ӘСЕРЛІ ӨТКЕН КЕЗДЕСУ

Бүгін Түркістан облысы, Сайрам аудандық кітапханасында есімі елге белгілі журналист, республикалық «Спорт жұлдыздары» журналының бас редакторы, Қазақ Спорт және Туризм академиясының құрметті профессоры Мусағали Тасқалиевпен оқырмандар арасында кездесу болып өтті.
Кітапхананың белсенді оқырмандары Мусағали Сабырғалиұлының жақында жарық көрген «Мен іздеген қазына» атты жыр жинағынан өлеңдер оқып, ақынға арнаған өлеңдерін оқыды. Әсіресе «Мәртөбе» газетінің тілшісі Әділхан Төлегенов пен «Пульс Сайрама» газетінің тілшісі Салтанат Абылбековалар өздерінің өлеңдерін оқығаны оқырмандар көңілінен шықса, аудандық тіл бөлімінің маманы Бекзат Ахметовтың оқыған жыры кештің шырайын келтіріп жіберді.
Сіздерге сол өлеңді ұсынып отырмыз:
Сөз бергенде мен бір әнге салайын,
Талантымен тамсандырған талайын.
Елге келген бүгінгі,
Мусағали дүбірлі,
Қадамыңыз құт боп келсін, ағайым!
Қуантады жүрегіңде үн бары,
Шабыттанып жазылған, беу жырлары!
Жиенісің Беріштің,
Дей алады теріс кім?!
Жасай берсін Қазағымның ұлдары!
Айта қоймас, жұртым саған базына,
Әндерің бар — бөлеп жүрген сазына.
Тәңіріме табынып,
Бар қазақтан табылып,
Жүрсе екен, Сен іздеген қазына!
Жинаған беу, дүйім жұртты, туысты,
Жүрген жерің берекелі, ырысты.
Тек жақсылық жасаған,
Ерек туып басқадан,
Бола берсін Мұсадай ер жұғысты!
Кеш шырағы ән-жырменен жағылсын!
Аппақ тілек ақ жүректен ағылсын!
Барлық айтқан тілегім,
Жаратқаннан тіледім,
Періштенің құлағына шалынсын!
Бекзаттың осынау тамаша арнауынан кейін, кеш барысы өзгеріп сала берді. Әзіл-қалжыңмен жалғасқан кеште ақын өз өлеңдерін оқып, ұйымдастырушылардың бір тобына кітабын сыйға тартты.
Кеш барысында үздік дене шынықтыру пәні мұғалімі, сегіз қырлы бір сырлы азамат, осы шараны өткізу идеясының авторы Махамбет Сатбаев «Өнерге қосқан үлесі үшін» медалімен марапатталды.
Үздік музыка пәні мұғалімі Досымхан Ережепов өз кезегінде домбырамен Мусағали Тасқалиевтің сөзіне жазылған «Бауырларға базына» әнін нақышына келтіріп орындап берсе, «Спорт жұлдыздары» журналының баспасөз тарату бөлімінің басшысы Болатбек Сағымбаев ағамыздың «71-лер» әнің тамылжыта шырқап берді.
Кеш соныңда Мусағали ағамыз өзінің «Бір өзіңсің» әнің орындауы, сөзі мен әуені үйлескен әнге кешке қатысушылардың билегені өте керемет болды.
Біздің орталық кітапханада ақын-жазушылармен кездесу жиі өтіп тұрады. Бірақ бүгінгідей әзіл-қалжыңмен жарасып, әсем әндер мен биге ұласқан кештің алғаш өтуі.
Оқырмандарымызға тамаша көңіл-күй сыйлаған әдемі кешіңіз үшін үлкен рахмет Мусағали аға. Жазарыңыз таусылмасын! Талай жүрекке от жағатын махаббатқа толы жырларыңыз көп болсын!
Жанар Нарботаева
Сайрам аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің кітапхананы дамыту бөлімінің меңгерушісі