КӨМІР БАҒАСЫ 2022 ЖЫЛДАН БЕРІ ҚАЛАЙ ӨЗГЕРДІ?

Қазақстанның жер астында тұнған байлығының бірі — көмір. Тонналап өндіріліп, вагондап сатып жатқан сол қара алтынның қызығын санаулы олигополия өкілдері көріп отырғаны өкінішті-ақ. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі жүргізген соңғы талдау бұрыннан айтылып жүрген ащы шындықтың бетін қайта ашты. Еліміздің көмір нарығы – бәсекеден ада, бірнеше ірі ойыншының монополиясына айналған жабық аймақ.
Ресми дерекке көз жүгіртсек, коммуналдық-тұрмыстық көмірдің 70 пайызынан астамы ERG компаниялар тобы мен «Қаражыра» АҚ-ның қолында. Ал электр қуатын өндіретін станцияларға қажетті көмірдің 80 пайыздан астамын «Богатырь Көмір» мен «Kazakhmys Coal» уысында ұстап отыр. Ең сорақысы – басты кен орындарының бәрі 25 жылдан астам мерзімге, әрі қарай соза беретін шексіз шарттармен бір-ақ топтың меншігіне айналған. Ресурсқа да, инфрақұрылымға да басар-барар басқа жол қалмаған соң, нарыққа жаңа инвестор келуі де, бағаның арзандауы да мүмкін болмай тұр. Соның салдарынан 2022 жылдан бері қарапайым халық тұтынатын көмір бағасы 35 пайызға, ал энергетикалық көмір 45 пайызға бір-ақ шарықтады. Бағаны аспандатып, монополиялық табысқа белшесінен батқандардың кесірінен халықтың қалтасы жұқарып барады. Тіпті, «Қазақстан темір жолының» вагондарды бөлу мен тасымал жоспарын келісу процестері де тұманды тәрізді. Кімге қашан, қанша вагон берілері белгісіз.
Агенттік енді биржа арқылы өтетін көмір көлемін 52 пайызға арттырып, бағаны реттеуді, тасымал ашықтығын камтамасыз етуді ұсынып отыр. Әрине, кезінде монополиялық үстемдігін асыра пайдаланғаны үшін «Қаражыраға» салынған 87,4 миллион теңгелік айыппұл сияқты жазалар бар. Алайда тек айыппұлмен ғана шектеліп, тамыр жайған олигополиялық жүйені түбегейлі өзгертпесек, миллиондаған тонна көмірдің үстінде отырып, қыста тоңған отандастарымыз көп болмақ.




