ҰЛТТЫҢ ҚАЗЫНАСЫ

Елбасы Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «Туған жер» бағдарламасын ұсынған еді. Мемлекет басшысы нысандарды қалпына келтіруді айтқан болатын. Осыған орай былтырғы жылдан бастап, ауданымыздағы сәулет-көркем музейі ғимаратының іші-сырты жөнделіп, жаңғыртылуда.
Ауданымыздағы 36 жылдық тарихы бар музей ғимаратына көз жүгіртсек, мешіт, дәрісхана, құжыралар бірінен-бірі бөлек салына отырып, барлық тұйық төртбұрышты бір алаңға жиналған. Медресе күмбездері еуропалық үлгідегі күйдірілген қыштармен өріліп, сатыланып шыққан. Мешіт және айван бөлігі, аркалар арқылы бөлініп, отыз бес күмбезбен қамтылған. Мешіттің бас күмбезінің биіктігі 11 метр 50 сантиметр, медресе 50х50 метр 4 бұрышты етіп соғылған. Мешіт-медресе комплексі оңтүстік және солтүстік жақтарынан ішінен төбеге шығатын екі саты, есік жасалынып шыққан. Бір құжыраның (яғни бір бөлменің) көлденеңі 3,6 метр, ал ұзындығы 6 метр, жалпы 18 шаршы метр аумақты құрайды.
Қазақстан жерінде яғни ауданымыздың қақ төрінде ХІХ ғасырдың І-ші жартысынан бері сақталған керемет сәулет өнерінің туындысы — Аппақ ишан мешіт-медресесін музейлендіруде қазақ халқының біртуар ұлы көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, этнограф-ғалым Өзбекәлі Жәнібековтың еңбегі ерекше.
Музейлер өңір тарихынан бастап, тұтас ұлттың қазынасын қамтып, оны халыққа таныстыратын ерекше орын. Музей ғимаратымен танысамын деушілерге әрдайым есігіміз ашық!
Айгүл ҚАЛАУБАЕВА,
музей мұрағатшысы.