ӘКІМДІКТІҢ ШУ ШЫҒАРМАУҒА ӘЛІ ЖЕТЕР ЕДІ… дәл қазір көпшілік Шымкенттен шу емес, игілік күтуде

Мегаполис атанған Шымкенттің ажарын ашу жағы оның әлеуметтік экономикалық жағдайын көтеру мәселесінен қалыс қаралып жатқан жоқ. Облыстан еншісін алып, дербес қала болған бір айдан астам уақыт ішінде мұнда сан жылдан бері күн тәртібінен түспей тұрған мәселелердің көбесін сөгуге жергілікті билік бел шешіп кірісті. Тіпті қаншама жылдан бері «бас ауыртып, балтырды сыздатқан» мәселе «Орталық Қырғы базар» маңындағы жабайы сауда қатарларының көзін құрту жұмыстарына батыл бойлады.

Ол үшін сот осы жылдың 27-шілдесінде базар маңындағы заңсыз сауда орындарын бұзу туралы шешім шығарды. Сот орындаушылары болса шешімді келесі күні сатушыларға таныстырып, оларға бар-жоғы екі күннің ішінде жағалай отырып азық-түлік пен ауылшаруашылық өнімдерін сататын нүктелердегі саудагерлер мен 30-дан астам пластикалық дүңгіршектердің иелеріне отырған орындарын өз еркімен босатып, территорияны тып-типыл етуді бұйырған. Осыдан соң саудагерлердің талағы тарс айрылады. Жергілікті билік, құқық қорғаушылар мен саудагерлер тез арада ортақ мәмілеге келмей, мәселе айқай-шуға ұласады. Әр тараптың айтар уәжі бар.

Сонымен саудагерлер «мұншама қысқа уақытта үлгермейміз. Кем дегенде 20 күн беріңдер» деп қиғылық танытса, қызылжағалылар сот актісіне мойынсұну барлығына ортақ талап екенін алға тартады. Қалалық әкімдікке қарасты тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі болса бұл жер 2015 жылдан бері мемлекет меншігіне өткенін, ол туралы ретсіз сауданың көрігін қыздырғандарға бірнеше рет ескерту берілгені, одан қорытынды шығармаған соң, нәтижесінде бөлім сотқа арыз-шағым түсіргенін айтуда.
Жұртшылық жеме-жемге келгенде қай тараптың тірлігі заңға томпақ келіп жатқанын анық біліп отыр. Иә, мемлекет меншігіндегі жер жабайы саудаға бейімделгендердің емес, қаланың игілігі үшін кәдеге жарауы керек. Сондықтан да ондағы заң талаптарына пысқырмағандардың «әкімнің біреудің мүлкіне қол сұғуға құқы жоқ» деп ұртын бұртитуы өз басындағы түйені көрмей, өзгенің басындағы қара күйені көргеннің» керін келтіреді.
Әкімдіктегілер саудагерлерге өзге базарлардан орындар тауып беретінін айтқан. Тіпті, сол жерде үйренген кәсіптеріне төселу үшін үш айға дейін тегін тұратыны туралы ұсыныс берген. Бірақ сатушылар бұл ұсынысқа келісе кетпей, ат тепкендей айқайға басқан. Салдарынан апта басында «Қырғы базар» алды айқай-шудың, келеңсіз көріністердің алаңына айналады. Ол теледидар мен әлеуметтік желі арқылы дүйім елге таратылды.
Қазақ батыры Бауыржан Момышұлы «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды» деген. Шынымен де тәртіп барлығына ортақ. Дей тұрғанмен мұндай дабыраны тудырмауға биліктің құрығы да қауқары да жететін еді ғой. Мұндай жағымсыз жәйттерді жан-жақтағыларға жайып салудың қажеті Шымкентімізге қаншалықты абырой әперді? Сөзден құдіретті күш жоқ. Сол жерде құқық қорғаушылар ашуға мініп, ақылын жұтып тұрған саудагерлерді қолынан сүйреп, қызметтік көліктеріне тоғытпай, өзге тәсілдермен-ақ сабасына түсірудің жолын табуға әрекет етуі артықтық етпейтін еді. Айталық, аудан ардагерлері, базар басшылығы саудагерлерге тоқтам айтып, кеңес беріп жатса ешкім қой демес еді. Мейлі, олар ешқандай ақылға да, уәлі сөзге де табан тіремеген жағдайда билік саудагерлерге сұрап отырған уақыттарында жұмыс істеулеріне мүмкіндік беріп, кеңдік жасаса, ұпайы азайып қалмайтын еді. Олар базар маңынан ырыздық несібе табу үшін үш ай, алты ай, бір жыл емес, бар болғаны 20 күн сұрады емес пе? Олар деп отырғандардың басым көпшілігі қара қазан, сары бала қамымен азаннан қара кешке дейін жазда күн көзіне күйіп, көзін шаңға толтырып, қыста дірдек қағып, қолы қатып жүрген қазақтың әйелдері екенін еске түсіре кеткен артық болмас. Қазақ «қырқына шыдап, қырық біріне шыдамайсың ба?» деп осындайда айтқан болса керек…

С. НҰРАЙ.