ТҮРКІСТАН – ИНВЕСТОРЛАР ҮШІН ТАРТЫМДЫ ӨҢІР

күнгейге 7 айда
1 трлн теңгеден астам инвестиция тартылды
Түркістан өңірі соңғы жылдары тек рухани орталық ретінде емес, еліміздегі ең ірі инвестициялық алаңдардың бірі ретінде бой көтеріп келеді. Түркістан облысындағы бұл серпілісті тек қағаз жүзіндегі құрғақ есеп деп қарауға болмайды. Себебі бұл — өңірде қалыптасқан жаңа экономикалық ортаның, инвестор үшін жасалған нақты инфрақұрылымның және мемлекеттік қолдаудың кешенді жемісі. Әсіресе, шетелдік капиталды тарту, ауқымды жобаларды іске асыру және инвесторларға қолайлы жағдай жасау бағытындағы жүйелі жұмыстар Түркістанды отандық және шетелдік бизнес өкілдері үшін ең тартымды аймақтардың қатарына қосты.
Ағымдағы жылы облыс экономикасына 1,8 триллион теңге инвестиция тарту жоспарланған болатын. Ал 2026 жылдың алғашқы жеті айының қорытындысы бойынша өңір капиталына 1 триллион теңгеден астам инвестиция бағытталып, өсім бұрын-соңды болмаған 137,5 пайызды құрады. Сонымен қатар бірінші тоқсанның өзінде-ақ облыс экономикасына тартылған тікелей шетелдік инвестиция көлемі 115 миллион АҚШ долларына жеткен. Бұл сандар өңірге деген шетелдік инвесторлардың сенімі артқанын айқын аңғартады.
Өңірдің инвестициялық портфелі де ауқымдылығымен таңғалдырады. Қазіргі таңда жалпы құны 2,8 триллион теңгені құрайтын 122 инвестициялық жобадан тұратын тұтас пул қалыптастырылған. Осы жобалар толық қуатына көшкен кезде 17 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Бұл — жергілікті халықты тұрақты еңбекпен қамтудағы үлкен қадам. Жалпы биылдың өзінде 370 миллиард теңгеге 67 жобаны іске асырып, 6 мыңға жуық жұмыс орнын құру міндеті қойылған еді. Осы бағыттағы іс-шаралардың нәтижесінде 7 ай ішінде жалпы құны 36 миллиард теңге болатын 20 жоба пайдалануға беріліп, 631 азамат тұрақты жұмыс орнына ие болды.
Түркістанның бұл бағыттағы әлеуеті тек бүгінгі күнмен шектелмейді, оның ұзақмерзімді деңгейі де өте жоғары. Мәселен, Ұлттық цифрлық инвестициялық платформаға 2015-2033 жылдар аралығын қамтитын, жалпы құны 3,2 триллион теңге болатын 219 жоба енгізілген. Осы ауқымды жобалар шеңберінде 30 мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылмақ. Оның ішінде 2015-2026 жылдар аралығында 507 миллиард теңгенің 92 жобасы іске қосылып, 9 070 жұмыс орны ашылып үлгерсе, енді 2026-2033 жылдар аралығында 2,7 триллион теңгеге 84 жоба жүзеге асырылып, нәтижесінде 19 488 жаңа жұмыс орны құрылмақ. Тек осы жылдың жоспарына үңілсек, 540 миллиард теңгеге 42 инвестициялық жобаны іске асыру арқылы 9 747 жұмыс орнын ашу көзделген. Қазірдің өзінде бұл межеден 14 жоба толығымен іске қосылды. Аталған жобаларға 101 миллиард теңге жеке инвестиция тартылып, 1 530 жұмыс орны пайда болды. Бұдан бөлек, өңірлік инвестициялық пулда жалпы құны 13 миллиард теңге болатын, 1 384 жұмыс орнын ашуды көздейтін тағы 43 жоба қарқынды түрде жүзеге асырылуда.
Әрине, инвестор қаржысын инфрақұрылымы жоқ, белгісіз жерге құймайды. Бұл ретте облыста дайын өндірістік алаңдардың қалыптасуы үлкен рөл атқарды. Қазіргі таңда аймақта аумағы 1 450 гектарды құрайтын арнайы экономикалық аймақ, 1 931 гектарды қамтитын 21 индустриалды аймақ және жалпы аумағы 264,2 гектар болатын 29 шағын өндірістік алаң толыққанды жұмыс істеп тұр. Міне, осы инфрақұрылымы сай алаңдарда бүгінде ірі өндірістер бой көтеруде. Сонымен қатар бюрократиялық кедергілерді жою мақсатында «Turkistan invest» өңірлік фронт-офисі «Бір терезе» қағидатымен жұмыс істеп жатыр. Заман талабына сай дамыған бұл жүйе инвесторға жобаны жоспарлаудан бастап оны іске қосқанға дейінгі барлық кезеңде кешенді аналитикалық, консультациялық және мемлекеттік қолдау көрсетеді. Тіпті көші-қон мен құжаттамалық сүйемелдеу мәселелерін де жедел түрде шешуге көмектеседі.
Осылайша, Түркістан облысы бүгінде құрғақ сандарды куалауды қойып, инвестицияны өңір экономикасын әртараптандырудың, жаңа өндірістер ашудың және халықты тұрақты жұмыспен қамтудың негізгі тетігіне айналдырды. Ең бастысы – инвестор үшін ашық, қауіпсіз әрі жайлы орта қалыптастыру арқылы аймақ өзінің даму жолындағы жаңа бір белесті бағындырып келеді. Әрине, мұның басында облыс әкімі Нұралхан Көшеров жасақтаған команданың тұрғаны анық. Қош, тарихи өңір өңірде жаңа заманның тамырын тап басып, тиімді шешімдер арқылы дамып келеді. Қаржы ағыны да ауқымды. Одан мемлекет те, бұқара да ұтады!
Қ.ДӘУЛЕТӘЛІ.




