ЕЛІМІЗДЕ 3,7 МЫҢ ШАҚЫРЫМ ЖОЛ ЖАҢАРТЫЛЫП ЖАТЫР

Қазақстан үшін әрбір шақырым жол — елдің әлеуметтік-экономикалық тамырына қан жүгіртетін, өңірлердің байланысын нығайтып, ынтымақты арттыратын маңызды инфрақұрылым. Өркениеттің дамуы да, ел ішіндегі қатынас та, ең алдымен, осы сапалы жол желісінен бастау алатыны хақ. Бұл тұрғыда елімізде республикалық маңызы бар автожолдарды салу мен реконструкциялау бағытында кең ауқымды серпінді жобалар жүзеге асырылып жатқаны көңіл қуантады.
Көлік министрлігінің хабарлауынша, биыл ұзындығы 3,7 мың шақырымды құрайтын 14 ірі жоба қарқынды түрде жүргізілуде. Әсіресе, соңғы тамыз айында бұл қатарға елдің транзиттік әлеуетін еселей түсетін үш ірі нысан қосылды. Атап айтсақ, ұзындығы 800 шақырымдық «Бейнеу — Сексеуіл», 462 шақырымдық «Қызылорда — Сексеуіл» және 312 шақырымдық «Ұлғайсын — Сексеуіл» автожолдарының құрылысы басталып, жалпы ұзындығы 1 574 шақырымды қамтитын жаңа көлік артериясының негізі қаланды. Ал жыл соңына дейін ел игілігіне тапсырылатын жобалар да аз емес. Биыл жалпы ұзындығы 69,6 шақырым болатын үш маңызды учаске толық аяқталады деп жоспарланған. Олардың қатарында шығыстың маржаны саналатын 27,7 шақырымдық «Рахман қайнарлары» жолы, теріскейдегі 14,9 шақырымдық «Петропавл — Ресей Федерациясының шекарасы» бағыты және мұнайлы өңірдегі Атырау қаласын айналып өтетін 27 шақырымдық жаңа жол бар.
Ауқымды жұмыстар мұнымен шектелмейді. Алдағы 2027 жылы тағы үш ірі нысанды пайдалануға беру көзделіп отыр. Оған 208 шақырымдық «Қызылорда — Жезқазған» автожолы, 28 шақырымдық «Ақтөбе — Ұлғайсын» учаскесі және Ертіс өзенінің үстінен өтетін ұзындығы 2,7 шақырым болатын бірегей көпір енеді. Бұл үш жобаның жалпы ұзындығы 238,7 шақырымды құрайды. Сонымен қатар оңтүстіктегі Сарыағаш қаласының 102 шақырымдық айналма жолының құрылысы да тоқтаусыз жүргізіліп жатыр. Оған қоса «Ақтөбе — Ұлғайсын» бағытының 234 шақырымдық, «Қарағанды — Жезқазған» жолының 572 шақырымдық учаскелері, Қызылорда қаласының 26 шақырымдық айналма жолы және батыс пен орталықты тоғыстыратын ұзындығы 896 шақырымдық «Орталық — Батыс» автомагистралін реконструкциялау жұмыстары қызу қолға алынған. Мұндай заманауи жол инфрақұрылымын дамыту – тек тас жол төсеу емес, ол негізгі автомобиль бағыттарының өткізу қабілетін арттырып, жолаушылардың сапар уақытын қысқартады. Бұл өңірлер арасындағы көлік қатынасын жақсартып қана қоймай, қозғалыс қауіпсіздігін арттыруға, жүк тасымалы мен еліміздің халықаралық транзиттік әлеуетін жаңа сапалық деңгейге көтеруге кең жол ашады. Тұрғындар үшін жайлы әрі қауіпсіз болған әрбір шақырым жол — ел экономикасының тұрақты дамуының кепілі.




