БІЛІМ КҮНІ ҚАРСАҢЫНДА 57 ЖАҢА МЕКТЕП АШЫЛДЫ

Еліміздің білім саласы кезекті оқу жылына үлкен үміт, соны серпінмен аяқ басты. 2026-2027 оқу жылында республика бойынша 8 мыңнан астам мектеп өз есігін айқара ашты. Онда 4,1 миллион бала білім нәрімен сусындайды. Олардың ішінде мектеп табалдырығын жаңа аттап, партаға алғаш отыратын 380 мыңнан астам бүлдіршін 1-сыныпқа қадам басты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасына сәйкес, соңғы жылдары білім беру инфрақұрылымын дамыту мен жаңғырту бағытында салмақты әрі жүйелі жұмыстар атқарылуда. Өйткені бүгінгінің басты талабы мен кезекті міндеті – мектептердегі оқушы орындарының тапшылығын барынша азайтып, әрбір өреннің қауіпсіз, заманауи әрі жайлы ортада білім алуына толық жағдай жасау болып отыр. Осы мақсатта жаңа оқу жылының қарсаңында 62 мың оқушы орнына есептелген 57 жаңа мектеп бірден пайдалануға берілді. Бұл еңселі нысандардың іске қосылуы бұған дейін жүктемесі артқан мектептердің тынысын кеңейтіп, балалардың заманауи талапқа сай білім алуына жол ашты.
Министрлік таратқан хабарламаға сүйенсек, жаңа мектептердің ең көп бөлігі Алматы қаласында, сондай-ақ Батыс Қазақстан, Алматы, Қарағанды, Ақтөбе және Түркістан облыстарында пайдалануға берілген. Бұл білім ошақтарында тек теориялық сабақтарды өткізіп қана қоймай, оқушылардың шығармашылық, цифрлық әрі техникалық дағдыларын дамытуға, спортпен кеңінен шұғылдануына қажетті барлық инфрақұрылым толықтай қарастырылған. Өз кезегінде, жылдар бойы түйіні тарқамай келген апатты және үшауысымды мектептер мәселесін түпкілікті шешу бағытындағы жұмыстар да қарқынды түрде жалғасып жатыр. Құрылыс жұмыстары Арнаулы мемлекеттік қордың, Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорының, жергілікті бюджеттердің қаржысы мен жеке инвестицияларды тарту есебінен жан-жақты жүргізілуде.




