Премьер қатысқан «разборка» немесе елдің тыныштығын ойлауы тиіс әкімдер неге текетіресіп жүр?
Бұрын аталарымыз «Балам, бақыт та, мүмкіндік те ер жігітке үш рет беріледі, соны ұмытпаңдар. Түсініп, ұстап қалсаңдар қалдыңдар, ұстай алмасаңдар, онда ешкімге өкпелемеңдер» деп отырушы еді. Сол айтпақшы, мегаполис атанған Шымкенттің алғашқы «мэрі» болу, турасы Шымқаланы басқару бақыты Ғабидолла Әбдірахымовқа екінші рет бұйырғанын осыған дейін де жазғанбыз. Кей кездері «арық сөйлеп, семіз шығуды» «ұмытып» кететін Ғабидолла Рахматоллаұлына бұл бақ қайтып беріле ме, жоқ па, ол жағы белгісіз. Бірақ, бір анығы – әкім болғанына екі айдан енді асып, әкімдік лауазымына «Нұр Отанның» қалалық филиалының төрағасы мансабын қосып алған Ғабидолла Әбдірахымов «тал түсте тасқа сүрінген» сияқты. Оған осы аптада Түркістан облысына, одан қалаға келген Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың «…Бір жерде тұрған ағайындылар екіге бөлінгеннен кейін, айтысып жүргені ұят болады!» дегенді Түймебаев пен Әбдірахымовқа бағыттап сөйлеуі мысал болса керек…
Шымкенттің облыстан бөлініп шығуы – шынын айтқанда Түймебаевтың командасының «күнкөрісіне» жұдырық болып жабысты. Өндіріс ошақтары, кіші және орта кәсіпкерліктің ірі-ірі нысандары, одан қала берді емдеу-сауықтыру, білім беру, мәдениет ошақтарының басым көпшілігі Шымкенттің территориясында қалып қойды. «Оңтүстік Қазақстан облысы 80 пайыз дотацияда отырсыңдар» деп тірлік жасауды қадап тапсырған Елбасының оң қабағынан көрінуді армандап жүргенде облыс бөлініп кетті. Ендігі жерде «жыртыққа жамау» болып отырған аз-маз салық, өзге де түсімдер Түймебаев командасының түсіне кіретін сияқты. Баяғы «80 пайыз дотация» келмеске кетті… 100 пайыздан асып жығылмаса көріңіз… Мұндайда «оңай жан беретін» Әбдірахымов па? Түнеукүнгі тобырда сәуегейлер «Әбдірахымов Түймебаевқа қала территориясында орналасқан зауыт-фабрикалардың, аурухана, білім беру ордаларының ешқайсысын бермейтін болыпты. Қолыңнан келсе тартып ал депті» деп сайрап отырған… Осы «тартыс» пен «талас» «ақ үйдегі» «ақ жағалылардың» құлағына жетсе керек, осыдан екі айға жетпейтін уақыт бұрын «нөкерлерімен» Түркістанға келіп кеткен Бақытжан Сағынтаев осы аптада облысқа, сосын қалаға тағы да табан тіреді. Сағынтаевтың сағынып келмесі анық. Әйтпесе, Түркістан облысы өз орталығына көшіп жатқанын өткенде келгенде ғана көріп кеткен-тұғын. «Мектептің қасына тойхана салып қатырыпсыңдар» дегені де сол кезде еді… Ендеше, Сағынтаевтың «сардарларын» ертіп, киелі орынға келуіне не себеп болды?
Міне, гәп осында… Әлгінде ғана айтқан мемлекеттік меншіктерге «талас» туралы әңгіме расқа айналды. Әңгіме ауаны осыған ауғанда Ғабидолла Рахматоллаұлы: «Біз Асқар Ұзақбайұлының (Үкімет басшысының орынбасары А.Мәминді айтады. Ред.) басшылығымен және де бірқатар министрлермен облыс пен қала меншігіне қатысты сұрақтарды қарадық. Нәтижесінде Түркістан облысының әкімімен екі жақты келісімге келдік. Қазір арамызда ешқандай сұрақтар жоқ…», — деп «басын қасыған» сыңай танытқанда біраз мәселенің «беті ашылғандай» болды. Осыны естіген Үкімет басшысы «Солай болу керек, ешқандай сұрақ болмауы керек. Бір жерде тұрған ағайындар екіге бөлінгеннен кейін, айтысып жүргені ұят болады!»-деп қысқа қайырды. Мұнысы қысқа қайыру емес, «…қысып жүріңдер» дегенге көбірек ұқсайтындай көрінген, бізге… Парадокс… Бір-бірінің алдында басын игісі келмеген екеудің «разборкасын» шешу үшін «орта» Бақытжан Сағынтаевтың «төрелігіне» жүгінген бе, сонда?
Сонда бұл екі әкім өздерінің «непоняткасын» шешу үшін «авторитетті» «сходқа» шақырды дейміз бе? Күлкілі-ақ дүние…
Қазақта «қылығын Құдай сүймейді» деген мәтел ме, әлде нақыл ма бар… Бұл әдетте «аяғы жерге тимейтін» жағымсыз кейіп танытатындарға айтылады. Сосын берген уәдесін орындамайтын, одан қалса сөзі көп, ісі аздарға да қарата бағытталады. Тап осылай десек, жоғарыдағы екі әкімнің «оңып» тұрған тұстарын тізбектейік, халық өзі бағасын берер.
Естеріңізде болар, Ғабидолла Әбдірахымов Шымкент қаласына алғаш әкім болып келген жылы жұртшылықты өзінің әйдік жобаларымен таныстырып, «егер осы жобаларды жүзеге асыра алмасам, онда бес жылдан кейін командаммен отставкіге кетемін» деп еді. Басқа-басқа «аумалы-төкпелі саясатта табаны күректей бес жыл Шымкентті басқару басқа-басқа, Әбдірахымовтың ойына қайдан келгенін біле алмай дал болғанбыз, сонда. Тағайындаудың да мерзімі бола ма деппіз ғой. Әйтпесе, адам баласының алдында не тұрғанын Алладан басқа ешкім білмейді десек, онда Әбдірахымовтың сол Жаратушыдан асып кететін қасиеті бар болғаны ма деп таңырқасқанбыз. Сөйтсек, Әбдірахымов ондай «күштің» иесі емес екен. «Шымкентті Лас-Вегастан да әдемі етемін» деп жар салған жарықтық бес жыл түгілі, оның жартысына жетпейтін мерзімде қызметінен кетіп тынды. Кей кездері періштенің де пенденің кейбір «армандарын» тыңдап қалатыны бар емес пе, сол айтпақшы «Шымкенттің ауасын сағынатынын» айтып, арманда қызметтен босаған Әбдірахымовтың сол кездегі халін Алла тағала көріп қойды ма, әйтеуір екінші рет әкім болуға мүмкіндік берді. Бұл жолы бұрынғыдай аспандағыны армандамай, нақты іске көшуді де санасына сіңірген шығар. Әйтпесе, «көтере алмайтын шоқпарды белге байлау» – қазіргі заманның талабы емес. «Өткен бес-алты айдың ішінде ауыл шаруашылығына шақталған 3 мың гектар жерді мемлекет меншігіне қайтарып алдық. Енді осы жерді ыңғайластыру жағын ойластырып жатырмыз. Алдағы бес жылда Шымкентте жер кезегінде де, баспана кезегінде де бірде-бір адамды қалдырмай көмектесу – арманым», – деп «көкірегін керген» қала әкімі қызметтен кетсе де, оның сол кездегі уәдесі ол қайтып келген тұста халықтың санасынан сөне қойған жоқ. Оның сыртында 70 мың халық тұратын «Shymkent City» шағынауданының құрылысы, «Қауіпсіз қала» жобасы, қаланың әлеуметтік және инженерлік жүйелеріне қатысты мемлекеттік және жекеменшік әріптестік, «Ұлт жоспары: кәсіби мемлекеттік аппарат құру», қоғамдық көліктер бойынша муниципалды «Шымкент Bus» ЖШС-нің экологиялық таза отынмен жүретін жаңа автобустар алуға инвестиция тарту, тұрғын үйлерді жаңғырту, Д.Қонаев даңғылын ұзарту, жергілікті полиция жұмысының тиімділігін арттыру, тағысын тағы сол сияқты бірнеше жобалар Әбдірахымов алғашқы әкім болып келгенде ауызбен айтылып, ақырында іске аспай қалған болатын. Ендеше, Ғабидолла Рахматоллаұлы
сол «орындалмай қалған» армандарын осы жолы іске асыра ала ма, жоқ па, ол жағы тұмандау.
Шымкентті «бөліп тастап» Түркістанды түлетуге бел шешіп кіріскен Жансейіт Түймебаевтың бастамасымен кезінде қаладағы мыңдаған үйлер бұзылатын болып шешілді. Шіркіндер соншама үйді сатып алуға бюджеттің бүйірі қабысып қалатынын ойламады-ау… Енді келіп ақша жоқ, болса біріне жетеді, біріне жетпейді… Кешегі баға мен бүгінгі бағаны салыстырып тағы болмайды. Пәлен теңгеге бағаланып, мемлекет мұқтаждығы үшін сатылып алынатын үйлердің қаржысы толық төленіп бітуі үшін бірнеше жыл керек. Оған дейін күн сайын құтырған бағаның қай жерге барып тұрақтайтынын дөп басып тағы да ешкім айта алмайды. Екі ортада теңге тұратын үйінен тиын алып айырылатын халық шулап шықпасын демеске тағы да амал жоқ. «Аш бала тоқ баламен ойнамайды», айналып келгенде Түймебаев та, Әбдірахымов та аш қалмас үшін «тамып тұрған» дүниеге таласады, ол заңдылық. «Қай жеңгенің менікі» деп отыруға «жоғарыдағылардың» шыдамы, әрине, тағы жетпейді. Екеуінің біреуіне бөле-жарып болыса алмайтын жағдай. Бұл жерде, қалай болғанда да, Әбдірахымовтың «дүниесі түгел». Барынан айрылып қалғысы келмейтіні де содан. Тақыр жерге тал отырғызу оңай іс емес екенін Түймебаев Шымкентте «Шатқалды» қолға алғанда-ақ байқаған болар. Облысты нөлден бастап құруға оның кәсіби потенциалы жете ме, жоқ әлде «жеткен жерім осы болды, кешіріңіздер» деген шешімге келе ме, ол жағын уақыт көрсетеді. Дегенмен, Жансейіт Қансейітұлы инженер, экономист, құрылысшы емес, ол – педагог! Ғалым! Ғылым мен экономиканы, сол экономиканы көтеретін басқа да салаларды білу екінің бірінің маңдайына жазылған бақ емес. Десек те, бір лентасы қиылған жерде айналшықтап көрсете беру, аралай беру, «жаман иттің атын Бөрібасар қояды» деп сай-салаға «Шатқал», аллеяға «Арбат» деп ат қою оншалықты қисынға келмейтін сияқты.
Қысқасы, «қырқысып» жүрген екі әкімнің бірі пиарды, екінші қиярды дәріптеп жүргенде қыс та таяп қалды. «Шымкенттіктер жылуға пәленбай миллион қарыз» деген сыбыс әңгіменің де шеті шығып жатыр. Әбдірахымов алғашқы әкімдік империясында негізі жоқ мекеменің құрылуы кесірінен «3-Энергоорталықтың» мемлекет меншігіндегі 23 пайыз пакет акциясын алпауыт монополистке су тегінге беріп, қарызды жапқандай болған-тұғын. Бұл жолы несін, нені беріп құтыларын Құдай білсін… Не дейміз, ел-жұрт аман болсын. Қалғанын «қатыратындармен» бірге көрерміз…
А. САТЫБАЛДЫ.
Сурет А. ДИДАРБЕКТІКІ.