Біз қаншалықты мемлекеттік рәміздерді құрметтеп жүрміз?

 

Біздің Мемлекеттік Ту, Мемлекеттік Елтаңба, Мемлекеттік Гимн ҚР мемлекеттік рәміздері болып табылады. Биылғы наурыздың 26-ы күні №11 сайлау округі бойынша Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының сайлауы өткізіледі. Босаған орынға үміткерлер тіркеліп, қазір сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары жүріп жатыр.

Сондай үміткердің бірі – Копбаев Бахитжан Конысбаевич деген үміткер азаматтың сайлауалды парақшасы қолымызға түсті. Негізгі мақсатты бағдары қазақ, орыс және ағылшын тілінде беріліп, мәселелерді шешуге арналған міндеттері қазақ және орыс тілдерінде жарияланыпты. Біздің бұл жерде үш тілділікке қатысты айтарымыз жоқ. Бірақ Б.Копбаевтің үгіт-насихат парақшасындағы бір көрініс көңілімізді ерекше аудартты. Онда үміткер азамат Қазақстанның Мемлекеттік рәміздерінің басында тұрған Қазақстан Республикасының көк Туының қақ ортасына ойып тұрып өзінің суретін жабыстырып қойыпты. Бұл рәмізге деген құрметтің жоқтығы ма, әлде мақтангершіліктің немесе өзімбілермендіктің бір түрі ме?

ОҚО сайлау комиссиясының төрағасы Әлібек Өмірәлиев мырза осы үміткердің сайлауалды парақшасындағы мемлекеттік рәмізге байланысты жасалынған дизайнының қаншалықты заңды екендігіне өз бағасын бере жатар. Тағы бір сол көлемде шығарылған Б.Копбаевтің парақшасында бұл Ту алынып тасталынған. Біз комиссия төрағасынан заңға сай шешімді жауап күтеміз.

Т.ДҮЙСЕБАЙҰЛЫ.