АЛАҚАНЫ АШЫҚ АТЫМТАЙ

Осы бір жаны жайсаң, жүрегі жомарт, ашық қолды азаматпен бір ауылда бірге өстік. Ол кішкентай кезінен өте алғыр болып, қатарластарынан озық тұрды. Атасы Омар бауырына басып, бала Атымтайды мықты тәрбиеледі. Алты жасынан бастап аттың жалынан тартып мінгізді. Ауылдағы Омар, Балықбай, Шәмші қариялар немерелерін, балаларын атқа мінгізіп, көрші Сарысу ауылының Байқадамына алып баратын. Сол кезде ол ауылда ат бәйге, құнан бәйге, аламан бәйге, көкпар көп өтетін. Тайларының жалын, құйрығын күзеп, әлгі ата аталған ақсақалдар ұлдарын тайға мінгізіп Сарысуға қарай кетіп бара жататын. Біз де бала көңілмен қызыға қарап тұратынбыз. Қатарларын түзеп олар ауылдан ұзай беретін. Кейде бәйгеден жүлде, кейде алмай келетін. Сосын Атымтайлар ауылдың барлық балаларын жандарына ертіп, сеңгірге шығатын. Тайларын біраз жүйткітіп алады да, біздерге бәйгеге барған кездегі қызықтарын айтатын. Ауылдың қара домалақтары біз де тайға мініп қашан шабар екенбіз деп армандап тұратынбыз. Атымтай шаруаға өте бейім болды. Кешке мал өрістен қайтарда тайына мініп алдынан шығатын. Оның бізден екі жас үлкендігі бар. Мектепке бізден бұрын барды. Екі жылдан кейін біз де мектеп табалдырығын аттадық. Бірінші сыныптан бастап Атымтай сабақты үздік оқыды. Жоғарғы сыныптарға барғанда ол қоғамдық жұмыстарға белсене қатысты. Түрлі мектеп ішілік шараларды ұйымдастырып жүретін. Жас туристер жарысы, спорттық шараларға қатысып, ауданда мектептің намысын қорғайтын.
Бір қызығы бастауыш сыныптарда Омар қария Атымтайды көк есегінің алдына мінгізіп, алып келіп, алып қайтатын. Атасы мен немересінің мынау ісіне біздер қызыға қарап тұратынбыз. Ұстазы марқұм Алпысбай Баубеков ағамыз Атымтай кейін бүкіл қазақ еліне танымал азамат болады дейтін. Сол болжамы ақыры шындыққа айналды.
Атымай Омаров Қызылкөл ауылындағы Мұхтар Әуезов атындағы орта мектепті бітіргенен кейін 1976 жылы Алматы халық шаруашылығы институтына оқуға түсті. Аталған оқу орнында студенттердің алды болды. Қоғамдық жұмыстарға белсене араласты. Оқытушылардың зор беделін иеленді. Талай білім бәсекелеріне қатысып озып шықты. Институтты бітірген кезде ұстаздары сол оқу орнында қалуға ұсыныс жасады. Бірақ Атымтай ауылды, атасын сағынды. Оқу орнын үздік бітіріп, туған жерге қарай тартып отырды. Бір мың тоғыз жүз сексенінші жылы өзі туып өскен Құмкент ауылына келіп ұжымшарға кіші есепші болып орналасты. Алғыр азамат бұл қызметті дөңгелетіп әкетті. Ұжымшардың басшыларымен тез тіл табысып, өзінің мықты маман екендігін таныта білді. Жастарды ізінен ертіп көптеген игілікті істер жасады. Оқу орнында алған білімін шыңдай түсті. Іргелі шаруашылықтың экономикасын көтеруге мол үлес қосты. Содан кейін аудан орталығынан шалғайда орналасқан Шу кеңшарына қызмет ауыстырды. Бұл ұжымға да тез сіңіп кетті. Мал шаруашылығын дамытуға мол үлес қосты. Жергілікті халықпен етене еңбек етті. Күні бүгінге дейін Атымтайдың іскерлігін Шу ауылының тұрғындары жыр етіп айтады.
Тәуелсіздік алған жылдары А.Омаров кәсіпкерлік саласына ауысты. Бұл салағада өзіндік із қалдырды. Тапқан табысын елмен бірге бөлісті. Қиын кездерде Қызылкөл ауылының тұрғындарын материалдық жағынан демеді. Ауылдағы әлеуметтік жағынан аз қамтамасыз етілген отбасына үнемі көмек қолын созды. Мектепке баратын балаларын киім-кешекпен оқу-құрал жабдықтарымен қамтамасыз етті. Құрбанайт мерекесінде елге еттен көмек берді. Ірі қара сойып, оны елді мекен тұрғындарына таратты. Ауылдағы өзі оқып білім алған білім ұясына материалдық көмек берді.
Кәсіпкерлік саласындағы жұмысы жанданып, еліміздегі мықты кәсіпкерлердің қатарына қосылды. Қызыкөлдіктер Атымтайдың жетістіктеріне қуана, ризашылық сезімдерімен қарады. Мақтаныш тұтты.
«Біздің Атымтай нағыз жомарт азамат» деген мінездеме берді.
А.Омаров елдің мәдени өміріне, тарихи тұлғаларды дәріптеуге белсене жұмыс жасады. Бәйдібек ауданындағы Домалақ ананың кесенесін жаңартуға демеушілік жасады. Бұл игілікті ісі бүкіл исі мұсылманға машһүр болды. Кесене жұмысы біткеннен кейін ас берілді. Осы шарада Атамтайдың есімі құрметпен аталды. Бабата елді мекеніндегі Ысқақ бап кесенесіне кіре берістегі қақпаны да Атекең өз қаражатымен жасатты. Өнер өлкесінде жүрген таланатты жастардың қанаттарын қатайтуға мол үлес қосып, демеушілік жасады. Атекеңнің демеушілігімен Мұхтар Әуезов мектебіндегі Омар ата сыныбын жабдықтады. Қазір жыл сайын жаңа оқу жылында сынып кабинетін көрнекіліктермен қамтамасыз етеді.
Ауданның мерейлі тойында айтыс өнерінің майталмандарына арнап өз қаражаты есебінен жеңіл автокөлікті бәйгеге тікті.
А.Омаровтың ел дегенде жүрегі елжіреп тұрады. Кәсіпкер туған жер түлектерінің аудандағы бас қосуларында үнемі игі істерге мұрындық болып жүреді.
Қазақтың Атымтай жомартына лайықты азамат талай азаматтарға қиын кездерде қол ұшын беруден тайынған емес.
Ауылдасы , замандасы Нұрәділ Әшірбеков айтады:- Атымтайдың жомарт қолды азамат екенін көптен бері білемін. Студент кезінің өзінде қатар жүрген біздерге үнемі қамқор болып жүретін. Сол кезде қаражаттын қысылсақ інімізге баратынбыз. Ол институтты үздік оқыды. Шәкіртақыны да мол алатын. Қысылған кезімізде ол бізге қаражат беріп тұратын. Ол мұны міндетсінбейтін және қайтарып бер деп сұрамайтын.
Кейін бір туыстарым қатты ауырып Алматыға бардым. Ауруханада Атымтайға жолығып қалдым. Ол:-Нұреке, мұнда не істеп жүрсіз,-деді. Мен мән-жайды айттым. Дереу автокөлігіне отырғызып алып, Алматыға ең таңдаулы мейрамханаға алып барды. Ал, Нұреке, не қалайсыз,-деді. Тамақтанып болғаннан кейін:- енді үйге жүріп қонақ болыңыз,-деді. Мен ауруханаға бару керек екендігін айттым. Ол қалтасынан қомақты қаржы алды да маған ұсынды.-Нұреке, керек болып қалады, алыңыз,- деді. Менімен жылы қоштасып ол жұмысына кетті. Міне, Атымтайдың жомарттығы осындай деді.
Атымтай Омаровтың мұндай демеушілік істері жайлы көп кісіден естіп жүрмін. Азаматтығына ризашылығын айтқан жандар арамызда аз емес. Бұл бір парасы ғана.
Атымтай Омаров сонау 1993 жылдан бері халық шаруашылығының түрлі салаларында қызмет атқарып келеді. Жеке кәсіпорындар құрылтайшысы. Алматы облысы кәсіпкерлік және өнеркәсіп департаментінің басшысы қызметін абыройымен атқарып келеді. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының Алматы облыстық филиалының басшысы қызметін қоса атқаруда. Облыстық өндіріске инновациялар енгізу қорының да басшысы. Созақ, Бәйдібек аудандарының «Құрметті азаматы» «Болатын бала басынан» деген тәмсілді атамыз бекер айтпаса керек. Сонау бала кезінде Атекеңнің бойына сіңген адамгершілік, инабаттылық қасиеттері әлі күнге дейін бойында сақталған. Сондай-ақ, бұл азамат кішімен кіші болып, үлкенмен үлкен болып сөйлесе біледі. Жаны жайсаң, көңілі жомарт. Кез-келген кезде қасындағы досын да, жолдастарын қиындықтан алып шығады. Кейде көңілге керемет ойлар келеді. Атекеңнің осындай елге танымал азамат болуына қасиетті Баба Түкті шашты Әзіз бабаның, атасы Омардың ықпалы болды ғой деген. «Ата көрген- оқ жонар» деген дәл осындай азаматқа арналып айтылса керек. Омар атамыз да өмірдің талай белестерінен өткен жан. Сонау колхоздастыру дәуірін бастан өткерген. Колхоз төрағасы болған. Өзінің ұйымдастырушылық қабілетімен колхозды гүлдендірген. Елді ынтымақ пен бірлікке жұмылдырған. Қиын күндері халықтың жағдайын жақсартуға үлес қосқан.
Елбасымыздың «Рухани жаңғыру: Болашаққа бағдар» бағдарламалық мақаласының «Туған жер» бөлімінде өсіп-өнген туған өлке түлектерінің перзенттік құрмет көрсету жайы баса айтылады. Ұлт көшбасшысының аса мән бере айтылған сөзіне А.Омаровта үн қосып, үнемі туған жерге жиі ат басын бұрып қолынан келгенінше перзентік парызын өтеп жүр десек артық айтқандық болмас. Ауылға әр келген сапарында туған жерге тарту-таралғысыз келген емес. Оны ол міндетсінген де абырой санағанға да жаны қарсы. Елім, жерім гүлденсе деген мақсат-оны алға қарай жетелейді де отырады. Өзі білім нәрімен суысндаған мектебіне ат шалдырмай кетпейді. Ұстаздарының көзін көрген қариялармен сұхбаттасып, олар жайлы естеліктерді тыңдайды. Жасы кіші болса да қазір еңбек етіп жүрген мұғалімдерге сәлем береді. Өзі қамқорлығына алған сынып кабинетіне көрнекіліктер алып келіп, ілуді де ұмытпайды. Қасиетті Қызылкөлдің ауасын жұтып, мөлдір суына шомылады. Балалық кездерін еске алып, құмына табанын тигізеді.
Атымтай ауылға келсе, еңейген қариясынан, еңбектеген баласына дейін қуанып қалады. Кәсіпкер азаматтың қарапайымдылығына тәнті болады. Қариялар әңгімесін тыңдайды. Жастар келіп сәлемін береді.
Кәсіпкерлік саласының майталманы үш ұл тәрбиелеп өсірген. Олардан немерелер сүйіп отыр. Отағасы жұбайы Алипова Гүлнар екеуі тату-тәтті жанұяда ғұмыр кешіп келеді.
Атымтайдың достары өте көп. Барлығымен хабарласып жағдайларын сұрап тұрады. Қызылкөлде жастық шақтары бірге өткен сыныптастары да Атекеңді үнемі мақтаныш тұтады. Жиі кездесіп, тойларында бірге болады. Өмірдің қызықты сәттерін бір-бірімен бөліседі.
Уақыт дегеніңіз қамшының сабындай қысқа сырғып өтіп жатыр. Елге қадірі мол азамат әр күнін бос өткізбейді. Барлық уақытын игілікті іске жұмсайды. Әр күнін адамдарға жақсылық жасауға арнайды. Алпыс жасқа қарай атбасын бұрған асыл азамат елдің ынтымағы мен бірлігіне үнемі жұмыс жасайды. Жастар болашағы туралы да кеңінен толғанады.
Ауданымыздың 90 жылдық мерей тойына өзіндік үлес қосу да көңілінде жүр. Жүрегі жомарт жанға әрқашан халықтың құрметіне бөлене беріңіз дейміз.
Сәрсенбек ТЕҢІЗБАЕВ.