ШЫМКЕНТТЕ ӘЛЕУМЕТТІК ИНФРАҚҰРЫЛЫМ КЕҢЕЙТІЛУДЕ

Халықтың денсаулығы мен амандығы – ел дамуының басты кепілі. Осы орайда, Шымкентте тұрғындарға көрсетілетін медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру бағытында маңызды қадам жасалды. Қалалық №2 көпбейінді аурухананың жанынан салынатын жаңа қосымша корпустың іргетасына салтанатты түрде уақыт капсуласы салынды. Маңызды іс-шараға қала әкімі Ғабит Сыздықбеков арнайы қатысып, құрылыс жұмыстарына сәттілік тіледі.

Жаңадан бой көтеретін заманауи нысан 80 төсек-орынға есептелген. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бүкіл елдегі медициналық инфрақұрылымды дамыту, заманауи денсаулық сақтау нысандарын салу және халыққа сапалы медициналық көмекті ашық әрі қолжетімді ету туралы тапсырмасына сәйкес қолға алынған бұл жоба қала тұрғындарының қарқынды өсуіне байланысты мамандандырылған әрі шұғыл ем-дом көлемін едәуір арттыруға мүмкіндік береді. Бүгінде қалалық №2 көпбейінді аурухана жыл сайын шамамен 20 мыңға жуық пациентке қызмет көрсетіп, нейрохирургия, кардиология, инсульттік көмек, реанимация және перинаталдық медицина сияқты аса маңызды бағыттар бойынша жұмыс істеп келеді. Ал пайдалануға берілетін жаңа ғимаратта нейрохирургия мен кардиореанимация бағыттары одан әрі дамып, инсульт, инфаркт және жіті коронарлық синдромға шалдыққан науқастарға көрсетілетін ем сапасы жаңа деңгейге көтеріледі. Бұған қоса, мұнда ең соңғы үлгідегі заманауи қабылдау-диагностикалық орталық орналасады.
Жобаның тағы бір ерекшелігі – инфрақұрылымының ыңғайлылығында. Науқастар мен көлік қозғалысының барлық детальдары ескеріліп, жаңа корпус қолданыстағы аурухана мен перзентхана ғимаратымен жабық галерея арқылы жалғанады. Нәтижесінде үш бірдей ғимарат бірыңғай медициналық кластерге айналмақ, ал жедел жәрдем көліктері үшін бөлек арнайы бастырма қарастырылған. Салтанатты жиында сөз алған қала әкімі Ғабит Сыздықбеков мегаполистің медициналық инфрақұрылымы халықтың сұранысына сай болуы керектігін айта келе «Президенттің тапсырмасымен біз қаланың әлеуметтік инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жұмысты жалғастырып келеміз. Мұндай жобалар қала тұрғындарының өмір сүру сапасын арттырумен тікелей байланысты. Жаңа корпус аурухана жұмысының тиімділігін арттырып, пациенттерге де, медициналық қызметкерлерге де қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді» деп атап өтті. Бұл жоба іске асқанда аурухананың төсек қоры ұлғайып, дәрігерлер мен орта медициналық персоналға қосымша жағдай жасалады. Ең бастысы, Шымкент тұрғындары үшін жоғары дәрежелі мамандандырылған медициналық көмек бұрынғыдан да қолжетімді болмақ.