ЗАМАНАУИ АКВАПАРК КЕШЕНІНІҢ ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛДЫ

Түркістан – соңғы жылдары тек рухани астана ретінде емес, сонымен қатар заманауи сәулет өнері мен туризмнің жаңа трендтері тоғысқан алып құрылыс алаңына айналған берекелі өңір. Күн санап көркейіп, ай сайын ажары кіріп жатқан киелі шаһарда жуырда тағы бір ауқымды да ақжолтай жобаның тұсауы кесілді. Өңірдегі туризм саласын жаңа белеске көтеріп, елдің де, шетелдік меймандардың да демалыс мәдениетін мүлдем бөлек арнаға бұратын заманауи аквапарк кешенінің құрылысы ресми түрде бастау алды.
Бұл қуанышты жаңалық – Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров пен шетелдік ірі инвесторлар арасындағы сындарлы келіссөздер мен жүйелі жұмыстардың заңды әрі жемісті нәтижесі. Аймақ басшысының шетелдік капиталды тартуға және оны тиімді бағыттауға деген серпінді қадамдары бүгінде іс жүзінде көрініс тауып, Түркістан топырағында жаңа нысанның қазығын қақтырды. Көне мен жаңа үйлесім тапқан Түркістан қаласында бой көтеретін бұл демалыс кешенінің ауқымы айтса айтқандай-ақ, жалпы аумағы 120 мың шаршы метрден асатын ұлан-ғайыр аумақты алып жатыр. Инвесторлардың жоспары бойынша, бұл жер жай ғана су айдыны емес, тұтас бір демалыс қалашығына айналмақ. Жоба аясында ең соңғы үлгідегі су аттракциондары бар алып аквапарк аймағы, табиғат аясындағы демалысты жаны сүйетіндерге арналған жайлы кемпинг форматындағы қонақ үй, заманауи қабылдау орталығы мен зәулім банкет залы бой көтереді. Бұл нысан ең алдымен отбасылық демалысты дамытуға, ата-ана мен баланың бірге уақыт өткізіп, көңіл көтеруіне бағытталған. Сонымен қатар, аймақтың туристік тартымдылығын еселеп, Түркістанға келетін саяхатшылардың сапар мерзімін ұзартуға тікелей ықпал ететіні сөзсіз.
Болашақ аквапарктың ең басты, тіпті Орталық Азияда сирек кездесетін ерекшелігі – оның жыл мезгілінің кез келген жайсыз жағдайына, ауа райының өзгерісіне бейімделетін әмбебап инфрақұрылымында жатыр. Оңтүстіктің аптап ыстығы шыжғыратын жаз айларында бұл аумақ салқын суымен жаныңды жадырататын, толқынды айдынымен баурайтын су айдыны ретінде қызмет көрсетсе, қыс түскенде мүлдем басқа кейіпке енеді. Қыс мезгілінде дәл осы су айдынының орны жылдамдық пен адреналинді жаны сүйетін жандар үшін заманауи картинг алаңына айналады деп күтілуде. Осылайша, жазда жұмыс істеп, қыста құлып тұратын маусымдық нысандардың қатарынан болмай, жыл бойы үзіліссіз келушілерге есігін айқара ашпақ. Ішіне қадам басқан жанды таңқалдыратын биік сырғанақтар, адамның қиялын тербейтін торнадо үлгісіндегі аттракциондар, балалардың ертегілер әлеміне саяхат жасауына мүмкіндік беретін ерекше аква-қамал, көздің жауын алатын кемпірқосақ сырғанағы және кішкентай бүлдіршіндерге арналған интерактивті ойын аймақтары осы кешеннің сәнін келтірмек.
Әрине, кез келген зәулім құрылыстың артында ел игілігі мен әлеуметтік жағдай тұрады. Жаңа туристік кешеннің іргетасының қалануы Түркістан өңірінің экономикасына үлкен серпін беріп, жергілікті халық үшін жаңа жұмыс орындарының ашылуына кең жол ашады. Құрылыс барысында да, нысан іске қосылғаннан кейін де жүздеген жергілікті тұрғын тұрақты табыс көзімен қамтылмақ. Бұл алып нысан тек қасиетті Түркістан өңірімен шектеліп қалмай, еліміздің түкпір-түкпірінен келетін отандастарымыз бен алыс-жақын шетелден ағылатын туристер үшін таптырмас, қолайлы да жайлы демалыс орнына айналары анық.
Бұл ретте Түркістан облысының инвестиция тарту бағытында атқарып жатқан жүйелі жұмыстарын айтпай кетуге болмайды. Өңірде қалыптасқан қолайлы инвестициялық климат, инвесторларға көрсетілген шынайы қолдау мен жасалған жеңілдіктер осындай ірі жобалардың еш кедергісіз, қарқынды жүзеге асуына берік негіз болып отыр. Облыс басшылығының сыртқы капиталды тартудағы көреген саясаты Түркістанды тек рухани қала ретінде ғана емес, заманауи индустрия мен туризм дамыған, болашағы жарқын, қуатты өңір ретінде тағы бір мәрте дәлелдеп шықты. Түркістан төріндегі бұл жаңа жоба – аймақ берекесінің тағы бір айқын айғағы.




