МАҚТААРАЛДА ҚҰРЫЛЫСШЫЛАР КҮНІ АТАЛЫП ӨТТІ

Мақтаарал ауданында — Құрылысшылар күні салтанатты түрде аталып өтті. Аудан әкімі Бақыт Асанов ауданның ардагер құрылысшылары мен қызметте жүрген құрылысшылардың басын қосып, ақ дастархан жайды.
Салтанатты жиынды ашып берген аудан әкімі Б.Асанов қиындығы зор мамандық иелерін айтулы мерекемен құттықтап, бүгінде белсенді жұмыс жасап жатқан құрылыс компанияларының басшыларына арнайы алғыс хат табыстады. Жиында сөз алған ардагерлер 21 жылдан бері ескерілмей келген мерекені қайтадан қолға алып, арнайы құттықтағаны үшін аудан басшысына ризашылықтарын айтты.
«Өздеріңіз жақсы білесіздер, құрлыс саласы экономикасы дамыған елде ғана қарқын алады. Бұл – нарықтың бұлжымас заңдылықтарының бірі. Бүгінде еліміздің қай түкпіріне барсаңыз да жаңадан салынып жатқан нысандарды көресіз. Демек, бұл Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сара саясатымен ел экономикасының тұрақты даму үстінде екенін білдіріп отыр. Мен өзімнің мамандығым құрылысшы болғандықтан, бұл мамандықтың қандай қиын екенін білемін. Жаздың аптап ыстығына, қыстың шіліңгір суығына қарамай еңбек ететін тек қана Сіздерсіздер! Сондықтан, бүгінгі мерекелеріңізбен құттықтай отырып, дендеріңізге саулық тілеймін. Отбасыларыңыз аман, өмірлеріңіз ұзақ болсын!!!» — деді Бақыт Нәсірханұлы.
Іс-шара барысында аудандық «Мақтаарал» мәдениет үйінің қызметкерлері дайындаған концерттік бағдарлама қойылып, қонақтарға мәдени демалыс ұйымдастырылды.
Айта кетейік, киелі Мақтаарал ауданында құрылысшы мамандығының маңызы зор. Халқы тығыз орналасқандықтан, әлеуметтік нысандарды, атап айтқанда мектептер, балабақшалар, денсаулық мекемелерінің ғимаратын салу – мұнда үлкен өзекке ие.
Бүгінгі таңда аудандағы Мақтаарал ауылдық округіне қарасты 8 елдімекенде газ тарту құрылысының жұмыстары жүріп жатыр. Сондай-ақ, 7 мектеп, 1 емхана бой көтеруде. Негізгі күн көрісі ауылшаруашылығы болып табылатын ауданда 40 мың гектар жердің құнарлығын арттыру үшін ПУИД-2, ПУИД-3 жобалары арқылы тік дренаждарды ұңғымалардың құрылысы мен коллекторларды тазалау жұмыстары да қарқын алған.
Мұның барлығы да аудан тұрғындары үшін, өскелең ұрпағымыз үшін жасалып жатқан үлкен істер екендігін өңір басшысы атап өтті.
(с) Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі