ШЫМКЕНТКЕ КЕЛГЕН ШЕТЕЛДІКТЕР УАҚЫТ ШЫҒЫНДАМАЙДЫ

Қала әкімдігінің қолдауымен Шымкентте алғаш рет шетелден келген азаматтар үшін Көші-қон қызметтері орталығы ашылды.

Орталық заманға сай бой көтерген үш қабатты ғимаратта орын тепкен. Қазақстан бойынша Астанадан кейін Шымкентте жұмыс істей бастаған бұл орталықта қалаға табаны тиген өзге елдің азаматына тиісті қызметтер көрсетілетін болады. Атап айтқанда, олардың өтініштерін қабылдау, тіркеу, толықтай медициналық тексеру, өз денсаулығын сақтандыру, қажет болған жағдайда қалада болатын күндерін создыру туралы рұқсат парағын алу және т.б қызметтер «бір терезе» қағидасы бойынша бар-жоғы бір сағаттың ішінде жүзеге асады. Бұған дейін жоғарыдағыдай құжаттарды рәсімдеу үшін шетелдік азаматтар бес күн уақытын кетіретін. Және әр мекеменің есігін қағып сабылатын. Енді Көші-қон қызметтері орталығындағы «Азаматтарға арналған Үкімет» қызметін көші қон полициясының жүзеге асыруының арқасында олар тиісті құжаттарды рәсімдеуді әп-сәтте тындырады. Тек орталық көмегіне жүгінген азаматтардың жеке басын куәландыратын төлқұжаты болса болғаны.
Мегаполис мәртебесін тағы бір сатыға көтерген бұл орталық Шымкенттегі «Нұрсәт» шағынауданындағы С. Бәйтереков көшесіндегі №89 үйде орналасқан.

Қ. ҚАЛИЕВ.