ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ҚЫТАЙМЕН ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖӘНЕ ТЕХНОЛОГИЯЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫ КЕҢЕЙТУДЕ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сыртқы саяси және экономикалық тапсырмаларын іске асыру аясында Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық серіктестікті нығайтудың жаңа кезеңі басталды. Осы мақсатта Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров бастаған ресми және іскерлік делегация аспан асты еліне жұмыс сапарымен барды. Өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыруды, тікелей шетелдік капиталды тартуды, агроөнеркәсіп кешенін жаңғырту мен туризмді ілгерілетуді көздеген бұл қадам екі ел арасындағы өңіраралық байланыстарды тереңдете түспек. Киелі өңірдің өкілдері Қытайдың жетекші компанияларымен, қаржы институттарымен және салалық қауымдастықтарымен ұзақ мерзімді, өзара тиімді әріптестік орнатуды мақсат етіп отыр.

Айта кетерлігі, Түркістан облысының ресми делегациясы Қазақстан өңірлері ішінде алғашқылардың бірі болып Азиядағы гүл шаруашылығының ірі орталығы, заманауи агротехнологиялардың мекені саналатын Юньнань провинциясының Куньмин қаласына табан тіреді. «Мәңгілік көктем елі» және «Гүлдер астанасы» атанған, сонымен қатар соңғы жылдары кофенің де халықаралық орталығына айналған бұл шаһармен тікелей байланыс орнату — Түркістан үшін тарихи маңызды қадам. Сапардың алғашқы күнінде облыс әкімі Нұралхан Көшеров Қытай Коммунистік партиясының комитет хатшысы әрі Қытайдың ірі мемлекеттік құрылыс корпорациясы – «Yunnan Construction & Investment Holding Group Co.» (YCIH) компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы Чэнь Цзуцзюньмен кездесті. Еліміздегі Астана LRT жобасына қатысқан, құрамында 30 мыңнан астам қызметкері бар бұл алпауыт холдинг — автомобиль мен теміржол құрылысы, метро, көпірлер, энергетика, су жүйелері мен индустриялық парктер бағытында әлемдік деңгейде танымал және Қытайдың «Бір белдеу — бір жол» стратегиясының белсенді қатысушысы. Келіссөздер барысында Түркістан облысының басшысы екі ел жетекшілері Қасым-Жомарт Тоқаев пен Си Цзиньпин арасындағы жоғары деңгейдегі сенім мен тығыз ынтымақтастық өңірлік тұрақтылықтың маңызды тірегіне айналғанын атап өтіп, қытайлық іскер топтарды Түркістан аумағында бірлескен жобаларды, соның ішінде автожол салу және заманауи логистикалық орталық құру бастамаларын жүзеге асыруға шақырды. Өз кезегінде қытайлық тарап бұл ұсыныстарға үлкен қызығушылық танытып, ұзақ мерзімді серіктестікке дайын екендіктерін білдірді.
Бүгінде Қытай мемлекеті Қазақстан экономикасына инвестиция құюдан алғашқы үштіктің қатарынан нық орын алады. Өткен жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы тауар айналымы 48,7 млрд АҚШ долларына жетсе, осы орасан зор көрсеткіште Түркістан облысының үлесі 684,3 млн АҚШ долларын құрады, оның ішінде экспорт үлесі — 102 млн, ал импорт — 582,3 млн долларға тең. Түркістан өңірінде қазіргі таңда 218 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектісі мен 300-ден астам шетелдік капиталдың қатысуымен құрылған кәсіпорындар сәтті жұмыс істеп жатыр. Өңір арқылы өтетін «Батыс Қытай — Батыс Еуропа» халықаралық көлік дәлізі құрлықтық жүк тасымалының күретамыры болса, жылына 3 миллионға дейін жолаушы қабылдай алатын халықаралық әуежай да аймақтың транзиттік әлеуетін еселей түсуде. Инвесторлар үшін облыста 21 индустриялық аймақ пен жеңілдіктері бар шағын өнеркәсіптік парктер құрылған, сондай-ақ «TURKISTAN» арнайы экономикалық аймағы аясында 35 басым бағыт бойынша резиденттерге салықтық және кедендік ерекше жеңілдіктер қарастырылған.
Табиғи-климаттық жағдайы жағынан Қазақстанның ең ірі аграрлық өлкесі саналатын Түркістан облысы мен Қытайдың инновациялық ауыл шаруашылығының орталығы Юньнань провинциясының әріптестігі — өңірдегі жылыжай технологияларын, азық-түлік өндірісін, гүл шаруашылығы мен экспортты жаңа белеске көтермек. Екі тарап нақты инвестициялық жобаларды бірлесе пысықтауға уағдаласып, өңірлік экономикалық интеграцияны тереңдетуге уағдаласты. Осылайша, Түркістан облысы халықаралық байланыстарын бекемдей отырып, озық технологияларды тарту мен жасыл экономиканы дамыту бағытындағы жүйелі жұмыстарын сәтті жалғастыруда.