БАҒА ТЕҢСІЗДІГІ ТЕРЕҢДЕП БАРАДЫ

ата-аналар
мектеп киіміне қанша қаражат жұмсайды?
Жыл сайын тамыз айы туып, қыркүйек таяғанда қазақ шаңырағында үлкен дүрбелең басталады. Бүгінде баланы мектепке дайындау отбасылық бюджетті ойсырататын нағыз әлеуметтік сынаққа айналды. Еліміздің әр қаласындағы бағаның әртүрлілігі сондай, бірінде арзан тауар табуға болса, екіншісінде баға аспандап тұр. Мектеп формасы, аяқ киім, сөмке мен қарапайым қалам-дәптердің бағасы сапасы мен сауда орнына, өндірушіге тікелей байланысты. Тіпті ең арзан және ең қымбат жиынтықтың арасындағы айырмашылық шамамен он бір есеге жетеді.
Қолда бар деректерге үңілсек, Қазақстан қалалары арасында ең арзан баға Петропавлда тіркелген. Мұнда оқушыны мектепке дайындаудың ең төменгі бағасы орта есеппен 22 мың теңгеден басталады. Атырауда бұл көрсеткіш 25 мың, Таразда 27 мың, ал Павлодар мен Семей қалаларында 30 мың теңге және одан жоғары қаржыны талап етеді. Тіпті арзан өңірлердің ішіндегі ең жоғары баға Қызылорда қаласында байқалды. Мұнда жиынтықтың ең төменгі құны 57 мың теңгеден басталады. Оның басты себебі – бұл өңірдегі аяқ киімнің ең арзаны 20 мың теңгеден кем болмай тұрғанында. Ал сапалы әрі қымбат тауарларды таңдайтын елордалықтар үшін жағдай мүлде басқа. Астанада баға өсіп, бір баланың мектепке дайындығы 240 мың теңгеге дейін жеткен. Одан кейінгі орындарда Алматы қаласы 215 мың, Шымкент 188 мың, Қарағанды 185 мың, Жезқазған 180 мың теңгелік ең қымбат жиынтықпен ата-аналардың қалтасын қағуда. Тіпті жоғары санаттағы тауарлардың ең төменгі бағасының өзі Атырауда 100 мың теңгені, Көкшетауда 101,5 мың, Қостанай мен Таразда 120 мың теңгені құрайды.
Әр санатты жеке-жеке салыстырсақ, айырмашылық тіпті айқын көрінеді. Мектеп формасына келгенде петропавлдықтар ең арзан киімді 9 мың теңгеге таба алса, Астанада бұл баға 80 мың теңгеге дейін барады. Шымкентте қымбат киім 78 мың, Алматыда 75 мың теңгеге сатылуда. Аяқ киімге тоқталсақ, Петропавлда 4 мың теңгеге де табуға болады, ал Астанада кейбір ата-аналар 70 мың теңгеге дейін жұмсайды. Оқушының сөмкесіне келсек, ең арзаны Шымкентте 3 мың теңгеден, Көкшетауда 3,5 мың теңгеден басталғанымен, Астана, Алматы және Қарағанды дүкендерінде ең қымбат сөмкелердің бағасы 50 мың теңгеге дейін жетеді. Қарапайым кеңсе тауарларының өзіне ел бойынша кем дегенде 5 мың теңге кетеді, ал Астанада ең арзанының өзі 10 мың теңгеден кем түспейді. Астана, Ақтөбе, Қарағанды, Жезқазған мен Шымкент қалаларында оқу құралдарын толық жинауға 40 мың теңгеге дейін қаржы қажет.
Міне, есептей келе аңғаратынымыз, елімізде баланы мектепке әзірлеудің ең арзан, қарапайым жиынтығы 22 мың мен 57 мың теңге аралығын қамтыса, сапалысын таңдағандар үшін бұл сома 100 мыңнан басталып, 240 мың теңгеге дейін өседі. Ең өкініштісі, бұл есепке сырт киім, спорттық форма, екінші ауыстыратын аяқ киім сияқты өзге де қажеттіліктер мүлде кірген жоқ. Егер оларды қоссақ, қарапайым отбасының шығыны одан ары арта түседі…
Ж.БАЛАУСА.




