30-ҒА ЖУЫҚ КӘСІПОРЫН ӨҢІРДІҢ ӨНДІРІСТІК ӘЛЕУЕТІН ТАНЫСТЫРДЫ

Арқа төсіндегі Астана аспаны тағы бір мәрте ұлттық өндірістің үнімен жаңғырып, отандық кәсіпкерліктің қуаты мен әлеуетін паш еткен айтулы шараның куәсі болды. Елорда төріндегі еңселі EXPO халықаралық көрме орталығында еліміздің экономикалық тамырына қан жүгіртіп отырған отандық өндірушілердің IX жыл сайынғы «Ulttyq Ónim – 2026» көрмесі салтанатты жағдайда шымылдығын түрді. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының мұрындық болуымен ұйымдастырылған бұл жиын биыл өзінің ауқымы мен мазмұны жағынан өткізілу тарихындағы ең ірі, ең еңселі көрме ретінде есте қалды.
Ұлттық брендті ұлықтаған бұл алқалы жиынға байтақ еліміздің барлық өңірлерінен ағылған 600-ден астам шағын және орта бизнес субъектісі қатысып, өздерінің маңдай тер, қыруар еңбегінің жемісін көпшілік назарына ұсынды. Көрменің ашылу салтанатына Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары-Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин арнайы қатысып, Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің ақжарма тілегі мен құттықтау хатын жеткізді. Осынау мәртебелі хатта Мемлекет басшысының шағын және орта бизнесті өркендетуге, оның аяғынан тік тұрып кетуіне ерекше назар аударып отырғаны және кәсіпкерлікті қолдау бағытындағы мемлекеттік қамқорлық шараларының ешқашан толастамай, жүйелі түрде жалғаса беретіндігі нық айтылды.
Осынау ұлттық өнімдердің шеруінде оңтүстіктің берекелі де шежірелі өлкесі – Түркістан облысының шоқтығы биік көрінді. Қасиетті Түркістан топырағынан ат арытып жеткен 25 жетекші кәсіпорын көрме аясында өңірдің өндірістік мүмкіндіктері мен экспорттық әлеуетін айқара ашып, отандық өнімдердің сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін жоғары деңгейде көрсетті. Бұл кәсіпорындар тек өз аймағын ғана емес, тұтас ел нарығын сапалы өніммен қамтамасыз етуге қауқарлы екенін іс жүзінде дәлелдеді. Сауда сөрелері мен көрме павильондарында Түркістан облысының азық-түлік өндірісі саласындағы табиғи шырындары, сүт және шұжық өнімдері, шөл қандырар газдалған сусындары мен тіл үйірер балмұздақтары келушілердің ықыласына бөленді. Мұнымен қоса, өңірдің ауыр өнеркәсіп пен құрылыс саласындағы серпінін көрсететін сапалы құрылыс материалдары, заманауи кабель өнімдері, берік металл конструкциялары, күрделі химиялық өнімдер мен еңбек қауіпсіздігіне арналған арнайы жұмыс киімдері де осы көрмеден лайықты орнын алды.
Көрменің көркін қыздырып, тұтынушылардың жоғары бағасына ие болған нақты кәсіпорындардың өнімдеріне тоқталсақ, бұл қатарда «DALA-FRUIT.KZ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің табиғи алма шырындары мен «AYKAN» серіктестігінің дәмді де сапалы «Эмир» ірімшігі ерекше көз тартты. Сондай-ақ ет өңдеу өнеркәсібін жаңа деңгейге көтерген «ҚАРҚЫН-2030» кәсіпорнының шұжықтары мен ет өнімдері, жұмысшылардың қауіпсіздігін басты орынға қойған «Шораев» жеке кәсіпкерлігінің арнайы қорғаныш аяқ киімдері, оңтүстіктің ақ алтынын ұлықтаған «Нұр-Агро 73» серіктестігінің мақта өнімдері келушілер тарапынан жоғары сұранысқа ие болды. Сонымен қатар жастардың сүйікті сусынына айналған RC Cola өнімін шығаратын «BEIBARS BOTTLERS» компаниясы, балалық шақтың дәмін еске салатын «Ленгерское» балмұздағын өндіруші «Балмуздак» кәсіпорны, өндіріске қажетті скотч пен стрейч-пленка өнімдерін жолға қойған «QazEcoPack» серіктестігі өз жетістіктерін паш етті. Құрылыс пен жол саласына ауадай қажетті битум өнімдерін шығаратын «QAZAQ BITUM Processing» компаниясы, энергетика саласының өзегі саналатын «Trans Cable» кәсіпорнының кабельдері және үй мен кеңсенің сәнін келтіретін «Quraq Group» серіктестігінің жұмсақ жиһаздары Түркістан өңірінің жан-жақты дамып келе жатқан көпсалалы экономикасының айқын айғағы болды.
Бүгінгі таңда Түркістан облысында өндіріс саласын өркендету, сырттан келетін импортты азайтып, отандық өніммен алмастыру, жергілікті халық үшін жаңа жұмыс орындарын ашу және еліміздің экспорттық қуатын арттыру бағытында өте жүйелі әрі ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Осы тұрғыдан алғанда, «ULTTYQ ÓNIM – 2026» көрмесі өңір кәсіпкерлері үшін тек өз өнімін көрсетіп қана қоятын орын емес, сонымен бірге жаңа серіктестер табуға, өнім өткізу нарығының географиясын кеңейтуге және тың инвестициялық мүмкіндіктерді тартуға жол ашатын таптырмас алтын көпір қызметін атқарды.
Көрменің мазмұны тек сауда-саттықпен ғана шектелмей, оның іскерлік және білім беру бағыты да өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Көрме аясында заманауи трендтерді талқылаған мазмұнды панельдік сессиялар, кәсіпкерлердің өзара байланысын нығайтқан нетворкинг алаңдары, тәжірибе алмасу шаралары және ірі келісімшарттарға жол ашқан B2B-кездесулер тұрақты түрде өткізіліп тұрды. Кәсібін жаңа бастаған жандар мен бизнесін дөңгелетіп отырған тәжірибелі мамандар үшін франчайзинг құпиялары, білікті команда қалыптастыру өнері, күрделі салық салу жүйесі және бүгінгі күннің басты талабы болып табылатын бизнесте жасанды интеллектіні тиімді пайдалану тақырыптарында жоғары деңгейдегі тегін шеберлік сабақтары ұйымдастырылды. Осының арқасында қатысушылар заман ағымына сай жаңа біліммен сусындап қайтты. Бұл ауқымды шара тек іскерлік ортаны ғана емес, сонымен бірге елорда тұрғындары мен қонақтарын да ерекше қуанышқа бөледі. Келушілердің көңіл-күйін көтеру мақсатында елімізге танымал әртістер мен танымал блогерлердің қатысуымен тартымды концерттік бағдарлама ұсынылды. Сонымен қатар үздік өнімді анықтайтын «Халық таңдауы» онлайн-байқауы ұйымдастырылып, жиналған қауым арасында арнайы бағалы сыйлықтар ұтысы ойнатылды. Мұның өзі көрменің халықтық сипат алып, үлкен мерекеге айналуына септігін тигізді.
Айта кету керек, «Ulttyq Ónim» көрмесі – бүгінде мемлекеттік қолдаудың игілігін көрген, «Даму» қорының демеуін сезінген қазақстандық компаниялардың тауарлары мен қызметтерін кеңінен таныстыруға және оларды ішкі-сыртқы нарықтарда ілгерілетуге бағытталған еліміздегі ең ірі әрі беделді көрме алаңдарының біріне айналды. Мұнда азық-түліктен бастап құрылыс материалдарына дейін, химия өнеркәсібінен машина жасау саласына дейін, сондай-ақ медициналық бұйымдар, сәнді жиһаздар, арнайы киімдер мен сапалы қаптама өнімдері толықтай қамтылып ұсынылды. Көрменің осыншалықты табысты болуының артында мемлекеттің жүйелі қолдауы тұрғаны анық. Бір ғана өткен 2025 жылдың өзінде Үкімет тарапынан «Даму» қоры арқылы отандық бизнесті дамытуға 560 миллиард теңгеден астам қыруар қаржы бөлінген болатын. Осынау ауқымды қолдаудың нәтижесінде жалпы несие көлемі 2,2 триллион теңгені құрайтын шамамен 13 мыңға жуық маңызды жобаға тікелей қаржылай көмек көрсетілді. Мемлекет тарапынан дер кезінде қабылданған осы шаралардың арқасында елімізде 14 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылып, бұрыннан бар 143 мыңнан астам жұмыс орны сақталып қалды. Бұл жүздеген мың отбасының әл-ауқатының тұрақтылығын білдіреді. Сонымен қатар мемлекеттік қолдауға ие болған отандық кәсіпорындар тарапынан еліміздің экономикалық қоржынына 27,7 триллион теңгенің сапалы өнімі өндіріліп, мемлекет бюджетіне шамамен 2 триллион теңге көлемінде салық түсімдері құйылды. Осылайша, елорда төрінде өткен бұл көрме мемлекет пен бизнестің бірлескен сындарлы серіктестігінің, отандық өндірістің жарқын болашағы мен еліміздің экономикалық егемендігінің айқын көрінісіне айналды.




