ДӘРІ-ДӘРМЕК ӨНДІРІСІ ҮШ ЖЫЛДА 37 ПАЙЫЗҒА ӨСТІ

Дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдар бойынша өзгеге телмірмей, өз өндірісімізді өркендету — уақыт талабы. Осы орайда, Қазақстанда отандық фармацевтика өндірісінің көлемі кейінгі үш жылда 37 пайызға артып, 191 миллиард теңгеге жеткені көңілге қуаныш ұялатады. Бұл қарқынды өсу 2026 жылы да өз жалғасын тауып, саланың жаңа серпін алғанын айқын аңғартады.

Үкіметтің баспасөз қызметі таратқан қуанышты хабарға сүйенсек, осы жылдың алғашқы алты айында дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар өндірісінің көлемі 126,6 миллиард теңгені құраған. Бұл – бұған дейінгі жылдың осы кезеңімен салыстырғанда тура 30 пайызға көп көрсеткіш. Бүгінде елімізде фармацевтикалық және медициналық бағытта өнім шығаратын 209 кәсіпорын жұмыс істеп тұрса, оның 43-і тікелей емдік дәрі-дәрмек өндірісімен айналысады. Тамыз айындағы есептік мәлімет бойынша, нарықтағы отандық өнімнің заттай үлесі 40,3 пайызға жетіп отыр. Сондай-ақ қазақстандық компаниялар дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың 2 994 атауын заңды түрде тіркеген. Олардың қатарында елдегі сұранысты өтеп отырған бактерияға қарсы, жүрек-қан тамырлары ауруларына арналған, ауырсынуды басатын және қабынуға қарсы препараттармен қатар, орталық жүйке жүйесі дерттерін емдеуге бағытталған маңызды дәрілер де бар. Мемлекет тарапынан отандық өндірушілерді қолдау мақсатында ұзақмерзімді сатып алу тетігі қарқынды енгізілуде. Ал 2026 жылдың басындағы мәлімет бойынша, 31 отандық өндірушімен 2 022 өнім атауын жеткізуге бағытталған 83 шарт жасалған. Бұл қадам жергілікті кәсіпорындар үшін болжамды сұраныс пен өндірістік қуаттылықты жүктеуді, жұмысты кеңейтуді және жаңа препараттарды шығаруды алдын ала жоспарлауға зор мүмкіндік береді. Ең бастысы, барлық дәрілік заттар халықаралық жоғары GMP стандарттары бойынша өндірілуде.
Еліміздің бұл саладағы әлеуетін әлемдік алыптар да мойындай бастады. Қазақстанның фармацевтика саласына шетелдік алпауыт компаниялар белсене инвестиция салуда. Келісім аясында AstraZeneca, Pfizer және Roche сияқты әлемдік компаниялар өндірісті жергілікті жерде жолға қою және озық технологияларды Қазақстанға беру жобаларына тікелей қатысып жатыр. Нәтижесінде 2025 жылы фармацевтика өнеркәсібіне салынған инвестиция 56 пайызға бір-ақ өсіп, 142,8 миллион долларға жетті. Ал 2026 жылдың алғашқы бірінші тоқсанында салаға тағы 7,1 миллион доллар инвестиция тартылған. Бүгінгі таңда елімізде фармацевтикалық өндірістерді салу және оларды кеңейту бойынша сегіз ірі жоба сәтті жүзеге асырылып жатыр. Осы ауқымды жобалар толық іске қосылған сәтте Қазақстанда онкологиялық, жүрек-қан тамырлары, аутоиммунды, орфандық және инфекциялық ауруларды, сондай-ақ заманауи дауасы қиын қант диабетін емдеуге арналған 494-тен астам отандық дәрі-дәрмек түрін өндіру жоспарланған.