ТҮРКІСТАН МЕН ТАШКЕНТ – БАУЫРЛАС ӨҢІРЛЕР

Ынтымағы жарасқан, іргесі сөгілмеген бауырлас халықтардың достығы қашан да жаңа белестерді бағындыруға жол ашады. Тарихтың қатпарлы парақтарында тамыры бірге өріліп, мәдениеті мен дәстүрі егіз қозыдай ұқсас келген қазақ пен өзбек халқы бүгінде тек рухани ғана емес, экономикалық тұрғыдан да стратегиялық шешімдердің көшін ілгерілетіп келеді. Осы орайда, Мемлекет басшысының өңіраралық қатынастарды нығайту жөніндегі сындарлы тапсырмасы Түркістан топырағында жаңа серпінмен көрініс тапты. Қос елдің экономикалық күретамырына айналған Түркістан мен Ташкент облыстары арасындағы бауырластық меморандумның жасалуы – шекаралас аумақтардың даму тарихындағы елеулі белес.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров пен Ташкент облысының әкімі Зойир Мирзаев қол қойған бұл тарихи құжат сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық байланыстардың көкжиегін кеңейтіп, ортақ инвестициялық жобалардың тамырына қан жүгіртпек. Түркістан мен Ташкент – өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығының, туризм мен логистиканың алтын діңгегіне айналған, әлеуеті зор стратегиялық аймақтар. Екі өңір басшыларының кәсіпкерлікке қолайлы климат қалыптастырып, кооперацияны тереңдетуге басымдық беруі – уақыт талабынан туындаған көреген қадам. Бұл келісімдер шекараның екі бетіндегі ағайынға жаңа жұмыс орындарын тауып беріп, өзара инвестицияның еселеп артуына зор ықпал етеді.
«Шекарасыз ынтымақтастық» атты бизнес-форум аясында екі елдің 200-ге жуық іскер азаматтары бас қосып, мемлекет тарапынан бес, ал бизнес өкілдері арасында алты маңызды меморандум бекітілді. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров бұл форумның қос халық үшін мәні зор екенін айта келе, Президенттің «Біз бауырлас елміз, бірге дамуымыз керек» деген қанатты сөзін тілге тиек етті. Шынында да, тарихы да, тағдыры да бір халықтардың білім мен мәдениетте, туризм мен жастар саясатында үзеңгі қағыстыра алға ұмтылуы – ортақ болашақтың берік кепілі. Бұл достық дәнекерін тек облыс орталықтары ғана емес, Түркістан өңірінің Жетісай, Қазығұрт, Сауран және Сарыағаш секілді шекаралас аудандарының әкімдері де іліп әкетіп, Ташкент облысының аудандарымен бауырластық уағдаластықтарын бекітті.
Форум аясында өткен G2B форматындағы кездесулер құрғақ уәде емес, нақты істің тетігіне айналды. Соның нәтижесінде жалпы құны 19,3 миллион АҚШ долларын құрайтын ірі келісімшарттарға қол жеткізілді. Ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіпті серік еткен кәсіпорындар нарықтың сұранысына сай нақты жобаларды қолға алуда. Мәселен, «Қазкрахмал» серіктестігі өзбекстандық «Right to Win» компаниясымен 5 миллион долларлық келісім жасасып, жүгеріні терең өңдеу арқылы алынатын крахмал мен сірне өнімдерін көрші елдің нарығына экспорттауға жол ашты. Ал балық шаруашылығын дөңгелеткен «СПК Хамит» кәсіпорны «Bekbrend» компаниясымен ширек миллион доллардың шартын жасасып, жыл сайын Өзбекстаннан тауарлы балық пен балық шабақтарын тасымалдауды жоспарлап отыр. Ет өнімдерінің сапасын арттыруды көздеген «Мясные продукция Туркестан» компаниясы да «Xolima Shuhratu» серіктестігімен 1 миллион доллардың келісіміне қол қойып, Сауран ауданында заманауи сервистік мал сою бекеті мен ет өңдейтін цехтың бой көтеруіне негіз қалады.
Өнеркәсіп пен химия саласындағы серпіліс те көңіл қуантады. Қазығұрт ауданының әкімдігі «Imperial Nova Chemical» компаниясымен бірлесіп, өңірде құны 5 миллион доллар болатын минералды тыңайтқыштар шығаратын зауыт салуға уағдаласты. Бұл жоба отандық диқандарды сапалы өніммен қамтамасыз етуге септігін тигізбек. Осы ауданда бой көтеретін тағы бір алпауыт жоба – «Imputus Nova Chemicals» және «СП ООО Zhongtian Chemical» компанияларының бірлескен 8 миллион долларлық бастамасы. Бұл зауыт қазба байлықтарды өңдеуге қажетті химиялық өнімдерді шығарумен айналысады.
Халқының саны 3 миллионнан асатын, металлургиясы мен машина жасауы, химиясы мен құрылысы қатар дамыған Ташкент облысымен серіктес болу – Түркістан өңірі үшін үлкен мүмкіндіктер көзі. Бұл бизнес-форум екі елдің экономикалық әлеуетін ұштастырып қана қоймай, Орталық Азиядағы интеграциялық процестердің жаңа үлгісін көрсетті. Екі жақтың ортақ мүддеге негізделген бұл қадамы алдағы уақытта шекараның қос тарапында да игілікті істердің бастауы болып, бауырластық туын биікке желбіретері сөзсіз.




