ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ТҰРАҚТЫ ДАМУ КӨРСЕТКІШТЕРІ БОЙЫНША ОҢ ӨСІМ КӨРСЕТІП КЕЛЕДІ

Берекенің бастауы саналатын оңтүстік өңір бүгінде тек отандық деңгейде ғана емес, жаһандық мінберлерде де өзінің бәсекеге қабілетті екенін дәлелдеп келеді. Қасиетті Түркістан топырағында өткен кезекті жоғары деңгейдегі басқосу осы сөзіміздің айқын айғағы болса керек. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев пен Біріккен Ұлттар Ұйымының даму құқығы мәселелері жөніндегі арнайы баяндамашысы Сурья Деваның арасындағы кездесу өңірдің тек экономикалық емес, сонымен бірге адами капитал мен әлеуметтік әділеттілік бағытындағы кемел келбетін паш етті.
Сұхбат барысында облыс әкімінің орынбасары Түркістан өңірінің қарқынды даму көшіне ілесіп қана қоймай, оны бастап келе жатқанын алға тартып, инфрақұрылымдық және әлеуметтік салалардағы соны серпілістерді жіпке тізді. Аймақтың әлеуметтік-экономикалық тынысын сөз еткен Ертай Алтаев Түркістан өлкесінің Біріккен Ұлттар Ұйымы жариялаған Тұрақты даму мақсаттарына ерекше басымдық беріп отырғанын қадап айтты. Жаһандық дамудың осы бір маңызды индикаторлары өңірдің күнделікті тіршілігімен біте қайнасып кеткен. Ресми мәліметтерге сүйенсек, облыс халқының саны 2 миллион 146 мыңнан асып жығылады. Мұның ішінде ширек бөлігі, яғни 545 мыңнан астамы қалалықтар болса, басым көпшілігі, яғни 1 миллион 600 мыңнан астамы – ауыл тұрғындары. Міне, осы үлкен әлеуметтік топтың, әсіресе ауыл еңбеккерлерінің әл-ауқатын арттыру, оларға экономикалық өсім мен әлеуметтік әділеттіліктің жемісін тең сезіндіру – облыс басшылығы жүргізіп отырған кешенді саясаттың өзегі. Сөзіміз құрғақ болмас үшін айта кетейік, қысқа мерзімді экономикалық өсім көрсеткіші 119,4 пайызды бағындырып, Түркістан облысы республика бойынша екінші орынға табан тіреді. Бұл – аймақ экономикасының тамырына қан жүгіріп, алға қарай нық қадам басқанының бұлтартпас дәлелі.
Әрине, экономикалық табыс қоршаған ортаны қорғаумен, экологиялық тұрақтылықпен ұштаспаса, оның ғұмыры қысқа. Жиында табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану, жасыл технологияларды өндіріс пен тұрмысқа батыл енгізу мәселелері де кеңінен талқыланды. Түркістан – экологиялық мәдениеттің де жаңа ошағына айналуды көздейді. Оның үстіне, көші-қон мен интеграция үдерістері, азаматтардың құқықтары мен мүмкіндіктерінің теңдігін қамтамасыз ету, қоғамдағы әлеуметтік үйлесімділікті бекемдеу жұмыстары да бір сәтке де назардан тыс қалған емес. Бұл тұрғыда БҰҰ өкілі өңірдегі жүйелі істерге оң бағасын берді.
Әңгіменің тағы бір арқауы – гендерлік теңдік пен нәзік жандылардың қоғамдағы салмағы. Демографиялық алтын діңгек саналатын оңтүстікте 400 мыңнан астам отбасы түтін түтетіп отырса, солардың ішіндегі көпбалалы, алтын құрсақты батыр аналар — дәл осы Түркістан облысының мақтанышы. Бүгінде облыстағы 5611 мемлекеттік қызметшінің 28 пайыздан астамы, яғни 1572-сі – қыз-келіншектер. Олардың ішінде 233 әйел заты жауапты басшылық лауазымдарды абыроймен атқарып, ел басқару ісіне белсене араласуда. Бұл көрсеткіш жыл санап өсіп келеді және ол әйелдер қауымының интеллектуалдық әлеуеті мен ұйымдастырушылық қабілетіне деген үлкен сенімнің белгісі. Әйел тек мемлекеттік қызметте ғана емес, нарықтың да нағыз қозғаушы күшіне айналды. Бүгінде облыс көлеміндегі 210 мыңнан астам кәсіпкердің 91 мыңнан астамы – іскер әйелдер. Статистиканың тілімен сөйлесек, шағын және орта кәсіпкерліктің 43 пайыздан астамында нәзік жандылар басшылық тізгінін ұстап отыр. Демек оңтүстіктің берекелі бизнесінің артында ананың аялы алақаны мен қырағы жанары тұр десек, еш қателеспейміз. Кездесуде азаматтық қоғамды қолдау, отбасы құндылықтарын берік сақтау және әйелдердің қоғамдағы рөлін арттыруға бағытталған соны бастамалардың кеңінен сөз болуы да сондықтан.
Жиын соңында Ертай Кенжебекұлы БҰҰ арнайы баяндамашысы Сурья Деваның халықаралық тәжірибесі мен сараптамалық көзқарасы Түркістан облысы үшін өте маңызды екенін жеткізді. Мұндай еркін пікір алмасулар аймақтың даму стратегиясын одан ары жетілдіруге және ең озық халықаралық стандарттарды жергілікті жерде сәтті қолдануға зор серпін бермек. Келіссөз қорытындысында тараптар тек жылы қоштасып қана қоймай, екіжақты ынтымақтастықтың көкжиегін кеңейтіп, тәжірибе алмасуды тұрақты жалғастыруға уағдаласты. Осылайша, Түркістанның тұрақты дамуға бет алған кемел көші халықаралық деңгейде тағы бір мәрте мойындалып, ертеңге деген сенімді нықтай түсті.




