқанда оған ең жақын орналасқан ірі қала Шымкентті өз алдына бөлек бөліп, сен тимесең мен тиме деп отырғызып қоймайтынын Ғабидолла Әбдірахымов кеш болса да түсініп, бойын жиып алды. Оның бұл екпіні қай деңгейде болары алдағы күннің еншісінде.
Қазақта «Ер шекіспей, бекіспейді» деген сөз бар. Жансейіт Түймебаев пен Ғабидолла Әбдірахымовтың Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан облысы болып қайта құрылғаннан бастап, Шымкент мегаполис болғаннан бергі қатынастарының басы қатты, аяғы осылай тату-тәтті болып жалғасып жатқаны лайым сол мақалдың нағыз көрінісі болғай.
Қ. ҚАЛИЕВ,
Сурет С. МЫРЗАЛИЕВТІКІ.