ҚОҒАМ ТЫНЫШТЫҒЫН КҮЗЕТКЕНДЕРГЕ ҚҰРМЕТ
Қоғам тыныштығын күзету жолында өздеріне артылған сенімнің үдесінен шығып келе жатқан Қазақстан полициясына биыл 26 жыл толып отыр. Осыған орай Шымкентте Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевтың, қала басшысы Ғабидолла Әбдірахымовтың, милиция генерал-майоры Ж.Сұлтанов пен полиция қызметкерлерінің қатысуымен салтанатты шара болып өтті.
Жиын Қазақстан полициясының 26 жылдығына байланысты ескерткіш- обелисктің салтанатты ашылуымен басталды. Халықты қылмыскерлерден қорғау жолында елгезектік танытып, әділдіктіктің салтанат құруына барынша күш салып, сол жолда өз өмірлерін құрбан еткен батырлардың ерлігіне тағзым ретінде жасалған бұл ескерткіш-обелисктің салтанатты ашылу рәсімінде облыс әкімі Жансейіт Түймебаев:
– Ел тыныштығын қамтамасыз ету жолында ерліктің үлгісін көрсеткен ерлеріміз ешқашан естен кетпейді. Бүгінгі барлығымыз куә болып отырған ескерткіштің ашылуы соның жарқын белгісі. Әрине ерлікпен қаза тапқан батырларды ешбір ескерткішпен алмастыра алмаймыз. Бірақ олардың рухына құрмет көрсету біздің азаматтық парызымыз. Бұл нысан бүгінгі ұрпаққа ұлағат, болашаққа аманат. Ел қорғаны деген еңселі атты арқалаған полиция қызметкерлерінің абыройы арта түссін,- деген игі тілегін жолдады.
Шара барысында оған қатысушы қонақтар облыстық ішкі істер департаментінің жеке аппарат құрамының салтанатты шерумен жүріп өтуін тамашалады. Бұдан соң, рухы мықты ішкі істер органы сақшыларының өмірінен мол мағлұмат беретін ішкі істер департаментінің музейін аралады. Сонымен қатар қызметін орындау барысында абыройларына көлеңке түсірмей, ерліктің нағыз үлгісін көрсеткен үздік полицияларды марапаттау рәсімінің куәсі болды.
Шара соңы арнайы әзірленген концерттік бағдарламаға ұласты.
Сөз соңында қызметіне қырағы мамандардың арқасында осы жылы Шымкентте құқықбұзушылық дерегі өткен жылмен салыстырғанда 12 пайызға төмендегенін айта кетейік.