БІРІНШІ ШАҚЫРЫЛЫМДАҒЫ ҚҰРЫЛТАЙДЫҢ АЛҒАШҚЫ СЕССИЯСЫ ӨТТІ

Мемлекет басшысы
қандай бағыттарға басымдық берді?

Астананың төрінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей қатысуымен бірінші шақырылымдағы Қазақстан Республикасы Құрылтайының бірінші сессиясы ресми түрде ашылды. Бұл оқиға еліміздің саяси келбетін түбегейлі жаңғыртып, мемлекеттілігімізді жаңа белеске көтерген, ұлт жылнамасына алтын әріппен жазылатын айтулы парақ болды. Атап айтқанда, жақында Орталық сайлау комиссиясы 2026 жылғы 23 тамызда өткен Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарын сайлаудың ресми қорытындыларын жариялаған еді.

Бюллетеньдерді санау қорытындысы бойынша сайлаушылардың дауыстары төмендегідей бөлінді. «Әділет» партиясы 6 528 948 дауыс жинап, 71,17 пайызбен айқын әрі орасан зор жеңіске жетсе, Жалпыұлттық социал-демократиялық партия 469 058 дауыс яки 5,11 пайыз, «Ауыл» партиясы 574 621 дауыс яки 6,26 пайыз, «Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясы 478 083 дауыс яки 5,21 пайыз және «Respublica» партиясы 509 631 дауыс немесе 5,56 пайыз жинап, межелі өткелден өтті. Сонымен қатар бұл бәсекеде Қазақстан Халық партиясы 285 395 дауыс, Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясы 97 751 дауыс жинаса, «Бәріне қарсымын» таңдауын 230 446 сайлаушы белгіледі. Сайлау заңнамасының талаптарына сәйкес, сайлаушылардың 5 және одан да көп пайыз дауысын жинаған 5 саяси партия арасында депутаттық мандаттар айқындалды. Осыған байланысты Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының 145 мандаты төмендегіше бөлінді. «Әділет» партиясы 110, «Ауыл» партиясы 10, «Respublica» партиясы 9, сондай-ақ Жалпыұлттық социал-демократиялық партия мен «Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясының әрқайсысы 8 мандатқа ие болды.
Сессияның ашылуында сөз сөйлеген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл тарихи оқиғаның мән-мағынасына арнайы тоқталды. Президент барша жиналғандарды бірінші шақырылымдағы Құрылтайдың бірінші сессиясының ашылуымен құттықтап, бұл күн еліміздің даму жолындағы аса маңызды кезең, мемлекет үшін мән-мағынасы айрықша тарихи сәт екенін атап өтті. Ол жалпыұлттық референдум кезінде Қазақстан халқы қолдаған жаңа Конституцияға сәйкес еліміздің бір палаталы заң шығарушы органы – Құрылтай ресми түрде өз жұмысына кіріскенін, мұның мемлекеттің саяси жүйесін жаңарту үдерісінің басталғанын білдіретінін айтты. Мемлекет басшысы төл тарихымызда Құрылтайда қашан да мемлекеттік маңызы бар тағдыршешті мәселелер кеңінен талқыланып, ортақ шешімдер қабылданғанына назар аударды. Президенттің пайымдауынша, бұл институттың жаңа кезеңде де жөні бөлек болмақ, себебі Құрылтай билік жүйесін түбегейлі жаңғыртып, бүкіл мемлекеттік аппараттың жұмысына тың серпін береді. Ол заңнама сапасын арттыру арқылы еліміздің құқықтық негізін нығайта түсуге тиіс. Мемлекет басшысы осы тарихи миссияның жаңа депутаттарға жүктелгенін айта келе, Құрылтайдың бірінші шақырылымының депутаты болу ерекше сәт әрі үлкен бақыт екенін жеткізді. Сондай-ақ олар халықтың аманатына адал болып, мемлекет мүддесіне қызмет етуі керектігін анық ақиқат ретінде еске салды.
Халықтың саяси белсенділігі мен жауапкершілігінің жарқын көрінісі болған бұл сайлауға азаматтардың 74 пайыздан астамы қатысып, дауыс берген болатын. Жұртшылық бұл іске зор жауапкершілікпен қарап, қоғамның ауызбіршілігін паш етті. Мемлекет басшысының атап өтуінше, Құрылтай сайлауына шетел азаматтарының қызығушылығы да өте жоғары болып, беделді халықаралық ұйымдар мен шет мемлекеттерден 800-ге жуық байқаушы келді. Бұл — ұлттық парламентаризм тарихындағы ең жоғары көрсеткіш. Сайлаудың ашық, әділ әрі өте жоғары деңгейде ұйымдастырылуы қоғамның кемелденгенін, құр уәде мен жалаң ұраннан арылып, кәсіби Парламентке деген сұраныстың артқанын айқындады. Президенттің сөзінше, бәсекеде біреу ұтып, біреу ұтылғанымен, елімізде өз пікірін білдіруге, өз көзқарасын айтуға неше түрлі тетіктер бар. Заңға сай келетін түрлі мардымды пікірлер мен ұсыныстар неғұрлым көп айтылса, оның елімізге тиімділігі де соғұрлым жоғары болмақ.
Мемлекет басшысы сессия барысында еліміздің дамудың даңғыл жолына түсіп, жаңа өрлеу кезеңіне қадам басқанын айтты. Сөзінше, жалпыұлттық референдум арқылы ауқымды конституциялық реформа табысты жүзеге асырылып, нағыз халықтық Конституция қабылданды. Соның нәтижесінде қазіргі заманның сын-қатерлеріне төтеп бере алатын мүлде жаңа саяси-құқықтық жүйенің іргетасы қаланды. Бұл жүйе мемлекет құрылымын толық жаңғыртып, билік институттарының тиімділігін арттырады. Осы орайда Мемлекет басшысы Құрылтайда конституциялық көпшілікті құраған «Әділет» партиясына қатысты да пікір айтып, жеңіске жеткен бұл саяси ұйымға қойылатын талаптың да, артылатын үміт пен сенімнің де аса жоғары екенін ескертті.
Президент әлемде жаңа тәртіп қалыптасып жатқанын, оның бір жағынан — қауіпті, зиянды, келешегі бұлыңғыр, ал екінші жағынан — прогрессивті, технологиялық әрі перспективті болып келетін кереғар сипатын баса айтты. Мұндай жағдайда экономика, ғылым, әскери-дипломатия салаларында егемендігін қорғап, адам әлеуетін дамытатын мемлекеттер ғана жаңа дәуірге бейімделе алмақ. Осы себепті реформалардың қарқынын бәсеңдетпей, жаңғыру жолын жалғастыру – стратегиялық міндет. Мемлекет басшысы жасампаз ұлт ретінде Ұлы Абай айтқан «бес дұшпаннан», өнбейтін дау-дамайдан, бос сөз бен құр мақтанудан аулақ болуға, білім мен ғылымға жүгініп, нақты іспен айналысуға шақырды. Ел мүддесіне қалтқысыз қызмет еткен ұлт перзенттерінің өмірін үлгі ету шынайы отаншылдықтың көрінісі екені айтылды.
Сондай-ақ Президент заңдардың Конституцияға сәйкестігін, құқықтық тұрғыдан дұрыстығын тексеріп осы уақытқа дейін Сенат атқарып келген жұмыстарды жаңа конституциялық жүйеде Құрылтай жандандыруы тиіс екенін атап өтті. Ал билік институттарын жасақтаудың алғашқы қадамы ретінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ата Заңның 57-бабына сәйкес Құрылтай Төрағасы лауазымына Айбек Арқабайұлы Дәдебайдың кандидатурасын ұсынды. Президент өз сөзінде «Сіздер бұл тұлғаны жақсы білесіздер. Ол мемлекеттік басқару жүйесінде көп жыл қызмет етті. Тәжірибесі мол деп айтуға болады. Өзінің білімді, отаншыл, адал азамат екенін нақты істерімен дәлелдеді. Сондықтан оны осы лауазымға лайық деп санаймын. Құрылтай депутаттарынан Айбек Арқабайұлы Дәдебайдың кандидатурасын қолдауды сұраймын» деп атап өтті. Осылайша, елордада ашылған Құрылтайдың бірінші сессиясы Әділетті Қазақстанның іргесін бекемдеп, саяси жаңғыруға тың серпін берді. Қош, алдағы уақытта атқарылатын іс те, жүзеге асатын жұмыс та қисапсыз. Ал күтеріміз одан да көп…

Қ.ДӘУЛЕТӘЛІ.