АЙБЕК ДӘДЕБАЙ – ҚҰРЫЛТАЙ ТӨРАҒАСЫ

Елордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен бірінші шақырылымдағы Қазақстан Республикасы Құрылтайының бірінші сессиясы ресми түрде ашылғаннан кейін, заң шығарушы органның басшылығын айқындаудың конституциялық рәсімдері басталды. Осы тарихи отырыста Мемлекет басшысы тарапынан ұсынылған кандидатура негізінде Құрылтай Төрағасы лауазымына Айбек Арқабайұлы Дәдебай сайланды.

Осы орайда жалпы отырыс барысында «Ата Заңымызға сәйкес Құрылтай Төрағасы жасырын дауыс беру арқылы сайланады. Жасырын дауыс беруге арналған тізімге депутат Дәдебай Айбек Арқабайұлы енгізіледі» деп мәлімдеді Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров. Тиісті процедураларға сәйкес, кандидаттың есімі жасырын дауыс беруге арналған бюллетеньге енгізіліп, депутаттар арасынан арнайы есеп комиссиясы құрылды. Жоғары саяси жауапкершілік пен ашықтық жағдайында өткен дауыс беру барысында алқалы жиынға қатысқан 145 депутаттың 144-і Айбек Дәдебайдың кандидатурасын бірауыздан қолдады.
Елдің саяси сахнасында өзіндік өрнегі бар, мемлекеттік аппараттың ыстық-суығында шыңдалған Айбек Дәдебай — білімі мен тәжірибесін қатар ұштастырған тұлға. Ол 2001 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетін тәмамдап, 2003 жылы осы жоғары оқу орнының магистратурасын «аймақтану магистрі» мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын білім беру саласынан бастап, 2001-2002 жылдары аталған университетте Халықаралық туризм менеджменті кафедрасының оқытушысы ретінде жас буынға дәріс берді. Кейіннен заң шығару билігі мен дипломатиялық майданда жауапты қызметтерді абыроймен атқарды. Атап айтқанда, 2008-2011 жылдары Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Аппаратының Парламентаралық байланыстар және халықаралық ынтымақтастық бөлімінің сарапшысы, Сенат Төрағасы көмекшісінің міндетін атқарушы, ал 2011-2013 жылдары Қазақстанның БҰҰ-дағы Тұрақты Өкілдігінің атташесі, үшінші хатшысы лауазымдарында ел мүддесін қорғады. 2013-2019 жылдары Парламент Сенаты Төрағасының хатшылығы меңгерушісінің орынбасары, меңгерушісі қызметтерін атқарып, Парламент ісінің қыр-сырын терең меңгерді.
Бертін келе, нақтырағы, 2019-2021 жылдары Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесі бастығының орынбасары, 2021 жылдың мамыры мен 2022 жылдың қаңтары аралығында Президент Іс басқарушысының орынбасары, ал 2022 жылы Президент Іс басқарушысы болып тағайындалды. Осылайша сенім үдесінен шыққан білікті кадр 2024 жылы Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы сияқты аса жауапты саяси лауазымды атқарса, 2026 жылдың мамыр айында «Әділет» партиясының төрағасы болып сайланды. Міне, осылайша ұзақ жылғы мемлекеттік қызметтегі тәжірибесі толысқан, іскерлігімен танылған азаматтың депутаттардың басым дауысымен Құрылтай Төрағасы болып сайлануы Астанада ашылған бірінші сессияның ең маңызды да салмақты шешімдерінің біріне айналды.

«Уақыт».