АТАУЛЫ ӘЛЕУМЕТТІК КӨМЕК КІМДЕРГЕ ТАҒАЙЫНДАЛМАЙДЫ?

Елімізде мемлекеттік бюджет қаражатын шын мәнінде мұқтаж азаматтарға бағыттау мақсатында маңызды заңнамалық қадам жасалды. Үкіметтің жаңа қаулысымен мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмектің мөлшері, оны көрсету шарттары және ең бастысы, оны беруге қажеттілік жоқ екені туралы қорытынды шығарудың арнайы өлшемшарттары айқындалды. Құжатқа сәйкес, учаскелік комиссиялар АӘК тағайындаудан бас тартуға негіз болатын сегіз негізгі өлшемшартты назарға алады.

Бұл талаптар өтініш беруші отбасының тұрғын үйіне, жылжымайтын мүлкіне, көлік құралдарына, банктік шоттарындағы қаржы айналымына, несиелік қарыздары мен жинақтарына тікелей қатысты. Учаскелік комиссия аталған көрсеткіштердің бiреуi немесе бiрнешеуi анықталған жағдайда АӘК көрсетуге қажеттiлiк жоқ деген сараптамалық қорытынды шығара алады. Жаңа тәртіп бойынша, отбасының меншігінде бірнеше тұрғынжайдың болуы көмектен қағылуға басты себептердің бірі саналады. Бұған қоса, пайда табу мақсатында пайдаланылатын жеке үй-жайдың болуы, сондай-ақ баспанасы бар адамның меншігінде жеке тұрғын үй құрылысына арналған жер учаскесінің болуы да ескеріледі. Тіпті, өтініш берілгенге дейінгі соңғы бес жыл ішінде иеліктен шығарылған, тұруға жарамды тұрғынжай да арнайы есепке алынбақ. Дегенмен мемлекет бұл жерде де әлеуметтік әділеттілікті назардан тыс қалдырмаған. Егер барлық тұрғынжайдың жалпы пайдалы ауданы отбасының бір мүшесіне шаққанда 18 шаршы метрден аспаса немесе үйдің апаттық жағдайы тиісті актімен расталса, бұл шектеу қолданылмайды.
Көлік құралдарына қойылатын талаптар да едәуір айқындалды. Меншікте техникалық жарамды күйдегі біреуден көп жеңіл автокөліктің болуы немесе уақытша иелігінде, пайдалануында ауыл шаруашылығы техникасы, жолаушылар мен жүк тасымалдайтын автобус, шағын автобус, жүк көлігі, арнаулы немесе арнайы автомобиль, сондай-ақ теңіз, ішкі су немесе әуе көлігінің болуы көмек тағайындауға тосқауыл болады. Алайда меншігінде бір немесе екі жеңіл автомобилі бар көпбалалы отбасыларға, құрамында мүгедектігі бар балалары немесе бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар азаматтары бар отбасыларға бұл шектеу жүрмейді.
Бұдан бөлек, қаржылық ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында банктік операциялар мен қарыздар жіті тексеріледі. Өтініш берер алдындағы тоқсанда бір айдағы шығыс операцияларының жиынтық сомасы отбасының әрбір мүшесіне шаққанда кедейлік шегінен асса, комиссия тиісті кері қорытынды шығарады. Тек салықтар мен бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер, сақтандыру төлемдері және адамның немесе отбасының өз шоттары арасындағы аударымдар ғана есепке алынбайды. Сол сияқты, өтініш берер алдындағы тоқсанда ипотекалық қарызды қоспағанда, банктік қарыздар мен микрокредиттердің жалпы сомасы отбасының әрбір мүшесіне шаққанда ең төменгі күнкөріс деңгейінің екі еселенген айлық мөлшерінен жоғары болса, бұл жағдай да ескеріледі. Тағы бір маңызды өлшемшарт — тұрғын үй құрылыс жинақ ақшасына салымдарды қоспағанда, отбасының 200 айлық есептік көрсеткіштен асатын банктік салымының болуы. Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті берудің бұл жаңа ережелерін қамтитын ресми құжат 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап толық қолданысқа енгізіледі.