МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІЛЕРДІҢ ЕҢБЕКАҚЫСЫ ЕСЕЛЕНЕДІ

Үшінші мегаполис атанған Шымкентте басқармалар құрылған соң мемлекеттік қызметшілердің жалақысы біршама жоғарылайтын болады. Мемлекет бұл санаттағы қызметкерлердің әлеуметтік экономикалық жағдайының көтерілуіне барлық мүмкіндіктер жасайды. Тек мемлекеттік қызметші мәртебесін арқалағандар өздеріне қойылған талаптың үдесінен шыға білгені жөн. Ол талап Шымкентті Алматы мен Астана қалаларының деңгейіне жеткізу. Бұл мақсатта бір үйдің балаларындай жұмыла жұмыс жүргізуі қажет.

Шымкенттегі Қазақстан халқы Ассамблеясының ғимаратында мемлекеттік қызметшілердің кәсіби мерекесіне және мемлекеттік қызмет органдарының 20 жылдығына арналған салтанатты шара барысында қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов өзінің құттықтау сөзінде осылай деп мәлімдеді.
Сондай-ақ жиынға Түркiстан облысының әкімі Ж.Түймебаев, еліміздің мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаментінің басшысы Ә.Көмекбаев, мәслихат депутаттары және 900-ге жуық мемлекеттік қызметші қатысты.
Онда сөз алған Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Елбасының Жарлығымен Шымкенттің дербес қала атанып, Оңтүстік Қазақстан облысының Түркістан облысы болып өзгертілуі және оның орталығы Түркістан қаласы болып белгіленуіне орай өңірде болашақта халықаралық маңыздағы жиындар мен конференциялардың көптеп өтетінін ерекше атап өтті. Сонымен қатар ол осындай оң өзгеріске аяқ басқан тұста мемлекеттік қызметшілер өздерінің білім-біліктілігін барынша көрсету қажеттігін мәлімдей келе, алдағы уақытта Оңтүстікке көптеген мемлекеттік қызметшілер қажеттігін айтты.
Шара барысында Оңтүстікті түлету туралы ортақ мақсатта өздерінің бойындағы іскерлік қарымымен ерекшелене білген бірқатар мемлекеттік қызметшілердің өңіріне «Үздiк мемлекеттiк қызметшi» төсбелгiсi тағылды.