АҚБУРА АТА ӘУЛИЕ ӘПСАНАЛАРЫ
1.Мұхаммедәлінің (Ақбура) дүниеге келуі
Ақбура әулиенің ата-анасы қасиетті Қазығұрт тауының оңтүстік-батыс бөктерінде жасапты. Әкесінің есімі – Имамәлі, шешесінің аты – Нұржамила болыпты.
Ақбураға ата-анасының азан шақырып қойған шын әсілі аты – Мұхаммедәлі екен. Оның дүниеге келгені мен әулиелік мақамға жеткені және Ақбура деген қосалқы атқа, яғни лақапқа ие болғанының өзі кереметке барабар, ғажайыпқа толы аңыз әңгіме.
Анасы Нұржамила оған жүкті болып, ай-күні жақындаған кезінде, әкесі Имамәлінің түсіне бір аппақ сақалды шал кіріп:
– Сенің жарық дүние есігін ашқалы отырған перзентің үлкен керемет қасиетке ие болады. Азан шақырып, оның атын Мұхаммедәлі деп қойғын. Тек іштен көзі соқыр болып туылады. Оған сабырлы болғын. Есі кіре бастағанда намазды үйреткін. Құраннан хабардар еткін. Жүрегіне иманның нұрын қондырғын. Балаңның иманы толық болған кезінде, көзі ашылады. Оның жасы үш мүшелге толғанда, басына бақ қонады. Қырық жасында дұға тілегі қабыл болып, жолы ашылады, – депті.
Аллаһтың түсінде берген бұл аянын Имамәлі Нұржамилаға айтады. Алайда әйелі:
– Сонда мен соқыр бала көтеріп келдім бе?! Жаратушы ием Құдай тағала бізді осылай етіп жазалайтындай нендей күнә жасаған едік?! – деп сабырсыздық танытып, ерінің айтқан әңгімесін шорт кесіп үзіп, соңына дейін тыңдамапты.
Имамәлі:
– Ондай күпір сөз сөйлеме, – депті де, оны әрі қарай мазалауды жөн көрмепті.
Ай-күні уақыты жетіп, ұл бала жарық дүниеге келіпті. Әкесінің түсінде аян бергендей, расында да перзенті іштен соқыр болып туылыпты. Оны көргенде шешесі:
– Ойбай, мен шынымен де соқыр бала тудым ба?! – деп тағы да сабырсыздық көрсетіп, іштей нала болыпты.
Имамәлі тағы да:
– Сабырсыздық танытпа, өзіңді бас, ұстамды бол, – деп оны сабырлы болуға шақырыпты. Әке жүрегі қуанып, баланы қолына алып, оның арқасынан бір алақандай мөрге ұқсас қалың қалды байқап, түсінде берілген аянға шүбәсіз сеніпті. Азан шақырып, баланың атын Мұхаммедәлі (бір нұсқада Ақберді дейді) деп қойыпты.
- Мұхаммедәліге (Ақбура) бақ қонуы және әулиелік мақамға жетуі
Әкесі Имамәлі баласы Мұхаммедәліге (Ақбура) бес жастан бастап намазды үйреткен. Құраннан хабардар еткен. Аллаһқа және оның періштелеріне сенімін оятқан. Діл жүрегіне иманның нұрын ұялатып қондырған.
Мұхаммедәлі он екі жасқа келгенде намаз оқи бастаған. Аллаһқа жан-жүрегімен беріліп, мінәжат еткен. Содан төрт жыл өтіп, он алты жасқа шыққан уақытында көздеріне сәуе кіріп ашылған.
Үш мүшелге толғанда, яғни отыз жеті жасқа келгенде, оған бақ қонған. Сөйтіп, ілім-білімін одан әрі кеңейтіп, жетілдіру үшін ұлық пір іздеген. Төрт тарапты кезіп келіп, соңында Йасыға келіп тұрақтаған. Қожа Ахмет Йасауиді өзіне ұстаз тұтып, оның тәлімін алған.
Қырық жасында сол дәуірдегі ілім-білімді толық игеріп, әулиелік мақамға жеткен. Жолы ашылып, бойына емшілік қасиет қонып, Аллаһтан сұраған дұға тілегі қабыл болған.
- Мұхаммедәлінің емшілік қасиеті және оның Ақбура атануы
Мұхаммедәлінің ата-анасы Имамәлі мен Нұржамиланың отбасынан дәулет арылмапты. Олар төрт түлік малға сай болыпты. Әсіресе оның ішіндегі ұлығы түйені өте көбейтіп өсірген екен.
Бірде Мұхаммедәлінің түсіне ақ сақалды шал кіріп, аян беріпті. Ол: – Түйенің арасында бір аруана аппақ еркек бота туады. Соны өз мүбәрак құтты қолыңмен жетелеп өсіргін. Кейін оған керемет қасиет қонады, киелі ақ бура болады. Сол кезде оған өзің мініп жүретін боласың, – депті.
Көп ұзамай расында да түйенің ішінде бір аруана аппақ еркек бота туады. Оған Мұхаммедәлінің ерекше ықыласы түсіп, ботаны өз қолымен жетелеп жүріп, күтімі мен бабын келтіріп өсіреді. Ол сондай сүйкімді, киелі, қасиет қонған ақ бура болады. Кейін Мұхаммедәлі үнемі сол ақ бурасына мініп жүретін болыпты.
Оның керемет емшілік қасиеті болыпты. Мұхаммедәлі түрлі шөптерден дәрілік шәрбаттар дайындапты. Сырқаттарға сол шәрбаттарды қолданып қана қоймай, сонымен бірге тамағы баспа болған, мұрнына жел түскен, елермелеп қалған және басқа да науқасқа шалдыққан адамдар мен балалар дертіне шипа сұрап алдына келгенде, оларға дем салып оқып, «сүф» дегеннен-ақ дертінен лезде айығып кете беріпті.
Әулиенің аппақ бурасы да сондай қасиетті болыпты. Өзі бурасының үстінде кетіп бара жатып, түйесінің қылшық жүнін сипалап-сипалап жіберіп, түгінен бір талын жұлып беріп, бар болғаны «осы түкті түтетіп жіберсең жетеді» дейді екен. Одан да көп адам шипа тауып, шапағатын көріпті.
Мұхаммедәлінің емшілік қасиеті мен киелі ақ бурасының даңқы төрт тарапқа жайылыпты. Содан алып денелі, аузы дуалы, табиғатынан таза, тақуалық жолда жүрген, сондай киелі, қасиетті, әулие кісі Ақбура атанып кетіпті.
- Ақбураның бір керемет қасиеті
Ақбураның тентекшілдеу бір әдеті болыпты. Ол киелі, қасиетті ақ бурасына мініп, төрт түлік малын жайып жүріп, алдынан су кездессе:
– Айрыл! – деп бұйыра сөйлеп, қолындағы қамшысымен сілтеп ұратын көрінеді. Сонда оның керемет қасиеті сол, су айрылып, алдынан жол ашып береді екен.
Ақбура әулиенің бойындағы бұл тентекшілдеу әдет – анасы Нұржамиланың әлгі сабырсыздық (баласының көздері соқыр болып дүниеге келетінін алғаш естігенде ұстамдылық танытпаған) көрсетіп, нала болғанынан, одан қала берді ақ сүтінен дарып еніпті.
- Ақбураның демінің кереметі
Ақбура Ата әулиенің алдына нешеме адам келіп, демінің керемет қасиетін көріп, аурудан құлан-таза айығып, разылығын білдіріп жататын көрінеді. Бірде сонау Сырдың бойынан бір кісі әулиенің атақ даңқын есітіп, қасиетті Қазығұрт тауына келіп, баласының ауруы жайында айтыпты. Оның баласының денесі қолға ұстаса іріп кететіндей сондай жұмсақ екен. Өзі шалажан болып туылғандай аяғынан тұра алмай, төрт қабырғаға қамалып, үнемі бір орында қозғалмай жатыпты. Ақбура баланың сыртынан бір дем салып оқыпты да, әкесіне:
– Бара бергін, балаң бір төбе бері өзіңді күтіп тұрады, – депті. Әлгі кісі іштей: «Өзі шалажан, жүре алмайтын болса, қалай мені күтіп тұрады?» деп күмән келтіріпті. Сөйтіп, ол Ақбура айтқан жылы сөзге сенбепті.
Отбасында баланың күтіміне анасы қарайды екен. Ол түс мезгілінен соң баланың жұмсақ денесі жинақталып, бірте-бірте қатая бастағанын байқапты. Сөйтіп, бала аяқ астынан өзі жүріп кетіпті. Оған анасы мәз-мәйрам болыпты. Бала дереу анасынан:
– Әкем қайда? – деп сұрап алып, бір төбе өтіп келіп, әкесінің алдынан шығыпты. Әкесі жолына қарап тұрған баласын көріп, әрі қуаныпты, әрі қорқып, шошынып қалыпты. Баласын құшағына алып, оның денесінің қатайғанына көзі жеткенде ғана Аллаға шүкір айтып, Ақбураның кереметі мен емшілік қасиетіне тән беріп сеніпті.
- Ақбура әулиенің Қағбаға зиярат етуі
Ақбура Ата әулиенің қасиетті Қазығұртта тәлімін алған ізбасарлары, сопылық жолға түсуге ұмтылған мүрид-шәкірттері көп болған. Әулиенің бір керемет қасиеті – таңертеңгі памдат намазының алғашқы екі бас сүннетін Қазығұрт тауында, кейінгі екі бас парызын Меккеге барып оқитын көрінеді. Сонда ілім-білімге жетілген бір шәкірті оның осы кереметті ғажайып ісін сезіп, біліп қойыпты. Сөйтіп:
– Қадірлі ұстазым, мені де өзіңізбен бірге Қағбаға алып барыңыз, – деп өтініпті. Ақбура оған:
– Бұл сырымды ешкімге айтпа. Сені Қағбаға, Меккеге алып барайын. Етегімнен ұста, бірақ көзіңді ашпа, – депті.
Ақбура әулие өзімен бірге әлгі мүрид-шәкіртін алып, әлдеқандай гуілдеген дыбыс шығарып, аспандап ұша жөнеліпті. Меккеге жеткен соң оған:
– Қағбаға келдік, көзіңді аш, – деген екен. Мүрид-шәкірті Қағбаны көріп, Алланың құдіреті мен ұстазының ғажайып керемет қасиетіне көзі анық жетіп, шүкіршілік жасапты.
Қайтадан Қазығұртқа қарай гуілдеп ұшып келе жатқанда, Ақбураның етегінен ұстаған әлгі мүрид-шәкіртінің пенделігі ұстап аспанда көзін ашып жіберсе, сол арада төмендегі жерге қарай құлдилап құлапты. Ол бір үйдің түңлігіне тура келіп, соның ішіне түсіпті. Үйдің иесі бай адам екен. Бай:
– Бұл – менің қазынамды тонауға келген ұрылардың жансызына ұқсайды, – деп оны әбден таяқтап ұрып, бір үлкен ағашқа байлап тастапты.
Қазығұртқа жеткен Ақбура Ата әулие өзінің керемет қасиетімен мүрид-шәкіртінің басына түскен қиын ахуал-жағдайды біліпті. Ертеңінде Қағбаға барып, содан оралып келе жатып, мүрид-шәкіртін байланған үлкен ағашының тамырымен бірге түп қопара жұлып алыпты. Сөйтіп, мүрид-шәкіртін де, әлгі үлкен ағашын да басы бүтін Қазығұртқа алып келіпті. Сол ағаштың тамырынан Ақбура бұлағының басында кәтіреңкі деген ағаш өсіп-өніп тарапты деседі.
- Өзінің әулиелігі әйелінің тазалығынан екенін мойындауы
Ақбура әулие – Алла тағаладан берген ерекше қасиетке ие болған деседі. Ол сол қасиетінің арқасында азанғы памдат намазын оқу үшін Меккеге ұшып баратын көрінеді. Әулие күнделікті осылайша Қағбаны бір көріп қайтады екен.
Ақбураның өзі қасиетті Қазығұрт тауының күнгей бетін тұрақты мекен қонысы етіпті. Оның Ғазиза атты өте инабатты, пәкиза, дәретсіз жүрмейтін, тазалықты бабына келтіретін еңбекқор әйелі болыпты. Күндердің күнінде өмірлік серігі Ақбурадан:
– Сіз осы күнде Мекке шаһарын зиярат етіп, лезде ұшып барып келесіз. Оған менің де үлесім бар ма? Сауапқа серікпін бе? – деп сұрапты. Сонда Ақбура сәл езу тартып, мысқыл еткен сыңаймен жұбайына қарап:
– Сен жолы жіңішке, төмен етек әйелсің. Сенде нағылған қасиет? Бұл жұмыстың бәрі өзімнен, тазалығым мен ілім-білімнің арқасында осы қасиетке жеткенмін, – деп бетін қайтарып тастапты.
Ақбураның әйелі Ғазиза әлгі сөзден кейін іштей ренжіп қалыпты. Алайда өз әдетінен танбай, бұрынғысынша үйдің іші-сыртын, барлық жақты сыпырып-сиырып, тазалап шығыпты. Ыдыс-аяқтың барлығын бірнеше қайтара жуып-шайыпты. Тек қазанның бір құлағын жумай қалдырыпты.
Ертеңінде Ақбура әулие азанда памдат намазын оқымаққа асығып үйден шығып кетеді. Әншейінде іле-шала оралып келіп қалатын Ата біраз уақыт кешігіп, әрі қара терге малынып, өкпесі аузына тығылып, үһілеген күйде үйге кіріп келеді. Әйелі Ғазиза одан мән-жайды сұрайды. Әулие болған оқиғаны баяндайды:
– Күнде Қағбаға жеп-жеңіл ұшып барып келетін едім. Бүгін жолым сондай ауыр болды. Аяғыма тас байлағандай әрең ұшып барып келдім. Барғанымда да, келгенімде де пора-пора қара терге малшындым, – дейді. Сонда өмірлік қосағының ернін сәл ғана күлкі қытықтап:
– Сіздің әулиелік қасиетке жеткеніңіз менің тазалығыма да байланысты. Сұраған сәтімде мені мысқыл еткен секілденіп сенбеген едіңіз, мәртебелім! Кеше түнде мен қазанның бір құлағын жумай қалдырып едім, оның нәтижесін аңғарған тәріздісіз. Демек, сіздің алшаң басып жүруіңізге де, Қағбаға алаңсыз ұшып барып келуіңізге де менің-дағы үлесім болғаны ғой, тақсырым, – депті.
Осы әңімеден кейін Ақбура Ата өзінің әулиелік қасиеті – әйелі Ғазизаның тазалығына байланысты екеніне көзі жетіпті. Оған шексіз разы болыпты.
Рауаяттан түйетін ой, әрбір әйелзаты өз шаруасына адал пейіл ақ ниетпен жандасса, отбасын-ошаққасын таза ұстаса, ерінің жолы болмақ. Ал, ер адамның жолы болса, береке орнамақ.
- Ақбура әулиенің ғажайып керемет қасиеті
Ақбура әулиенің шын әсілі аты – Ақберді екен. Сол уақытта бұлақ басында намаз оқитын үлкен жай болыпты. Азанғы памдат намазының екі бас сүннетін оқып болған соң, Ақберді үнемі орнында жоқ болып шығады екен. Бұл шайық парызға тәкбірді айтпай тұрып, Йасыға жетеді. Сол арада памдаттың қалған екі бас парызын, Құранды оқып, бата қылады да, ол жерде де жоқ болып кетеді. Сөйтіп, бұлақ басына оралып келіп, салауатты айтатын көрінеді. Сонда өзгелері:
– Қайда барып келдің? – деп сұрағанда, Ақберді:
– Йасыда Қожа Ахметтің шәкірттерімен бірге парызды оқып келдім, – деп жауап береді.
– Сен жәдігөйсің, – деп бәрі де сенбей жүріпті.
Бірде Ақберді Құдайға шын берілген таза тақуа бір дәруішке:
– Сенбесең, сүннетті оқып болғаннан кейін көзіңді жұмып, менің етегімнен ұста. Сонда өзің куә боларсың. Тек бір шартым, мен ескертіп айтқанда ғана көзіңді ашасың, – депті.
Әлгі дәруіш Ақбердінің етегінен ұстағанда, әлдене гуілдеп ала жөнеледі. Бір кезде Ақберді:
– Көзіңді аш, – дейді. Дәруіш көзін ашса, Йасыдағы мешітте отыр. Ол жердегілер:
– Аллаһу әкбар, – деп тәкбірді бастап құлақтарын қағып жатыпты. Парызға тәкбірді бастамай тұрып жетіп келетін Ақберді етегінен ұстаған дәруішті ауырсынып, сәл кешігіпті. Йасыда екі бас парызды оқып, тәспі түсіреді. Құран оқып, бата қылады. Енді Ақберді дәруішке:
– Көзіңді жұмып, менің етегімнен ұста, – дейді. Дәруіш:
– Егер жолда көзімді ашсам, қайтеді екен? – деп сұрайды.
– Көзіңді ашсаң, жолда қалып кетесің. Егерде жолда қалып қойсаң, сені түскен жеріңнен өзім ертеңгісін азанда ғана алып кетемін. Басқа ешқандай лажым, амалым жоқ, – деп жауап береді Ақберді.
Дәруіш Ақбердінің етегінен ұстағанда, тағы да гуілдеп кетіпті. Сол сәтте ол: «Бұл жәдігөй не істеп келе жатыр екен, көрейінші», – деп көзін ашса, бір елге топ етіп түсіп қалыпты. Ол арадағы адамдардың малдарын ұры алып, өздері әбігер болып жатыр екен. Олар дәруішке:
– Сен ұрылардың жансызысың, – деп шүйлігеді. Ұрып-соғады. Бұл болған оқиғаны айтса, оған біреуі де сенбейді. Ол:
– Онда мені мынау үлкен шынарға байлаңдар. Азанда көресіңдер, Ақберді мені алып кетеді, – депті. Оны айтқанындай үлкен шынарға байлап тастапты. Шынымен-ақ таңертеңгі уақытта әлдене гуілдей келіп, дәруіш байланған шынарды тамырымен суырып, түп көтере әкетіпті. Сол күйінде Қазығұрт тауының оңтүстік-батыс бөктеріндегі су басына түсіпті. Бұлақ басындағы қазіргі кәтіреңкі ағаштар сол шынардың ұрығынан тарапты деседі.
- Ақбураның Құрбан айттағы қызметі
Ақбура қысы-жазы үнемі жалаңаяқ жүреді екен. Сонда ол ойылған табандарын малдың терісінен жасалған таспамен тігіп алатын көрінеді. Жыл сайын Құрбан айтта Тұзкенттен бір сисер, яғни сегіз пұт тұз алып, оны тісімен тістей көтерген бойда Йасыға жеткенде, алдынан Қожа Ахмет шығып:
– Бурам келді, бурам, – деп күтіп алады екен. Сол жерде Құран оқып, дұға жасайтын болған.
Ертеректе Ақбура әулие Йасыдағы өтетін түрлі садақаларға үнемі тұз жеткізіп беріп тұрған деседі.
- Ақбура әулиенің қос ақ жыланы
Бұрынырақта Ақбура әулие бұлағының басында қос ақ жылан болыпты. Бірі – аталық, екіншісі – аналық. Бір жас жігіт сүйген қалыңдығын өзінің тілегімен Ақбура Атаға зияратқа ертіп келіпті. Сонда қыз ынты-шынтысымен әулиеге беріліп, Һақ тағаладан шапағат күткен жандай мүлгіп отырады. Жігіт айналадағы сұлу табиғатты қызықтап жүреді. Бір уақытта періштедей әсем қыздың алдына аппақ жылан келіп, басы қақшиып, көтеріліп тұрады. Сол кезде жігіт кеп қалып, сойылдай қатты ағашпен жыланның қақ төбесінен ұрып, жауызды өлтіргендей ерленеді. Сонда қыз:
– Ой, оның маған қарап тұрғаны жағып еді, – деп көзін ашып, басын көтеріп қарайды. Оның көзінен әсте-әсте нұр қашып, сол күйі жан тәсілім болады. Жігіт киелі аналық жыланды өлтіргенін біліп, өкініште жүріп, ақырында ол да құсадан қаза табады.
- Ақбураның қаттылық кереметі
Дулаттың Шегір руынан өрбіп шыққан Төлебай халфе Сайрамнан өзбек ұсталары мен олардың Қоқан кезінен қалған сарт арбаларын алдырып, Қазығұрт тауы бауырындағы Қарақия ауылында мешіт салдыруға кірісіпті. Әуелі өңделмеген қам қышпенен мешіттің қабырғалары бой көтереді. Одан кейін Сайрамның арғы жағына түйенің үлегімен барып, қарыға ағаш әкеледі. Сонда Сайрамнан бері өтіп қалғанда, арқан үзіліп кетеді де, ағаш үлектің басына түседі. Өлуге айналған соң түйе пышаққа ілінеді. Оны халыққа садақа етіп таратады.
Мешітке қары салынғанда, бір ағаш жетпей қалыпты. Төлебай халфе Ақбура ата әулие жатқан бұлақ көзіндегі тұнып тұрған ағашқа екі-үш жасты жұмсайды. Олар қатреңке деген қатты ағашты балтамен шапқанда, одан кәдімгідей қып-қызыл қан ағады. Бұл болған жайды әлгі жастар халфеге жеткізеді.
– Онда бүгінше қоя тұрыңдар, мен сұрап көрейін, – дейді Төлебай. Сөйтіп, халфенің өзі Ақбура атаның басына барып, әруаққа бағыштап Құран оқып, бұлақ көзіне зиярат етіп түнейді. Бірақ Ақбура әулие ешқандай аян бермейді. Екінші күні халфе тағы да зияратқа барады. Бұл түні түсінде Ақбура ата:
– Сен енді қоймадың ғой, – деп бір қисық-қисық бақа теректі көрсеткен екен.
Ертеңіне Төлебай халфе жастарды ертіп, түзу теректерден өтіп барады да:
– Мынаны кес, – деп қисығын қолымен нұсқайды.
– О, жарықтық халфе, мынау туралары бар емес пе, оны неге кеспедік? – деп сұрайды біреуі.
– Ой, шырағым-ай, қатты кісі екен, бергені осы, – дейді Төлебай.
Бақа теректі кесіп, қос өгіздің мойынтұрығына байлап, бұраңдаған күйде сүйретіп, мешітке жеткізеді. Соны салған өзбек ұсталардың бірі:
– Маған бұл бейнет болды-ау, – деп байтесемен бұтақтарын шапқанда, бақа терек өз-өзінен түп-түзу болып кетіпті деседі.
Бұл күнде Төлебай салдырған мешіттің тұрғанына бір ғасырдан асты. Қариялар ескінің көзі деп қадір тұтып, бертінгірек уақытқа дейін жұма намазын халфе мешітінде оқып келген-ді.
- Ақбураның басына алғашқы кесене салынуы
1991 жылы жазда Қазығұрт ауданындағы Рабат елді мекенінің тұрғындары, көнекөз қариялар Әбдіқұл Байқонысұлы мен Қостай Саудабайұлы бір игілікті іс бастап, оларды сол кездегі «Күйік» асыл тұқымды қой зауытының директоры Әліпбай Емқұлов қолдап, қасиетті таудың бауырындағы Ақбура Атаға арналып екі бөлмелі кесене салынды.
Кесененің бір бөлмесінде әулиенің қабірханасы болса, екінші бөлмеде шырақшы мен зиярат етушілер әруаққа бағыштап Құран оқиды. Әкелі-балалы Дәржан және Дастан Сақиев пен Сапар Есалиев үшеуінің қолымен өрілген бұл кесене өте көрнекті шықты.
- Ақбураның басына екінші рет кесене салынуы
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Тарихи кесенелерді қайта жаңғырту» бағдарламасына сәйкес, 2011 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметов Қазығұрт тауының етегіндегі Ақбура әулие кесенесін, зиярат ету орындарын қайта жаңғыртуды аудан әкімі Т.С.Әлиевке тапсырды. Ол ауданның іскер азаматтарының басын құрап, «Туған елге тағзым» атты акциясын ұйымдастырды. Сол өткізілген іс-шара аясында «Қазығұрт-Ақбура» қоғамдық қоры құрылды. Қор құрылтайшылары болып Аманбай Омаров, Сәруар Өсербаев, Сағидулла Тілеубердіұлы Батырбай, Қуанышбай Әбдешұлы, Нұржан Сапабекұлы Әшіров, Спандияр Біләлұлы Байғұлов, Әбдіжүсіп Мақсұтов, Қайрат Төлеев және Анарбай Қайымов сайланды. Құрылтайшылар «Қазығұрт-Ақбура» қоғамдық қорының президенті етіп ауданымыздың «Құрметті азаматы» Қуанышбай қажы Әбдешұлын тағайындады.
Қор құрылтайшылары мен аудан әкімінің қатысуымен өткен мәжіліске сол кешеннің құрылысын жүргізуге үміткер бірнеше құрылыс фирмалары қатысты. Олардан өзбекстандық «IJOD-IJOD» компаниясы (А.Р.Рахманов) мен «Ер-Дәуіт АС Сервис» ж.к. (А.Қ.Әбдешов) таңдалынып алынды.
«IJOD-IJOD» компаниясы туралы айтсақ, оның қатысуымен Өзбекстандағы Төле би және Әйтеке би кесенелеріне қайта жөндеу, жаңарту жұмыстары жүргізілген-ді.
Асқар Қуанышбайұлы Әбдешов жөнінде анықтама берсек, ол 2006 жылдан бастап жергілікті «Атбұлақ» мектебіне орналасып, технология пәнінің мұғалімі болып жұмыс атқарған-ды. 2011 жылы «Ер-Дәуіт АС Сервис» ж.к. ашып, ұстаздықпен қатар құрылыс жұмыстарын қатар алып жүрді.
Сөйтіп, А.Р.Рахманов пен А.Қ.Әбдешов екеуі жаңаланып салынатын Ақбура кесенесінің авторлары болды. Тоғыз адамнан тұратын қор құрылтайшылары арасынан жалпы құрылыс жұмыстары мен қаржы мәселесін қадағалап, басшылық жасап отыруды аудандық мәслихат хатшысы Аманбай Жанұзақұлы Омаров атқарды.
Бұрынғы кесене 2011 жылы тамызда бұзылды. Алыстан көзге шалынып көрінетін, еңселі болып бой көтерген жаңа кесененің құрылысы 2012 жылдың мамыр айында аяқталды. «Ер-Дәуіт АС Сервис» ж.к. директоры А.Қ.Әбдешовті Ақбура әулие кесенесінің құрылыс жұмыстарына байланысты аудан әкімі Б.Д.Қыстауов «Алғыс хатпен» марапаттады.
- Ақбура әулие кесенесінің көріктенуі
Ағымдағы жылы қасиетті Қазығұрт тауы бөктеріндегі Ақбура Ата әулие кесенесі мен оның төңірегі абаттанып, ажары ашылып, көріктене түсті. Өткен 2016 жылдан бастап кесене мен бұлақ көзіне баратын автомобиль жолын қайта құру жұмыстары қолға алынған-ды. Ұзындығы 4,986 шақырым жолға республикалық бюджет есебінен өткен жылы 5 миллион теңге, биыл 383 миллион 831 мың теңге бөлінді. Қазығұрт ауданындағы Қарақозы Әбдалиев ауылдық округіне қарасты Атбұлақ елді мекенінің ең жоғарғы жағына орын тепкен Жамбыл Қаппаров атындағы дарынды балаларға арналған, мамандандырылған №5 физика-математикалық мектеп-интернаты мен Ақбура әулиенің арасындағы автомобиль жолына бас-аяғы 388 миллион 831 мың теңге қаржы қаралып, жұмысты мердігер «Корпорация Сити-Строй» ЖШС-і (директоры облыстық мәслихаттың депутаты Әсет Қайыпбеков) мінсіз атқарып, үстіміздегі жылы асфальт жол пайдалануға берілді.
Ағымдағы жылдың сәуір айында Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланды. Сол мақала аясында «Туған жер» бағдарламасы қолға алынды. Отанын сүйген, туған жерін қадірлеген патриот перзенттердің тарапынан қолдау табуымен бұл бағдарлама Ұлы Дала елінің түкпір-түкпірінде жүзеге аса бастады. Оңтүстік Қазақстан облысының басшысы Жансейіт Қансейітұлы Түймебаев Қазығұрт ауданының әкімі Төлеген Тұртайұлы Телғараевқа Оңтүстік өңіріндегі киелі орынның бірі болып саналатын Ақбура әулие кесенесі мен оның төңірегіне толыққанды реконструкция жұмыстарын жүргізуді тапсырды. Ауданымыздың басшысы жеке кәсіпкер, облыстық мәслихаттың депутаты Әсет Қайыпбековке қолқа салды. Әсет өзінің ұлт жанашыры, Ұлы Дала елінің шын мәніндегі патриот ұлы екенін бұған дейін де игі жұмыстарымен көрсетіп келген-ді, ол Т.Тұртайұлының бұл өтінішті сұранысын құп алып, өз есебінен Ақбура кесенесін қайта жаңғырту, жаңалау, көркейту жұмыстарын жүргізіп, бас күмбез бен ішкі қабырғаларына өте әсем, көз тартатын ұлттық нақыштағы қазақы ою-өрнектер салдырды.
Сонымен бірге асфальт жол аяқталған жерден бастап кесенеге дейін ашық алаңқайлар мен жаяу адам жүруге арналған барлық ішкі аяқжолдарға және әулие кесенесі мен Ақбура бұлағының арасына тротуар плитка тастары (брусчатка) төселіп, толыққанды реконструкция жұмыстары жасалды.
Бір байқағанымыз, жылдан-жылға қасиетті Қазығұрт тауына және оның төңірегіндегі киелі орындарға, ұлық әзіз әулие-әнбиелерге, олардың ішінде, әсіресе Ақбура Атаның басына зиярат етушілер, оларға түнеуге келушілер саны артып, толастамай ағылуда.
Айтушылары: Хадиша Ысмайылқызы, Әбдіқұл Байқонысұлы, Бұхарідін Ахметұлы, Гүлзина Әшірқызы, Жарылқасын Ниязбекұлы, Сұлухан Әшірапқызы, Мыңбай Сансызбайұлы.
Құралбек ЕРГӨБЕКОВ.