«БАС ЖАРЫЛСА, БӨРІК ІШІНДЕ» ДЕЙМІЗ, БІРАҚ…

«Барнидің»
бағасы неге бір өмір болды?
Қазақтың «Бас жарылса, бөрік ішінде» деген сөзінің астына қаншама қан, қаншама көз жасы жасырынып жатқанын ойлағанда, төбе шашың тік тұрады. Отбасы деген киелі ұғымның атын жамылып, төрт қабырғаның ішін тозаққа айналдырған сұмдықтар бүгінде үйреншікті жаңалыққа айналып бара жатқандай. Адамның жаны түршігеді. Ең сұмдығы, бұл жекелеген өңірлердің ғана емес, бүкіл қоғамның жүрегін сыздатып, сүйегін сырқыратқан ұлттық қасіретке айналды.
Жуырда ғана әлеуметтік желіде тараған жантүршігерлік хаттан кейін тұтас ел есеңгіреп қалды. Балаға әкелінген бір дана «Барни» тәттісі үшін басынан соққы жеп, артынан ажал құшқан, құрсағында шаранасы бар 19 жастағы жас келіншектің тағдыры — біздің қоғамның қаншалықты қатыгез, қаншалықты бей-жай күйге түскенін бетке басқан ащы шындық деуге болатындай. «Бір-ақ шоколад үшін басымнан ұрды, мен құлап қалдым, ойлашы…» деген соңғы жанайқайы тас-қабырғаны да жібітердей еді. Бірақ біздің «ошақ қасының» заңдылықтары мен «ел не дейді?» деген соқыр намысымыз кезекті бір жас өмірді, ана мен әлі жарық дүниені көрмеген сәбиін жұтып қойды десек, бәлкім артық айтпаған болар едік.
Жалпы зорлық-зомбылыққа қатысты мәселе шаш-етектен. Өзгені былай қойғанда, кейінгі бес жылдың ішінде Шымкентте тұрмыстық зорлық-зомбылықтың салдарынан сегіз бірдей адам көз жұмған екен. Өткен жылдың қорытындысында бұл шаһарда отбасылық жанжалдарға байланысты 199 қылмыстық, 3316 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелсе, биылғы 2026 жылдың алғашқы алты айының өзінде-ақ жағдай ушыға түскен. Алты-ақ ай ішінде Шымкент полициясына тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша 4 мыңнан астам шағым түсіп, 4743 әкімшілік құқық бұзушылық анықталған. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 29,4 пайызға өсіп отыр. Осы бір цифрлардың артында қаншама қорқыныш, қаншама азап пен қорланған тағдыр жатқанын шамалай беруге болады.
Алты айдың ішінде 187 қылмыстық құқық бұзушылықтың тіркелуі, отбасындағы айқай-шу кезінде ауыр дене жарақатын салудың төрт, ал адам өлімінің бір фактісінің орын алуы — ақтап болмайтын ауыр салдар. Суық қару, атап айтқанда пышақ сілтенген төрт жағдай белгілі болып отыр. Әкесі баласына, күйеуі әйеліне пышақ ала жүгіретін қандай сорақылыққа тап болдық? Әрине, полиция департаменті анық болған ақпарды береді. Оған сенсек, 4157 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, 841 адам әкімшілік қамауға алынды, 433 құқық бұзушыға сот тарапынан ерекше талаптар белгіленіп, 243 адамның ісі сотқа жолданды делінген. Полицияның жолдамасымен 101 әйел мен 315 бейкүнә бала дағдарыс орталықтарын паналаған. Алайда осы есептің ішіндегі ең сорақы да қауіпті тұс — 3902 адамға ескерту жасалып, «тараптардың татуласуына байланысты» әкімшілік істердің тоқтатылуы.
«Тараптардың татуласуы» дегеніміз не? Бұл — ашуға мінген қатыгез күйеудің немесе туыстың «енді қайталанбайды» деген жасанды уәдесі, болмаса «балаларым үшін, елдің сөзі үшін» деп қорқыныштан тілін тістеп, басын бұғып қалған сорлы әйелдің амалсыз көнуі болуы мүмкін. Осы тұста, 30 бен 49 жас аралығындағы толысқан, күш-қуаты бойында бар азаматтардың отбасында әлсіздерге өктемдік көрсетуін «татуластырумен» шешу — қылмыскердің қолына бостандық беріп, келесі соққыға жол ашып беру емес пе? Сөз жоқ, полиция заңға сәйкес хаттама толтырады, сосын кетеді. Ал татуласты деп сипап қойған әлгі азамат сол түні үйіне қайта келеді. Жеңілдеу жазамен, құр ескертумен құтылған өктемшіл еркек бұрынғыдан да ызаланып, отбасының күлін көкке ұшыруы мүмкін ғой.
Біз қашанға дейін отбасындағы зорлықты «ұят боладымен» жауып, «еркектің ашуы ғой» деп ақтай береміз? «Барни» үшін жан берген келіншектің де, Шымкенттегі 4 мыңнан астам арыздың да артында тұрған қоғамдық енжарлық пен заңның солқылдақтығы емес пе? Қоғам болып бұл дертімізді жасырмай, отбасылық тирандарға қарсы аяусыз күрес ашпайынша, бір-ақ шоколад үшін үзілген жастардың, панасыз қалған сәбилердің обал-сауабы мен көз жасы бәріміздің мойнымызда қала бермек…
Ж.БАЛАУСА.




